Таксистер күніне қанша ақша табады

14 Желтоқсан 2023, 13:21 1589

Сенат отырысында депутат Жанна Асанова еліміздің автопаркіндегі бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Сенатор автокөлікті лизинг арқылы сатып алуға қолдауды алып тастау такси жүргізушілері мен такси парктеріне мәселе туғызуы мүмкін екеніне тоқталып, Үкіметке сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, таксопарктер 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып жатыр. Автопарктер отандық автомобильдерді субсидиялық пайыздық мөлшерлеме бойынша лизингке сатып алады, содан кейін оларды автокөлікті сатып алу мүмкіндігімен такси жүргізушілеріне жалға береді. Бұл шара такси нарығын өркениетті деңгейге көтеруге, сондай-ақ несие тарихы нашар немесе материалдық жағдайы ауыр жүргізушілерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде такси саласында автопарк қызметкерлерін есептемегенде 213 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Такси жүргізушісінің табысы Қазақстандағы орташа жалақыға сәйкес келеді, ол 2022 жылы 204 мың теңгені құрады. Жүргізушінің күнделікті табысының үлесі сапар құнының 30-50%-ын құрайды. Бір машинаның 20 сағаттық жұмыс кестесінде шамамен 30 000 теңге түсім түседі, жалға алу, амортизация және отын үшін барлық шығыстардан кейін 7 000 теңге таза табыс қалады,- деді Жанна Асанова.

Алайда, сенатор қазір салалық мемлекеттік орган субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырғанын, бұл автокөлікті жалға алу құнының ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде жүргізушілер табысының, тиісінше олардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырады.

Такси жүргізушілер жағдайының нашарлауы жалпы халықтың такси қызметіне қол жеткізуіне теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты, Сізден тиісті министрліктерге мынандай шараларды қарастыруды тапсыруыңызды сұраймын. Атап айтқанда, таксомотор саласына қолдау жасауды сақтау, ал мүмкін болмаған жағдайда – барлық тараптардың мүддесін ескере отырып, субсидиялау шарттарын қайта қарау арқылы балама шешімдер қабылдау; жаңа үлгі енгізілген жағдайда бағдарламаға қатысушыларға жоспарлау, балама шешімдерді іздеу және жаңа жағдайларға бейімделу үшін белгілі бір өтпелі кезең құқығын беру, бұл осы жүргізушілер санатына теріс ықпалын барынша азайтуға мүмкіндік береді, - деді сенатор Асанова.

Миражан Махан
Бөлісу: