19.02.2026
12:02
1394
Тағы бір алтын ба? Бүгін Софья Самоделкина Олимпиада жүлдесіне таласады

Тағы бір алтын ба? Бүгін Софья Самоделкина Олимпиада жүлдесіне таласады

Бүгін, 19 ақпаннан 20 ақпанға қараған түні Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан тек бір ғана спортшы жарысқа шығады. Ол – мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина.

19 жастағы спортшы әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда еркін бағдарламада өнер көрсетіп, медаль үшін күресін жалғастырады. Қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша Самоделкина 68,47 ұпай жинап, 12-орында келеді. Үздік үштіктен қалып қою айырмасы сегіз ұпайдан сәл ғана жоғары. Бұл еркін бағдарламада жоғары нәтиже көрсету арқылы алдыңғы орындарға жақындауға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Қай уақытта басталады

Әйелдер арасындағы еркін бағдарлама Қазақстан уақытымен сағат 23:00-де басталады. Софья Самоделкина үшінші топтағы спортшылар қатарында өнер көрсетеді. Оның мұзға шығу уақыты шамамен 01:13 болады.

Қайдан көруге болады

Еркін бағдарламаның тікелей трансляциясын Qazsport және Jibek Joly телеарналары көрсетеді.

Сарапшылар не дейді?

Қысқа бағдарламадан кейін бірқатар сарапшылар төрешілер бағасына қатысты пікір білдіріп, Самоделкинаның ұпайы жоғары болуы мүмкін еді деп есептейді. Олардың ойынша, төрешілер кейбір элементтер үшін баллды төмендетіп берген.

Көшбасшылар жағдайы

Қысқа бағдарламаның нәтижесі бойынша алғашқы үштік мынадай:

Ами Накаи (Жапония) – 78,71
Каори Сакамото (Жапония) – 77,23
Алиса Лю (АҚШ) – 76,59

Төртінші орында жапон спортшысы Мона Шиба (74,00) тұр. Сонымен қатар, жүлдеге үміткерлер қатарында Аделия Петросян (72,89) да бар.

Самоделкинаның бағасы

Софья Самоделкина қысқа бағдарламадағы өнер көрсетуін мансабындағы ең үздік прокаттардың бірі деп бағалады. Оның айтуынша, бұл нәтиже жаңа бапкерімен жүргізілген дайындықтың жемісі.

Самоделкинаны қазіргі таңда тәжірибелі маман Рафаэль Арутюнян жаттықтырады. Ол сондай-ақ америкалық спортшы Илья Малининнің де бапкері ретінде танымал.

Қазақстан құрамасының жалпы жағдайы

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан спортшылары шорт-тректен жарыстарын аяқтады. Ал ерлер арасындағы жекелей сырғанауда қазақстандық Михаил Шайдоров алтын медаль жеңіп алып, Олимпиададағы ең үлкен сенсациялардың бірін жасаған болатын.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде 1 алтын жүлдемен 18-орында тұр.

«Мен Қазақстан үшін өнер көрсетемін». Азаматтық ауыстыру тақырыбына жауап

Шетелдік журналистер Софьядан азаматтық ауыстыру себебін сұраған. Спортшы бұл тақырыптың әлдеқашан жабылғанын айтып, Қазақстанға ризашылығын білдірді:

Мен екінші маусымнан бері Қазақстан үшін өнер көрсетіп келемін. Бұл  – менің елім. Маған Олимпиадада өнер көрсетуге мүмкіндік берген мемлекетке шексіз ризамын, – деді ол.

Софья Самоделкинаның бүгінгі еркін бағдарламасы Қазақстан үшін Олимпиададағы маңызды сәттердің бірі болмақ. Қысқа бағдарламадағы нәтижесіне қарамастан, оның үздік ондыққа енуге мүмкіндігі сақталып отыр. Еркін бағдарламадағы табысты өнер көрсету жалпы қорытындыға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Айта кетейік, аруларымыздың арасынан бұған дейін 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында Элизабет Тұрсынбаева мен Айза Мамбекова жүлдеге таласқан еді. Ал 2022 жылы Бейжің Олимпиадасына ешкім өте алмады.

 Самоделкина 2023 жылы Қазақстан азаматтығын алу туралы шешім қабылдаған. Ал, 2024 жылдың мамыр айында Қазақстан оған азаматтық берді. Тамызда ол Қазақстан құрамасының сапына қосылды.