Тағдырдың қиындығына мойымаған палуан қыз

4 Мамыр 2017, 16:12 7600

Спортты жанына серік еткен

Шымкенттегі «Спартак» спорт кешеніндеміз. Маңдайын тер жуған бір топ жас спортшы бірі секіріп, бірі керілген арқанға өрмелеп, бірі домалап, енді бірі өзара белдесіп, алаңсыз жаттығуға кіріскен. Білекті, мығым жігіттердің арасында жалғыз қыз бар. Ол Гүлшахарат Таласова. Жасы 26-да. Биыл 58 кг салмақта әйелдер күресінен ҚР чемпионатында, одан кейін Болгариядағы халықаралық турнирде топ жарып, көк туымызды көктен желбіретті. Арманы асқақ, мақсаты биік. Қарапайым. Әдетте, ата-ана қыздарының бозкілемді жағалап, ала өкпе болып жаттығатынына қарсылық білдіреді. Ал 13 жасар Гүлшахаратты әкесінің өзі күреске жетелеп әкелген.


–Ата-анам «үйдің үлкені болған соң, саған көп жауапкершілік жүктеледі. Соңындағы шиттей бауырларыңа қамқор болуың керек. Спортпен айналыссаң, мықты болсаң, кез келген қиындықты оңай еңсересің» деді. Күрес залының табалдырығын бес қыз болып аттағанбыз. Қиындығына, темірдей тәрбіне шыдамаса керек, қасымдағы қыздар көп ұзамай тастап кетті. Жалғыз өзім қалдым. Кішкентайымнан алдыма мақсат қойсам, соңына дейін жеткізбей тынбайтынмын. Қанша қиналсам да, қанша көз жасымды төксем де, қыздар мен әйелдер күресі тарихында өз атымды жазып қалдырғым келді. 40 ұлдың ішінде жалғыз өзім тынбай жаттыға бердім, - деп жымиды Гүлшахарат. 


Ол табандылығымен, техникалық шеберлігімен спорт саласы мамандарының көзіне тез түсті. Ең алғашқы жаттықтырушысы Қайрат Жаңабердиев пен Мұрат Жұмабаев болмаса, күрестегі орнын табар ма еді, таппас па еді, кім білсін?! Осы екі ұстазы белдесудің әліппесін, әдіс-тәсілдерін үйретті, жарыстарға дайындады. Шыңдады.
–2004 жылдары күресте қыздар санаулы болатын. Сондықтан облыстық деңгейдегі жарыстарда бізді ұлдармен күрестіре беретін. Салмағым 42 кг. Кентауда облыстық чемпионатта бір ұлға ғана есе жіберіп, күміс медаль тақтым мойныма. Боз кілемдегі ең алғашқы жарысым болғандықтан ба, әлі күнге дейін сол медаль ең қымбат, ыстық. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте кеудемді қуаныш сезімі кернеген. Бәрінен бұрын менің бұл жетістігіме ата-анам қатты қуанды, - дейді ол. 
Гүлшахараттың жеңісті жолы одан кейін жалғасып кете барды. 2008 жылы ҚР спорт шебері, ал 2017 жылы халықаралық деңгейдегі спорт шебері атанды. Ел, Азия чемпионатында, халықаралық турнирлерде топ жарды. Жарыстан жүлдесіз қайтқан кезі аз.

«Бес айлық қызымды үйге тастап, жаттығуға кірістім»

2014 жыл Гүлшахараттың жеке өміріне үлкен жаңалығымен келді. Палуан қыз бір әулеттің босағасынан аттап, жаңа өмірге қадам басты. Жары бес уақыт намаз оқитын иманды жігіт еді. Оны өмірлік серігіне балап, сенім артты. Сол үшін спортты тастап, оқуынан да бас тартты. Айтқанын екі етпей, намазға жығылды, орамал тақты. Бірақ екі жүрек бір соға алмады. Арада жыл өтіп, қызы дүние есігін ашқан соң, тағдыр бұларды екіге айырды. 
– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті денешынықтыру және спорт факультетінің 3 курсында оқып жатқан болатынмын. Жолдасым білім алғанымды, спортпен айналысқанымды қаламады. Бірінші Алланың, кейін күйеуімнің разылығын алайын деп, бәріне көндім. Ал оның тұрақты жұмысы болмады. Отбасымды барынша сақтап қалғым келді. Қызымның әкесіз өскенін қаламадым. Бірақ мінезіміз бен көзқарастарымыз үйлеспеді. Ажырасуға тура келді. Қызым бес айға толғанда белімді буып, жаттығу залына қайта оралдым. Жаттықтырушым алғашында қабылдамады. «Сен енді күрестен жүлде әкеле алмайсың. Отбасыңа оралғаның дұрыс» деді. Бірақ ағайыма «Өзге залға барып, жаттыға беремін» дедім де, қайта кірістім. Екі айдан соң ел чемпионатында ІІ орын алдым. Мені ақтық сынға шығады деп ешкім күтпесе керек. Содан кейін ғана ағайымды спортта әлі де алынбаған еншім бар екеніне сендірдім, - дейді Гүлшахарат.

