Тамақтан улану: Бейнеудегі фастфуд орталығының иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылады

26 Ақпан, 19:17 862

Бейнеу ауданындағы адамдар астан уланған фастфуд орталығының басшысы қылмыстық жауапкершілік бойынша бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Облыстық ПД тергеу басқармасының бөлім бастығы Айболат Мырзашев улану оқиғасы бойынша жауаптылар бас бостандығынан айрылуы мүмкін деп отыр. 

Бейнеудегі «Али-Ман» фаст-фуд орталығындағы жаппай уланудан кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық кодекстің 304 бабының 1 бөлігі бойынша іс тіркелді. Яғни, санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормантивтерді бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сонымен қатар, оқиға орнын тексеру жүргізілді. Асханадағы тамақтың құрамы зертханаға жіберілді. Қылмыстық іс шеңберінде жәбірленушілердің денсаулығына байланысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып отыр. Сараптама қорытындысынан кейін процессуалды шешім қабылданатын болады. Аталған бап бойынша айыппұл салынады немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Айболат Мырзашев.  

Қазір аталған оқиғаға байланысты тергеу амалдары басталып, қоғамдық тамақтану орталығы төрт күннен бері жабылған. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева уланған адамдар 21 ақпаннан бастап жедел жәрдем көмегіне жүгінгенін мәлімдеді. 

Бейнеу аудандық ауруханасына 22 ақпанда астан уланған науқастар түсе бастады. Оларды тексеру кезінде 19 ақпан күні аудан орталығында «Али-Ман» кафесінен суши, пицца секілді фасфуд тағамдарын жегені белгілі болды. Науқастарда 20 ақпаннан бастап жағдайы нашарлап, дене қызуы 39 градусқа дейні көтерілуі және іштің өтуі байқалды. Жалпы, астан уланған жедел жәрдем қызметін шақырғаннан кейін аудандық көп бейінді ауруханаға қарала бастаған. 22 ақпан күні полицияның араласуынен аталған кафе жабылды. Статистика бойынша 21 ақпан күні 9 адам дәрігерге қаралса, 2-і аурухана жатқызылды. 22 ақпан күні 12 адам қаралды. Ал ақпанның 23 күні қаралғандар саны 13 адам болса, 8-і аурухана жатқызылды. Ал сенбі күні 1 адам қаралған. Қазіргі уақытта қаралған адамдар саны 37 адам. Оның 27-сі стационарлық ем қабылдап жатыр. Он адам амбулаториялық бақылауда. 7 адамның жағдайы орташа ауырлықта. 20-сы қалыпты жағдайда, - деді Бибізада Әшімқызы. 

Айта кетін жайт, уланған науқастар арасында 8 бала , 2 жүкті әйел және таяуда босанған бір келіншек бары белгілі болып отыр. Бүгінде Бейнеу аудандық көпбейінді орталық ауруханасында жатқан тұрғындардың жағдайы тұрақты бақылауда.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: