Белгілі стилист Бұлбұл Қалқанбаеваның айтуынша, color-block образ тренд боп жатыр. Базалық гардеробты меңгеріп алғандарға бұл майдай жағады.
«Қауырсын мен шашақ тренді тіпті әдемі. Әсіресе, «қауырсын» шарфты образға бояу қосу мақсатында тренч не футболканың сыртынан іліп кете берсеңіз болады. Қысқа тренч, тон (дубленка) былтырдан бар. Бірақ бойы аласа қыздар сатып аларда ойлануы керек. Себебі бойды одан сайын қысқа қылып көрсетеді. Miumiu 2026 жылғы көрсетілімінде көп образына орамал қосты. Енді жейденің ішінен орамал байласаңыз, сіз де трендке ілесіп шыға келесіз. Шашақ сөмкемен қатар, дорба сөмке де сәнде. Ақ түс те трендтен түспейді. Гүлді принт биыл да сәнде, тек ірі гүлді киім сатып аларда оның көлем қосатынын ескеріңіз», – дейді ол.
Иә, стилист айтқандай, Нью-Йорк, Лондон, Милан мен Париждегі сән көрсетілімі көз жауын алады. Әсіресе, Chanel, Dior, Bottega Veneta, Jil Sander дизайнерлері винтажды заманауи заттармен әдемі үйлестірген. Мысалы, бірнеше қабаттан тұратын комбинациясы көптің назарын аударды. Соған байланысты биыл трендтегі сегіз артықшылықты атап өтеміз:
2026 жылдың көктемі – нағыз жарқырайтын кезең. Loewe, Dior, Fendi мен Gucci қызылды - жасылмен, сарыны көк түспен үйлестіруді ұсынады. Электр-көк пен қып-қызыл түсті де гардеробқа қосып қойыңыз.
Егер түсі ашық киім сатып алудан қорықсаңыз, стилистер мынадай кеңес береді. Мысалы, ақпан айында түсі ашық бір зат сатып алыңыз. Айталық, лимон түсті жемпір, не фуксия түсті кеудеше, болмаса түрлі-түсті шарф пен сөмке алып көріңіз. Ашық түсті кеудешенің астына нейтрал түсті шалбар кисеңіз болады. Сонда баланс сақталады.
Негізі, ассимметрия (диагональ қиық, біржеңді кофта, қисық сызық) – әрқашан трендте. Ассиметрия күнделікті образға динамика қосады. Сондықтан көктемде гардеробқа ассимметриясы бар киім қосыңыз.
Биыл ханшайымдар киетіндей кең әрі көлемді белдемше кию сән. Әсіресе, 18 ғасырдағы көйлек моделін еске түсіріңіз. «Тәккаппар ғашықтар» фильміндегі бас кейіпкер де сондай көйлек киген. Қазір сән үйлері сол үлгіге заманауи акцент қосып жатыр. Мәселен, Chanel кәрзеңке пішімді көйлекке қауырсын қосса, Burberry шақпақ (тартан) матадан тіккен. Мұны күнделікті образға қалай үйлестіремін десеңіз: ұзындығы балтырға жететін (миди) белдемше, үстінен oversize-жемпір немесе жакет, аяғыңызға қонышы ұзын етік кисеңіз қатып кетеді. Образды толықтыру үшін көлемді сөмке не аксессуар таңдаңыз.
Иә, капри гардеробқа қайта оралды. Балағы қысқа шалбарды да casual образға қоса аласыз. Мұндай заттар біраз уақыт антитренд тізімде тұрған. Енді қорықпай сатып алсаңыз болады. Балағы қысқа шалбармен бірге ұзын гольфи, жылы нәски киіңіз. Ботильон, лофер аяқ-киім жақсы үйлеседі. Сонда образ заманауи әрі жинақы көрінеді.
Бұл тренд арқылы жылы киініп те сәнді көрінуге болады. Жұқа, түймелі кардиганның астынан ұзын белдемше не джинса шалбар киесіз. Жейде мен көйлектің сыртынан да кардиган ілсеңіз, қатып кетеді. Бұл жерде де түсін таңдап, үйлестіру маңызды. Қазір біраз дүкенде жеңілдік жүріп жатыр. Ыңғайы келсе, тренд кардиганның біреуін қағып алыңыз.
Спорт-шик – күнделікті киім үлгісін түрлендіргісі келетін жанға таптырмайтын нұсқа. Кезінде теннисшілердің поло жейдесі, қысқа белдемшесі талайдың жүрегін жаулағаны бар. Енді заманауи дизайнерлер бұдан да батыл қимылдауға көшкен. Мысалы, Adidas өндіретін спорт киімінің ішінен акценті бар топ, аяғына күміс түсті мюлли киеді. Мұндай батыл образға көз үйретпесеңіз, жеңіл нұсқаны байқап көріңіз. Көйлекпен бірге кросовки киіп, плиссе белдемшенің үстінен бомбер іліңіз.
Биыл Gucci, Versace алтын түсті көйлек пен белдемше, күміс түсті топ пен жакетті үйлестірген. Тіпті кей сән үйі образды түгелдей алтынмен көмкерген. Әрине, күнделікті киінгенде тым жылтырға әуес болмай, қасына нейтрал болмаса база зат қосыңыз. Акценті бар киім киіп үйренбесеңіз, аксессуар тағуға ақырындап бейімделіңіз. Мысалы, алтын не мыс сырға, түрлі-түсті сөмке немесе шынжыр бау көзге бірден түседі.
Егер қалың бас киім киюден шаршасаңыз, палантин шарф тағыңыз. Жай ғана тақпай, байлаудың түрлі тәсілін меңгеріңіз. Сондай-ақ сөмкеге жібек орамал байлауға болады. Оған қоса жейденің ішінен мойын орамал тағу да сәнге енді. Түрлі принті бар жібек орамал байласаңыз әдемі жарасады.
Сонымен биыл көктемде түрлі-түсті, батыл, комфорт пен қуаныш сыйлайтын образ жинақтаңыз. Мұнда да «аз-аздан,үздіксіз» қағидасын ұстанып, жылтырақ зат, акцент, асимметрия қосыңыз.