Бозкілем мықтыларды жақсы көреді. Күштілерді ғана мойындайды. Гүлшахарат спортқа қайта оралғанда гу-гу әңгіменің астында қалды. Бірақ, бұл кішкентайынан қиындықпен талай бетпе-бет келіп жүрген оның сағын сындыра алған жоқ. Іштей өзіне сенімді еді. 
– Әкем 2009 жылы, 46 жасында жол апатынан көз жұмды. Дәнекерлеуші болатын. Спортты жанындай жақсы көрді. Өз еңбегіммен тапқан алғашқы жалақыма әкеме костюм-шалбар алып бергенмін. Қуанып, тастамай киіп жүрді. Қайтыс болған соң бар жауапкершілік анам екеуміздің мойнымызға түсті. Шыны керек, күреске қайта оралғанымда киім алуға да ақшам болмады. Жаттығуға інімнің аяқ киімі мен күртешесін киіп баратынмын. Кейде тіпті жолға да тиын болмай, жаяулатып тартамын. Анам мектепте еден жуады. Айлығы 40 мың теңге. Ол қай жыртыққа жамау болсын. Қызымның бір жасқа дейін төленген жәрдемақысымен күйеуімнің несиесін төлеп отырдым. Ақыры қиналып кеткен соң, «Нұр Отан» партиясының қабылдау бөліміне жазылдым. Барып, жағдайымды айттым. Кейін Дәурен Ахметов деген кәсіпкер аға «Жарысыңа алаңсыз дайындал. Сені қолдауға әрқашан әзірміз» деп, қолыма 300 мың теңге ұстатты. Жылы сөзі, қаржылай қолдауы жанға медеу болды. Несиені жаптым. Өмірде жақсы адамдар көп қой. Ең бірінші Алланың, содан кейін сол жандардың арқасы. Қазір ел чемпионы болғаннан кейін жақсы жалақы аламын. Бір отбасын асырауға жетеді. Тек екі бөлмелі жер үйде қысылып-қымтырылып өмір сүріп жатырмыз. Оның өзі кірпіштері мүжіліп, құлағалы тұр. Ақшамды жинап, анама үй салып бергім келеді. Кейде анам ауырып қалғанда немесе той-томалақ, өлім-жітімге барар кезде орнына шығып, еден жуамын. Ұялмаймын. Адал еңбекпен тапқан ас қашанда берекелі, сіңімді, - дейді ол.

«Боз кілемде босаңсуға болмайды»

Спортшының әр жеңісі төгілген терге, бабы мен бағының қатар шапқанына байланысты. Жаттықтырушысының еңбегі ерен. Гүлшахараттың жолы болды. Ол Мұрат Жұмабаев, Марат Нұржанов, Марат Ерденов, Жасұлан Мұхтарбекұлы сынды білікті бапкерлердің қолына түсті. 
– Боз кілемде бір секунд та босаңсуға болмайды. Ұпай санымен ұтып келе жатып та, құрсауға түсіп қалуың мүмкін. Кілемге шыққанда бауырым болсын, досым болсын аямаймын. Біз – қарсыласпыз. Белдесуге берілген 6 минутта бар күш-жігеріңді, өнеріңді, салуың керек. Ал сыртқа шыққан соң барлық өкпе-реніш, жеңіс пен жеңіліс ұмытылуы қажет деп ойлаймын. Спортта үлгі тұтар тұлғам – Гүзел Манюрова. Ол Олимпиада ойындарында үш рет олжа салды. Жолым болмай, жүлдесіз қалған сәттерде де әркез қолдау танытып, жігерімді жаныды. Ақыл-кеңесін берді. Жасаған жақсылығын өмір бойы ұмытпайтын шығармын. Спорт болған соң, кейде әділетсіздіктер де болады. Аяғыңнан шалады. Бірақ оған мойымау керек. Көңіл күйім болмай, екі мезгіл жаттығудан, күрестен шаршағанымда қолымды бір сілтеп, кетіп қалғым келеді. Бірақ көп өтпей-ақ шүкіршілік айтып, есімді жинап аламын. Күрестің арқасында еліміздің түкпір-түкпірін айтпағанда, Болгария, Италия, Польша, Түркия, Моңғолия, Әзірбайжан, Украина  секілді елдерде болдым. Спорт болмағанда қарапайым отбасынан шыққан менің Шымкенттен шығуым екіталай еді. Сол үшін өміріме, тағдырыма шексіз ризамын. Мені қолдап келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысы Әлібек Нұртаев және Бауыржан Тұманбаев, Құрал Өкшебаев ағалар мен бапкерлеріме алғысымды білдіргім келеді. Менің ең бірінші жанкүйерім – аяулы анам мен тәп-тәтті кішкентай қызым. Елімізде өтіп жатқан жарыстарға екеуін ерте барамын. Сосын олардың көз алдында жеңіліп қалмас үшін барымды саламын, - дейді ол. 


Палуан қыз бос уақытында тәттілер пісіріп, палау басқанды ұнатады. Жүзуді жақсы көреді. Гүлшахараттың ендігі арманы – Азия, әлем чемпионатында сосын, Олимпиада ойындарында топ жару. Еліміздің намысын қорғау үшін 10-14 мамыр аралығында Үндістанда өтетін Азия чемпионатына аттанбақ. Көк туды көкте желбіретіп, әнұрынды шырқатып, жеңіспен оралуына біз де тілектестік білдірдік.

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: