Таластық тұрғындар Ақкөл көлінің жағдайына алаңдаулы

31 Мамыр 2023, 16:30 1714

Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғындары Ақкөл көлінің жағдайына жанашырларық танытып, облыстың жауапты органдарынан қалыптасқан мәселелерді шешу жөнінде көмек сұраған. Алайда тиісті органдар тарапынан қайыр болмай отыр. Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында депутат Аманжол Әлтай мәселенің мән-жайын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақкөл көліне түсетін судың көзі – Қырғыз Алатауынан «Терісащыбұлақ» су қоймасына, одан әрі «Билікөл» су тоспасына түсіп, одан кейін «Бөгеткөл» су тоспасына түсіп, сонан соң ғана «Ақкөл» көліне жетеді.

Су кей жылдары болымсыз көлемде түсіп, кей жылдары жетпей де қалады. 1978-1992 жылдары аралығында Ақкөл көлі құрғап кету жағдайы орын алған. Былтыр Ақкөл көліне небәрі 6,0-7,0 млн текше метр ғана (көлдің табанындағы 45,0 млн текше метр, бері шықпайтын «өлі суды» есептемегенде) су жиналып, егіс суғару маусымына жетпей де қалды. Бүгінгі күнге «Ақкөл» көлінде небәрі 14,0-15,0 млн. текше метр ғана пайдаланатын су жиналған. Келіп жатқан су 1,5-2,0 текше метр ғана, - дейді мәжілісмен.

Ақкөл ауылы аумағындағы сыйымдылығы - 264,0 млн текше метр. Депутат Ақкөл көліне су толтыру төмендегідей мақсаттарда жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті:

- «Ақкөл суландыру жүйесін (1653 га.)» сумен қамтамасыз ету;

- Ақкөл тұрғындарының үй іргесіндегі (411 аула) жерін суғару;

- Жалқамыс шабындық алқабына су жаю;

- Экологиялық мақсатта «Ащыкөл»(тұзды жабу), «Домалақкөл» көлдеріне су тастау;

- «Конго-Қырым» қанды безгегі ошақтарын әлсірету мақсатында Үшарал, Сарысу ауданының Түгіскен ауылдары аумағына су тастау;

- Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының күнкөріс көзі - балық аулау кәсібімен айналысып, отбасын асырау үшін өте маңызды зор мәселелер.

Ендігі мәселе, сол «Билікөл» көлінің балығын аулайтын кәсіпкер былтыр қазан айында «Билікөл» көлінен «Ақкөл» көліне су шығатын арнасына өз бетімен арматураланған бетон бөгет салып тастаған, - деп толықтырды Аманжол Әлтай.

Мәжіліс депутаты Бас прокурорға аталған мәселелердің алдын алып, тез арада шешу үшін нақты ұсыныстарын да атап өтті.

Біріншіден, мүдделі органдардың өкілдерінің қатысуымен «Билікөл» көлінен «Ақкөл» көліне су шығатын арнасына өз бетімен салынған арматураланған бетон бөгеттің заңдылығын анықтауға тексеріс ашу. Екіншіден, тексеріс нәтижесі бойынша өз бетімен салынған арматураланған бетон бөгеттің бұзылуын қамтамасыз ету. Үшіншіден, тексеріс нәтижесі бойынша осы іске лоббис топтар немесе лауазымды тұлғалар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдауды қамтамасыз ету керек, - деп түсіндірді мәжілісмен.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: