Талапкер ауылының 11 көше тұрғындары Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Іс-шара күндізгі сағат 11:00-де басталып, ауыл іші бірден мерекелік көңіл күйге бөленді.
Ауыл тұрғындары алаңға киіз үй тігіп, ақ дастарқан жайды. Қазанға наурыз көже пісіріліп, бауырсақ, ет, палау әзірленді. Самаурынға шай қойылып, көпшілік бір-бірімен қауышып, әңгіме-дүкен құрды.
Балалар ойнап, үлкендер ән айтып, би билеп, Наурыздың әсем атмосферасы сезілді.
Мерекенің негізгі бөлігінің бірі – «Супер келіншек» байқауы болды. Сайысқа тәжірибелі келіндермен қатар, жаңа түскен келіндер де қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар ауылда бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған.
Ауыл тұрғыны Алма Мұхамеджанова бұл бастаманың маңызын атап өтті.
5 жыл қатарынан Наурыз мерекесі аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. 11 көше тұрғындары оған белсене атсалысады. Өткен жылы біз «Ене мен келін» деген конкурс өткізсек, биыл «Супер келіншек» байқауын ұйымдастырдық. Әділқазылар алқасына біздің ауылымыздың белге ұстар азаматтарымыз бен азаматшаларын сайладық. Шешім әділ болды деп ойлаймын. Ел-жұртымыз аман болсын. Наурыз мерекесін жылдан жылға тойлай берейік, – деді ол.
Байқауға Гүлнар Рахметова, Жанель Зоркий, Көркем Дәулетбай және Диана Жексенбиева қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде өнер көрсетті.
Гүлнар Рахметова өз қолымен тіккен оюлы жастық пен киімдерін ұсынды.
Жанель Зоркий қызының шашын өріп, ұлттық нақыштағы сән үлгісін көрсетті.
Көркем Дәулетбай «Сырға салу» дәстүрін сахналады. Диана Жексенбиева авторлық өлеңін оқыды.
Үшінші кезеңде келіндер оқтаумен қамыр жайып, шеберліктерін көрсетті. Байқау барысында қатысушыларға енесі мен ауыл тұрғындары қолдау білдіріп отырды.
Байқауға қатысушы Жанель Зоркий де өз әсерімен бөлісті.
Әлімдер әулетінің келінімін. Келін болып түскеніме 10 жыл болды. Үш қызым, бір ұлым бар. Жасым 28-де. Менің бүгінгі сайысқа дайындығым жақсы болды деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барлығымызға бір-бір номинациядан алу бұйырыпты. Көп-көп рахмет!, – деді ол.
Сайыс қорытындысына сәйкес, Көркем Дәулетбай ең жоғары ұпай жинап, «Супер келіншек» атанды.
Гүлнар Рахметова «Көрермен көзайымы», Жанель Зоркий «Ең ақылды келін», Диана Жексенбиева «Ең көрікті келін» номинацияларымен марапатталды. Қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен тұрмыстық бұйымдар табысталды.