Тағы бір қалада қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттады

17 Тамыз 2023, 18:06 777

Петропавлда қоғамдық автобуспен жол жүру ақысы тариф карточкамен есеп айырысқан жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, бүгін қалалық мәслихат депутаттары кезектен тыс өткен 7-ші сессияда қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифтерін бекітті.

Тарифті көтеру жөніндегі жұмыс былтыр қараша айынан бастап қолға алынды. Петропавлда соңғы рет 2017 жылы қоғамдық көліктің билеті қымбаттады, содан бері 6,5 жыл өткен екен. Осы аралықта үлкен инфляция болды, жанар-жағармай қымбаттады, жүргізушілердің еңбекақысы өсті, басқа да шығындар көбейді. Мәселен дизель отынының литрі 124 теңге болса, қазір 290 теңге, ал қыста тіптен қымбаттайды. Осыған орай жолаушы тасымалдаушылар әкімдікке ұсыныспен келді. Бізде тарифтерді қарайтын ведомствоаралық комиссия бар, кәсіпкерлердің ұсынысы бірнеше рет жиында қаралды, - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.

Қазір ол карточкамен есеп айырысқанда 80 теңге, қолма-қол ақшамен төлеген уақытта 130 теңге тұрды. Жаңа тариф карточкамен есеп айырысқан жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге болмақ. Ал балалар билеті 50% арзан.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: