Биыл наурыз айында Таиландтың Жоғарғы әкімшілік соты 1972 жылдан бері қолданыста болған Білім министрлігінің мектеп оқушыларының шаш үлгісіне қатысты директивасын күшін жойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аталған құжатқа сәйкес, ұл балалар міндетті түрде қысқа шаш үлгісін, ал қыздар — иек тұсына дейінгі каре кескінін ұстауы тиіс болған. Сондай-ақ шаш бояуға қатаң тыйым салынған. Бұл ережені бұзған оқушылардың шашын мұғалімдер көпшіліктің көзінше мектепте өздері қиып тастайтын.
Сот мұндай қатал ережелер балалардың психикалық денсаулығына зиян келтіреді деген қорытынды жасап, әр мектепке оқушылардың сырт келбеті мен шаш үлгісіне қатысты талаптарды өз бетінше бекітуге рұқсат берді.
Алайда іс жүзінде өзгеріс айтарлықтай байқалмаған. Мәселен, биыл мамыр айында 15 жастағы оқушы жаңа мектебінде шашының ұзындығы «нормадан асып кеткені» үшін тексеруден өтпей қалған. Мұғалім оның шашын сол жерде қиып тастаған.
Ал шілде айында басқа мектепте ұстаздар шашы ұзындау болған 50 қыз баланың шашын қысқартқан. Оқиғадан кейін мектеп әкімшілігі кешірім сұрағанымен, мұндай жағдайлар елдің әсіресе провинциялық аймақтарында жиі қайталанып келеді.
Кейбір мектептерде мұғалімдер тек шаш үлгісін ғана емес, оқушылардың тырнақ ұзындығын да тексереді. Егер біреудің тырнағы «тым ұзын» деп саналса, оған тырнақ кесетін құрал беріліп, сабаққа кіргізілмейді.
Осы оқиғалардан кейін белсенділер мен ата-аналар мектептегі тәртіп ережелерінің авторитарлық сипаты туралы жиі айта бастады.
Билікке бағынышты, тәртіпті азаматтар керек, ал олардың бақытты болуы басты мақсат емес, — дейді «Жаман оқушы» атты оқушылардың құқығын қорғайтын ұйымның негізін қалаушы Лапонпат Вангпайсит.
Таиландтағы мектеп жүйесі жарты ғасырдан кейін ресми түрде либералданғанымен, дәстүрлі тәртіп пен әлеуметтік қысым әлі де күшінде. Билік пен педагогтардың «тәртіп – басты құндылық» ұстанымы елде әлі де үстемдік етіп отыр. Оқушылардың өз бейнесін таңдау еркіндігі — Таиланд қоғамындағы демократия мен адам құқықтарының өлшеміне айналып келеді.