Тағдыр шешкен тарихи күйлер

14 Маусым 2018, 17:02 14047

Бір ұлыстың тағдырын шешкен күй туралы естіген бе едіңіз?  

Әр халықтың музыкасынан сол ұлттың өзіне тән болмысы, мінез-құлқы менмұндалап тұрады. Бұл тұжырыммен келіспейтін оқырман аз шығар. Тау халықтарының екпінді, жігерге толы ән-әуездерінен олардың қызуқандылығы сезіліп тұрса, қазақтың қоңыр үнінен даланың дархан табиғатын тану қиын емес. Бұл таным, әсіресе, күйге қатысты тіптен анық аңғарылады. Қадір ақынның «нағыз қазақ - қазақ емес, домбыра» деген өлең жолдарының да мәні осы тұста мейлінше ажарлана түсетіндей.

Шынында, күй болмыс қана емес, күй – шежіре, күй – тарих. Ол, тіпті, керек сәтінде коммуникация рөлін де атқара алған. Қиын-қыстау кезеңде, тіл күрмелген тұста домбыра шанағынан төгілген үндер ақпарат жеткізген.  Тіпті, ер мен елдің тағдырына да әсер еткен екен. Ендеше, қазақ күй өнерінің тарихындағы сондай тағдыр шешкен күйлердің бірнешеуіне үңіліп көрсек...

  

«Сауға, Шыңғыс, сауға»

Кетбұғаның шоқтығы биік күйлерінің бірі. Бізге жеткізіп, «1000 күй» аталатын алтын қорға енгізген айтулы тұлға – Таласбек Әсемқұлов. Былайғы жұртқа белгісіздеу күй дала төсіндегі алып екі тайпалық мемлекет – моңғолдар мен наймандардың арасындағы шайқасты бейнелеген. Ширек ғасырдай кескілескен қанды шайқастан бағы тайып, бәсі қайтқан найманның Күшлік ханы өзіне қарасты аз жұртын алып, батысқа ығысуға мәжбүр болады. Ал түгел қотарылып көше алмай, ата қоныста – ордада қалып қойған Найман жұрты өз ханымен осылайша пұшайман хәлде айырылысады. Көшпелі жұрттың ішінде тегеурінді қарсылық көрсетіп, талай мәрте жеңіліске де ұшыратқан найман ұлысына Шыңғыс ханның ызы-кегі аз емес-тін. Осылай ел дағдарып, шапқыншылықтың қаупі үдеген күн туады. Сонда найманның биі Кетбұға елін бастап, «қаралы белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға» деп бітімге барған екен. Ал бітімді Кетбұға би осы күй арқылы жеткізіпті деседі.

Асылы, даланың жазылмаған заңы бойынша аттан түсіп, мойнына белдік салып, бітім сұраған елге кеңшілік береді екен. Кетбұға би осы ескі салтқа сүйеніп, қарамағындағы қауымын артынан ертіп, Шыңғыс ханға барады. Күйді тыңдаған Шыңғыс тағынан түсіп, құрмет білдіріп, өзімен қуаттас елдің батыр-баһадүрлеріне оң және сол тізесінен орын берген екен.

Күйді жеткізген Таласбек Әсемқұлов және күйдің сарынын талдаған мамандар әуелгіде тұншығып, өксіп басталғанымен, тұтас күйде айрықша бір асқақтық бар дейді. Күйде елі-жері үшін күрескен найман ұлысының батыл рухы арқылы Шыңғыс қағанды мойындату бар дегенді айтады.

Осылайша, Кетбұға би ескі қоныста қалған найман жұртының бір бұтарын аман алып қалыпты.  

 

«Ақсақ құлан»

Бұл да – Кетбұға бидің артына қалдырған мұрасының бірі. Дегенмен аталған күй және оның аңызы оқырмандарға біршама таныс болса керек. Күй тарихы алғаш рет 1897 жылы «Дала уалаятының газетінде» жарияланған.

Шығыста Сары теңізден батысында Дунайға дейінгі ұланғайыр даланы түгел ат тұяғымен дүбірлеткен Шыңғыс қағанның бетіне тіке қараудан ыққан заманда оның ұлы Жошы аң аулап жүріп, мерт болады. Тұңғышының  опат болғанын білгенімен, өлімін қабылдай алмай қаһарлы хан құсадан қайғы жұтады. Тұтас еліне жарлық шашады: кім де кім қаралы хабар жеткізсе, соның көмейіне қорғасын балқытып құямын деп. Жұрт дағдарып, ел сасады. Ханның ұлы қайтыс болса, қалай хабар берілмесін. Ал тірідей көмейіне қорғасын құйдыруға жүрек жұтқан батырдың қай-қайсысының да батылы жетпейді. Осылай халық уайымнан қамығып, шешен сөзден қаңтарылып тұрған сәтте Кетбұға би: «Хан баласының өлімін естіртпей болмас, домбыраға тіл бітіргенім рас болса, мен барайын!», – деп алға суырылыпты. Көптің ішінен біреудің табылғанына қуанғанымен, соңы не болар екен деп жұрт дағдарады.

Сонда Кетбұға би қолына домбырасын алып, күйін тартыпты.  Күй алғашында Жошының ен далада құланды тықсыра қуғаны, дала төсін дүбірлеткені тәрізді екпіндеп басталғанымен, бірте-бірте зарға ұласады. Мұны тыңдап отырған Хан әлдебір жаманатты хабарды естігендей:

- «Тоқтат сарыныңды, өлімнің зарын айтып тұр» дегенде, сөздің мөртін күткен шешен ханға ұлының өлімін жеткізіп, көңіл айтқан екен.

