Қазақстанда «Тальго» вагондарының өндірісі тоқтатылады. Олардың орнына заманауи Stadler пойыздары шығарылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алғашқы жаңа вагондар жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде: олар кеңірек, ыңғайлырақ әрі кондиционер және жылыту жүйесімен жабдықталады. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, соңғы «Тальго» вагондары 2022 жылы шығарылған. Қызмет ету мерзімі 40 жылға есептелгендіктен, олар әлі де көп жыл бойы жолаушыларды тасымалдауды жалғастыра береді.
«ҚТЖ» паркінде бүгінде шамамен 700 «Тальго» бар, олар әртүрлі бағытта қатынауда. Алайда енді жаңалары шығарылмайды – зауыт Stadler пойыздарын өндіруге қайта бейімделеді, – деді Нұрлан Сауранбаев.
«ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Рахымжановтың нақтылауынша, қазіргі «Тальго» вагондарының бір бөлігі кемінде тағы 15-30 жыл қызмет етеді. Ал 2003 жылы шыққан ең ескі вагондар қазірдің өзінде пайдаланудан шығарылған. Олардың орнына Қазақстан 557 Stadler вагонын сатып алмақ.
Швейцариялық компанияның пойыздары кеңірек әрі қолайлырақ болмақ.
Қазақстандықтар жиі жүкпен жүреді – ет, қымыз, туыстарына арналған сый-сияпат апарады. Тар тальгода бұл қолайлы емес. Ал Stadler ресейлік вагондардың өлшеміне жақын, сондықтан онда кеңістік көбірек, – деді министр.
Ол «тальго» вагондары арнайы Алматы мен Астана арасындағы жылдам бағыттарға алынғанын еске салды. Олардың аспалы жүйесі пойызға сағатына 160 км-ге дейін жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Алайда жүк пойыздарымен қатар жүру себебінен жол уақыты іс жүзінде 18-21 сағатқа дейін созылған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа Stadler пойыздары да жылдамдық жағынан кем түспейді. Орташа жылдамдық 100 км/сағат деңгейінде сақталады, сондықтан жол уақыты ұзармайды. Алғашқы жеткізілімдер осы жылдың соңына қарай күтіледі.
Жаңа вагондардың тағы бір ерекшелігі – жылыту және кондиционер жүйесі. Бұрын ескі құрамдарда жолсеріктер көмір жағып жылытатын. Енді жолаушылардың жайлылығына орнатылған дизель-генератор жауап береді: ол әрі жылу береді, әрі электр қуатымен қамтамасыз етеді.