2025 жылдың 24 шілдесінде Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекарада әскери қақтығыстар басталып, жағдай күрт ушығып кетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Таңғы сағат 07:30 шамасында (Бангкок уақытымен) Прэахвихеар және Оддар-Миенчей провинциялары маңындағы даулы аймақта қарулы атыстар тіркелді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі жақ та ауыр қару-жарақ қолданған, жарылыстар мен атыс үні бірнеше сағатқа созылған.
Әуе шабуылдары мен әскери әрекеттер
Таиландтың әскери-әуе күштері қақтығыс барысында алғаш рет тікелей араласып, сағат 11:30-да (Бангкок уақытымен) F-16 жойғыш ұшақтарымен Камбоджа аумағындағы әскери позицияларға соққы жасаған. Бұл – осы жанжал барысында әуе күштерінің алғаш рет қолданылуы.
Бұған жауап ретінде Камбоджа тарабы өз аумағындағы қауіпсіздіктің бұзылғанын айтып, әрекетті "арандатусыз басталған басқыншылық" деп бағалады. Елдің Қорғаныс министрлігінің өкілі генерал-лейтенант Мали Сочхеат Камбоджа қарулы күштері тек өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет етуде деп мәлімдеді.
Таиландтың ресми мәлімдемесі және "Жер үшін соғыс" операциясы
Қақтығыстың аясында Таиланд билігі "Жер үшін соғыс" атты арнайы әскери операцияны іске қосты. Операцияны басқару генерал Пана Клэуплодхукке тапсырылды.
Тай билігінің түсіндіруінше, операцияның басты мақсаты — "тай жерін аяққа таптағандарды күйрету. Бұл – жер үшін, халық үшін, Таиландтың абыройы үшін соғыс."
Жанжалдың географиялық негізі
Таиланд пен Камбоджа арасында дау Убонратчатхани (Таиланд) және Прэахвихеар (Камбоджа) провинцияларының арасындағы шекаралық аумаққа қатысты. Бұл аймақта 28 мамыр 2025 жылы да қысқа мерзімді қақтығыс тіркелген болатын. Қазіргі жағдай – сол шиеленістің жалғасы әрі ауқымы кеңейген кезеңі.
Адам шығыны мен зардап шеккендер
Бүгінгі таңда екі тараптан да адам шығыны жайлы ресми мәліметтер жариялануда. CNN және басқа да БАҚ-тардың хабарлауынша, кемінде 8 адам (соның ішінде әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындар) қаза тапқан. Сонымен қатар:
Әскери техниканың қолданылуы
Әскери операция барысында екі жақ та танктерді кең көлемде қолданып, қарсы шабуылдар ұйымдастырған. Тай әскерлері кемінде екі камбоджалық танкті жойғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, артиллериялық соққылар мен снаряд тастау әрекеттері белсенді түрде жүргізілуде.
Шекара маңында екі тарап та позицияларын нығайтып, жанжалдың тоқтар түрі көрінбей отыр. Әзірге тараптар бір-бірін қақтығысты бірінші болып бастағаны үшін айыптауда.
Аймақтық қауіпсіздік пен азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұрған бұл қақтығыс халықаралық деңгейдегі назарды талап етеді. Жағдайдың қалай өрбитіні алдағы күндері белгілі болады.