Ханның серті – серт. Қаралы хабарды жеткізген Кетбұға болғанымен, оны естірткен, айтқан домбыра. Сондықтан қаған жарлығы бойынша домбыраға балқыған қорғасын құйылыпты. Домбыра бетінің тесік болуы осыдан қалған деседі.  

Кетбұға артына саз қалдырған күйші ғана емес, сонымен бірге сөз өсиеттеген би де болған. «Кетбұғадай билерден, кеңес сұрар күн қайда!» деп Доспамбет жырау бабасының осы қасиетін білгендіктен жырға қосса керек.   

 

«Абыл»

Қазақ жұртының қай пұшпағы болса да жаугершілік, шапқыншылық  көрмегені кем де кем. Ежелгі дұспан қалмақты былай қойғанда, оңтүстікте сарттармен, батыста түрікпендермен жер таласы жиі болып тұрған. Қазақ-түрікпенің түбекке таласы өршіп, ел арасы бүлініп тұрған сондай сәттердің бірінде әйгілі күйші Абыл Тарақұлы жоқ қарап жүріп, түрікпендер жағына бара қалады. Жалғыз-жарым жүрген жолаушыны жөн сұрамастан қолын артына қайырып байлап, аттың алдына салып айдап алып келеді. Байланған қол шешілмей, босағада жүгіндіріп отырғызады. Өздері ас-суын ішіп, даурығып әңгімеге көшеді. Әудем уақытта тамаққа бөгіп, дутарын алып, күй шертеді. Абыл күйші мұны үнсіз бақылап отырған еді. Ішіндегі біреуінің қазақтар жайлы айтқан қыжыртпа сөзі де намысына батқан. Бірақ қолы байлауда, азат басы бұғауда болғандықтан әліптің артын бағып, үнсіз қалған. Бір кезде жаңағы желдей есіп отырған түрікпен қазақтың Абыл дегенінің күйі екен деп күй тартады. Бұзып-жарып, күйді бүлдіргеніне шыдай алмаған күйші төрде отырған есерге: «Тарт қолыңды, Абыл олай тартпаған», – деп жекіреді.

Осы сәтте босағада байлауда жатқан бір қазақтың бары енді ғана  естеріне түскендей бұған ожырая-ожырая қарасады. Ішіндегі біреуі тілін безеп тұра ұмтылғанымен, үй иесі оны бөгеп, Абылдың қолын шешіп, дутарды ұсынған екен. Сонда Абыл байлау қиған қолдарын сәл жазып жіберіп, дутарда «Абыл» күйін тартқан екен. Қолдың қағысынан, күйдің үнінен тұтқынның жай адам емесін сезген олар дереу жөн сұрасады:

- Осы сіз Абыл күйші емессіз бе?

- болсақ болармыз.

Абылдың өзі беймәлім болғанымен, күйші ретінде атағы тұтас түбекке тараған еді. Қанша дегенмен түп атасы бір болған соң, өнердің қадіріне жете алатын түрікпендер ат-шапан айыптарын төлеп, құрметтеп төрге оздырып, күй тыңдап, өнеріне қанып, күйшіні разы-қош етіп аттандырған екен.      

  

«Майдақоңыр»

Майдақоңыр – Сүгір Әлиұлының күйі. Күйдің аңызын жеткізген Төлеген Момбектің айтуынша, бұл туындысын күйші жігіт шағында шығарған. Бірде жолаушы жүріп келе жатса, анадайдан қуып жеткен аттылы 4-5 жігіт мұны барымтаға жер шолып, аңыс аңдып жүрген ұры есебінде ұстап алады. Жөн айтуға, жағдай түсіндіруге келтірместен, ауылға алып келеді де, бір үйге қамап қояды. Үй ішінде жалғыз өзі біраз отырып, жөн сұраған ешкім болмаған соң, керегеде ілулі тұрған үкілі домбыраны алып, шертеді. Домбыра да үні қоңыр, күмбірлеп тұр. Домбыраның бабына сүйінген Сүгір 1-2 күйдің басын қайырғанда үйге бір қыз енеді де, өктем дауыспен:

- Жылқы аңдыған біреу ме десем, күй қуалап жүрген кезбе болдың ғой, – деп тіл қатады.

- Болсақ болармыз, – дейді Сүгір. Қыздың менмен, тәкаппар пиғылы намысына тигендей бір күйін сұңқылдата тартады да, іргеге сүйей салады.

Мұны күткендей қыз домбыраны алып, бір күйді ойнай жөнеледі.

- Жігіт болсаң, осыны тарт. Сүгір айтқандай етіп тартады.

- Ал мынаған шамаң жете ме, – деп екінші күйін бастайды. Сүгір оны да айнытпай шертеді. Қыз мойынсал болмағандай:

-  Ендеше, мынаны қайтпексің, – деп үшінші күйін тартқада Сүгір оны да көңілдегісіндей шерткен екен. Қыздың өжеттігіне, өр мінезіне сүйсініп, әрі домбыраның киесін ұғып, қадірін түсінетін тектілігіне қош-ризашылықпен бір күй орындапты. Нағыз күйшіге жолыққанын түсінген қыз сонда алдында отырған адамның Сүгір екенін таныған екен.

Осы сәтте үйге өзін барымташы деп ұстап алып келген жігіттер де келе қалады. Мән-жайдан хабарсыз олар күйшінің айыбын мойындатуға алып кетпекші болғанда  қыз араша түсіп, куәлік етеді. Сүгір күйші осылайша жазатайым бір нақақтан аман қалады. Ал оның сонда орындаған күйі Майдақоңыр екен.         

P.S. Мақалада айтылған күй аудиолары күйтанушы Рүстем Нүркеновтың "Күй тарихы" телеграм каналынан алынды        

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: