Жапонияның ірі университеттерінің бірі бірнеше жергілікті компаниямен бірлесе отырып, адам тәрізді роботтарды әзірлеу және өндіру жобасын бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл роботтар табиғи апаттардан кейінгі қалдықтарды тазалау мен құтқару жұмыстарында қолданылатын болады.
Васэда университеті Sre Holdings компанияларымен бірге биіктігі 3 метр, салмағы 300 кг адам тәрізді роботтар жасауға ниетті. Мұндай роботтар сағатына 5 км жылдамдықпен қозғала алады және 100 кг-нан аса ауыр заттарды қиналмастан көтереді.
Басты мақсат – Жапонияда жиі орын алатын жер сілкіністері мен басқа да табиғи апаттардан кейінгі қираған қалдықтарды тазалау.
Жобаның тесттік моделі 2026 жылдың соңына қарай дайын болады деп күтілуде, ал жаппай өндіру 2029 жылы басталады. Жапон мамандары бұл жобамен Asimo роботын жасаған ел ретінде, робототехника саласында елдің жетекші орнын қайтаруға ниетті.