Талдықорғанда инклюзивті аудиостудия ашылды

4 Наурыз, 23:19 712

Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында зағиптар мен нашар көретіндерге арналған инклюзивті аудиостудия ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жобаны Назарбаев Зияткерлік мектебі мен «A&A: IT-Services & Education» жастар қоғамдық бірлестігі бірігіп қолға алған. Бұл аудиостудияда көз жанары нашар көретін жандар үшін кітаптардың аудионұсқасы жасалып, оқылатын болады. 

Жоба жайында Талдықорған қаласының НЗМ директоры Виктор Сосин қысқаша айтып берді. Оның айтуынша, НЗМ оқушылары түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, үнемі белсенділік танытып келеді. Бұл студия - сондай айтулы жобалардың бірінің жемісі.

Біз «Айналайын» балалар үйімен, нашар еститін балаларға арналған интернатпен және осы жылы «A&A: IT-Services & Education» бірлестігімен  бірге мектепте «Жарық» жобасын ұйымдастырдық. Жоба үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, Брайль шрифтін игеруге көмектесетін зағиптарға арналған арнайы құрылғы жасау. Құрылғы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Біз қазір осы өнертабысқа патент алуға дайындалып жатырмыз. Екінші, аудиокітаптарды мемлекеттік тілде жазу. Біздің мектепте де өз студиямыз бар. Осы уақытқа дейін «Оян қазақ», «Волоколамск тас жолы», «Мотивация», «Бейсен және болмыс» және «Аяжан» кітаптары аудио түрінде жазылған. Үшінші бағыт веб-сайтты әзірлеу. Енді жаңа студияның ашылуына қарай бұл процеске жастарды көптеп тарта аламыз, - деді В.Сосин.

Өз кезегінде «A&A: IT-Services & Education» ҚБ басшысы Қуаныш Қапанов алдағы жоспарлары жайлы айта отырып, қоғамдық бірлестіктің бірнеше бағытта жұмыс істейтінін жеткізді.

Зағиптарға арналған кітапханаларды бейімдеу, кітапхана ісіне оқыту, тифлопедагогтарды даярлау және аудиостудия ашу бағыттарында басымдық береміз. Енді осы студияда кітаптарды аудио форматқа белсенді түрде аударатын боламыз, соның арқасында көру қабілеті нашар адамдар дүниетаным көкжиектерін кеңейте алады, - деп атап өтті Қ.Қапанов.

Зарина Арман
Бөлісу: