25.07.2025
12:38
2054
Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс: қазақстандық туристер нені білуі керек?

Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыс: қазақстандық туристер нені білуі керек?

2025 жылдың 24 шілдесінде әлем назары Оңтүстік-Шығыс Азияға ауды. Бұған Камбоджа мен Таиланд арасындағы шиеленістің қарулы қақтығысқа ұласуы себеп. Қаза тапқандар бар, бейбіт тұрғындар жаппай эвакуацияланып жатыр, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс үзілді. Ал дау неден басталды? Осыған сарап жасап көрейік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ежелгі шекара мен ғибадатхана дауы

Таиланд пен Камбоджа арасындағы дау бірнеше ғасырға созылған тарихи шиеленіске негізделген. XIX-XX ғасырларда Франция мен Сиам (қазіргі Таиланд) аймақтың шекарасын белгілегенде, Прэахвихеар ғибадатханасы даулы нысанға айналған. XI ғасырда Кхмер империясы салған бұл тарихи ескерткіш екі ел үшін де маңызды мәдени мұра саналады. 1962 жылы БҰҰ-ның Халықаралық соты ғибадатхананы Камбоджа аумағына жатқызды. Таиланд бұл шешімге келіссе де, ғибадатхана маңындағы 4,6 шаршы шақырым жерге қатысты дау әлі жалғасып келеді.

2008 жылы Прэахвихеар ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енген соң Таиландта наразылық күшейіп, алғашқы қарулы қақтығыстар тіркелді. Бұл жанжал 2009, 2011 және 2013 жылдары қайталанып, ондаған адамның өмірін жалмады.

Қақтығыстың қазіргі себебі

2025 жылдың 16 шілдесінде үш тай сарбазы даулы аумақта минаға түсіп, жарылыс салдарынан ауыр жарақаттанды. Таиланд бұл миналарды Камбоджа жаңадан орнатты деп айыптаса, Камбоджа олар азаматтық соғыс кезінен қалғанын айтып, тайландтықтар шекараны заңсыз кесіп өтті деп мәлімдеді.

2025 жылдың 24 шілдесінде шекара маңында атыс болып, онда артиллерия, «Град» жүйесі мен әскери ұшақтар қолданылды. Бұл шабуыл салдарынан Таиландта кем дегенде 11-12 бейбіт тұрғын, соның ішінде бір бала қаза тапты. 40 мың адам қауіпсіз аумақтарға көшірілді.

Саяси ахуал мен ішкі тұрақсыздық

Қақтығысты тек жер дауы емес, әр елдегі ішкі саяси жағдай да ушықтырып отыр. Таиланд премьер-министрі Пэтонгтарн Чинават әскери басшылық пен оппозиция тарапынан қысымға ұшырап, қатаң әрекет етуге мәжбүр. Ал Камбоджа премьері Хун Манет елдегі экономикалық дағдарыспен күресіп жатыр.

Қос елдегі әлеуметтік желілерде мәдени мұраларға қатысты пікірталастар (мысалы, дәстүрлі би мен ғибадатхана кімге тиесілі деген тақырыптар) саяси сипат алып, халық арасындағы наразылықты күшейтуде. Сонымен қатар Изумрудты үшбұрыш аймағындағы табиғи ресурстарға талас та қақтығысты ушықтыра түсуде.

Қазіргі жағдай: соғыс пен дипломатия қатар жүріп жатыр

2025 жылдың 25 шілдесіндегі ахуал бойынша, әскери әрекеттер шекарадағы белгілі бір өңірлермен шектеліп отыр. Атап айтқанда, Таиландтың Сурин, Сисакет, Бурирам және Убонратчатхани провинцияларында, сондай-ақ Камбоджаның Прэахвихеар мен Оддармеантьей аймақтарында шайқастар жалғасуда.

Таиланд өз аумағынан F-16 жойғыш ұшақтарын ұшырып, Камбоджа позицияларына соққы жасады. Камбоджа жауап ретінде Суринде орналасқан аурухананы атқылап, нысанға айтарлықтай зиян келтірді.

Екі ел де өз елшілерін кері шақырып алды. Камбоджа БҰҰ-ға жүгініп, Таиландты «агрессия көрсетті» деп айыптап, халықаралық қауымдастықтың араласуын сұрады. Қытай тарапы татуластыруға дайын екенін білдіргенімен,  тараптардың қазіргі ұстанымын ескерсек, жақын арада бітімге келу ықтималдығы төмен.

Қазақстандық туристерге қауіп бар ма?

Қазақстандықтар үшін Таиланд пен Камбоджаға бару әзірге қауіпсіз, алайда сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Қақтығыс жүріп жатқан аумақтар танымал туристік бағыттардан алыс орналасқан. Мысалы, Пхукет, Краби, Паттайя мен Бангкок (Таиланд), Сиемреап пен Пномпень (Камбоджа) соғыс аумағынан жүздеген шақырым қашықтықта.

Қазақстандық туроператорлардың дерегінше, қазір Таиландта шамамен 10 мың, ал Камбоджада бірнеше жүз отандасымыз демалып жатыр. Екі ел арасындағы құрлық шекарасы жабық, сондықтан Паттайядан Ангкор-Ватқа баратын аралас турлар уақытша тоқтатылды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таиландтың Сурин, Сисакет, Убонратчатхани және Камбоджаның Прэахвихеар аймағынан аулақ болуға кеңес береді. Қазіргі кезде қауіп деңгейі төмен болғанымен, жағдай ушықса немесе әуе кеңістігі жабылса, логистикалық қиындықтар туындауы мүмкін.

Туроператорлар туристерге жаңалықтарды жіті бақылап, ұшақ рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес береді.

Не болады? Қақтығыстың болашағы қандай?

Егер тараптар келіссөзге келмесе, қақтығыс ұзаққа созылуы мүмкін. БҰҰ мен Қытай тарапынан көрсетілетін халықаралық қысым жағдайды жұмсартуға сеп болуы ықтимал. Бірақ ішкі саяси жағдай мен халық арасындағы эмоциялық күй бұл процесті күрделендіріп отыр.

Қазіргі таңда Таиланд пен Камбоджа туристер үшін ашық. Қазақстандықтарға бағыттарын жоспарлау барысында сақтық танытып, ресми ақпарат көздерін бақылауда ұстаған жөн. Бангкоктағы Қазақстан елшілігі штаттық режимде жұмыс істеп, қажет жағдайда көмек көрсетуге дайын.

Бұған дейін бұл қақтығыс неліктен «Жер үшін соғыс» операциясы деп аталғаны туралы жазғанбыз.