Талайға пана болған «Аналар үйі»  

27 Желтоқсан 2016, 11:47 12643

Үміт мекені

Еліміздің беделді кәсіпкерлері біріге отырып ашқан бұл қайырымдылық жоба тағдыр тәлкегіне ұшыраған нәзік жандыларға қол ұшын беру мақсатында ұйымдастырылған. Қоғамдық қордың құрылғанына небәрі үш жыл болғанымен, осы уақыт аралығында ол өзінің әлеуметтік маңыздылығын көрсете білді. Бүгінде Алматы қаласында «Аналар үйінің» төртеуі бар.

Қазақстандағы барлық сәбилер ананың аялы алақанын сезініп, махаббатқа бөленіп өсуі үшін не істеуге болады? «Жетімдер үйінің» саны қайтсек азаяды? Міне осы сұрақтардың жауабын табу мақсатында еліміздегі «BI-Group» холдингінің иесі Айдын Рахымбаев жұбайы екеуі «Аналар үйі» қоғамдық қорын құрады. Бұл әлеуметтік жобаның идеясы қоғамда үлкен резонанс тудырып, көптеген қазақстандық бизнесмендер жобаның меценаты болуға ат салысады.

Қоғамдық қордың басты мақсаты – қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық кеңестен бастап, уақытша баспанамен қамтамасыз етуге дейінгі жан-жақты қолдау көрсету. Сондай-ақ, жалғыз басты аналарға кәсіптік білім беру бағыты да қарастырылған. Әрі тәжірибеден өтіп, жұмыспен қамтылуына да барынша көмек көрсетіледі. Яғни, бұл орталық жүкті немесе нәрестелі әйелдерді өтпелі кезеңнің сынағына шыдап, «көкек ана» атанбауға шақырады. Және сол мақсатта аянбай еңбек етуге дайын.

Статистика бойынша, мұндағы аналардың 50% балаларын құшағына алып қайтадан өз отбасына оралған. Ал қалғаны жаңа кәсіпті меңгеріп, сәбиін асырауүшін жұмыс істеуге кіріскен. Бұл мәліметтерге қарап, сәбиден бас тарту ойы тек бір сәттік әлсіздіктен ғана туындайтынын көруге болады. Асығыс шешім тығырыққа тірейтіні болмаса, ешбір ана өз сәбиінен теріс айналып кетпейді.

Жалпы, Алматыдан бөлек, бүгінде «Аналар үйі» еліміздің 18 қаласында бар. Яғни республика бойынша 24 баспана ашылып жас аналар сәбиімен бірге солжерлерді паналауда. «Аналар үйі» баласы бір жарым жасқа келген кезде яғына тік тұрған жас аналарды үлкен өмірге шығарып салады. Ал оған дейін мұндағылардың барлығы бір отбасыдай болып, күнделікті тіршіліктерімен айналысып, балаларына тәрбие беруде.

Аналар үйіндегі – «Анашым, мені жалғыз қалдырма» деген жазудың өзі қиынтаңдау алдында тұрған әйелдерге ой салады.  2016 жылдың көрсеткіші бойынша, елімізде 1700-ге жуық аналарға көмек көрсетілген. Демек, дәл осынша сәби де жетімдер үйіне аттанбай, анасының қасында қалу бақытына ие болды деген сөз. Осының өзі бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығын көрсетеді.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: