Талғардағы атышулы қылмыс: Депутат құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды

9 Қазан, 17:53 665

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстардың деңгейі өте қатты төмендеп кеткенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер депутаттан Талғардағы атышулы қылмысқа қатыс тергеудің ашықтығы мен құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты пікірін сұрады.

Қолданыстағы Қылмыстық-процесстік кодексте тергеудің құпиялылығын қамтамасыз ету деген 201-бап бар. Бұл өзі моральдық тұрғыдан ескі норма. КСРО кезінде құқық қорғау органдарында билік күшті болды ғой, НКВД бар дегендей. Мысалы, шетелде кез келген осындай қоғамдық резонанс тудырған істер бойынша сол сәттен бастап қоғамның алдында есеп береді. Қалай болып жатыр, кімді қамады, қамамады дегендей. Осы мәселеде кішкене ашықтық керек. Қазір Мәжіліс қабырғасында 201-бапты қайтадан қарау туралы нормалар да қаралып жатыр. Кейбір құпиялылық грифі сақталатын істер бар, оған дау жоқ. Мысалы, ұлттық қауіпсіздікке, кәмелетке толмаған балаларға, отбасылық құпияны сақтауға қатысты. Бірақ соның нақты шегін белгілеу қажет деп ойлаймын. Бізде қазір кез келген тергеуші, учаскелік полиция инспекторы ауылда тауық ұрланса да, тергеудің құпиясы дейді де, жауап беруден бас тартады. Былай қарасақ, ауылдың бәрі тауықты кім, қашан ұрлағанын біліп отырады. Осы мәселені қайта қарастыру қажет, - деді мәжілісмен.

Абзал Құспан құқық қорғау органдары мейлінше қоғамға ашық болу керек екеніне тоқталды.

Бізде көп айтылмайтын мәселе бар. Қылмыстың алдын алу, яғни профилактика. Біз қанша жерден жақтырмасақ та, кеңес өкіметі кезінде профилактика мәселесі жақсы қаралды. Сол кезеңдегі қоғамдық құрылысқа байланысты барлық мекеме жұмыс істеп тұрды, ұжымдармен жұмыс жасалды. Қазірдің өзінде бюджеттік мекемелер, мектептер, колледждер, университеттер бар. Құқық қорғау органдары осындай жерлерде қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстарды белсенді жүргізуі қажет. Бірақ қазіргі таңда осы бойынша жұмыстардың деңгейі өте қатты төмендеп кетті. Мектеп пен оқу орындарында, бюджеттік мекемелерде бала тәрбиесіне қатысты, құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты мәселелер кеңінен талқылануы керек, - деді ол.

Бұған дейін, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да Талғардағы атышулы қылмысқа қатысты айтып, бас прокурор мен премьер-министрге сауал жолдады.

Миражан Махан
Бөлісу: