Талғардағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде «Өндіріс пен білім болашаққа бірге қадам» атты форум-кездесу өтті. Іс-шараға өңірдегі жұмыс берушілер мен колледж өкілдері қатысып, еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлау мәселесін бірге талқылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Форумның негізгі мақсаты – оқу процесін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру, студенттердің кәсіби дағдыларын арттыру және колледж бен кәсіпорындар арасындағы тұрақты әріптестікті дамыту. Бұл бастама білім беру мазмұнын практикалық тәжірибемен толықтырып, болашақ мамандардың өндірістік ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инновациялық технологияларды оқу үдерісіне енгізу арқылы білім сапасын арттыру көзделген.
Форум барысында маңызды оқиғалардың бірі – колледж бен жұмыс берушілер арасындағы екі жақты ынтымақтастық келісімшартына қол қою рәсімі болды. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бозымбекова жұмыс беруші мекемелермен жаңа келісімдер бекітіп, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, шеберлік сабақтарына қатысуына және жұмысқа орналасуына кең жол ашты.
Құжаттар аясында өндірістік тәжірибе, бірлескен жобалар, кәсіби шеберлік сағаттары, дуалды оқыту және түлектерді жұмысқа орналастыру бағыттары қарастырылған.
Форумға сондай-ақ Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Талғар ауданы филиалының директоры Айдос Қалжанов, Талғар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аманжол Нұрман және тағы да басқа қызығушылық білдірген тұлғалар қатысты.
Мұндай бастамалар аймақтағы білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мамандардың кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтереді. Форум екі жақты серіктестікке серпін беріп, еңбек нарығына қажетті кадрларды сапалы даярлауға мүмкіндік бермек.