Тағдыр тоғыстырған туыстық

29 Тамыз 2019, 16:32 2285

Тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасу мен даму сатыларынан қиындықты елмен бірге еңсеріп өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясы бүгінде шын мәнінде ұлттық саясатты жүзеге асырудың қуатты құралына айналды. Күні кеше Жетісу саябағында Конституция күніне арнап этностық мәдени орталықтарының бірлесуімен ұйымдастырылған әдемі кеш соның айғағы. Тағдыр талқысымен Қазақ елінің топырағына келген түрлі ұлт өкілдері бүгінде біртұтас туыс халыққа айналды.

 

Нахум ГОРБУНОВ, «Алеф» еврей мәдени-ағарту және қоғамдық-саяси қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары:

«ҚАЗАҚ ХАЛҚЫМЕН ЖАНЫМЫЗ, ТАҒДЫРЫМЫЗ, БОЛАШАҒЫМЫЗ БІР!

Конституцияның арқасында бүгінгі болашағы жарқын Қазақстанды құрдық. Бейбітшілікте, келісім мен татулықта, теңқұқылы қоғамда өмір сүруіміздің негізгі кепілі біздің Ата заңымыздың әділеттілігінің арқасы деп білемін. Сондықтан Қазақстанды түрлі ұлттар мен ұлыстардың ұйыған ұясына айналдырған Конституция күні біз үшін тым ыстық. Ассамблеяның мұрындық болуымен Конституция күніне арналған мағыналы кешке қатысқаныма қуаныштымын. Шын мәнінде, біз түріміз бен тіліміз әртүрлі болғанымен, бір шаңырақ астындағы біртұтас елміз. Қазақстандағы барлық ұлттар бір-бірінің мәдениетіне, тарихына, тіліне құрметпен қарайды. Біз кезінде жәй ғана толеранттылықтан басталған ұзақ жолды иыққа иық теңестіріп, бірге жүріп өттік. Қай уақытта болмасын, біздің қазақ халқымен жанымыз, тағдырымыз, болашағымыз бір болмақ.


Елена РОГАСКА, «Поляцы» поляктар мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

«ЖАСТАРҒА ҚАЗАҚ ЕЛІН СҮЮДІ МИРАС ЕТСЕК, ІРГЕМІЗДІҢ АЖЫРАМАЙТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛАМЫЗ!

Президентіміз мемлекет саясатының негізгі өзегі ретінде жастарға басымдық беріп келеді. Сондықтан біз соңымызға ерген жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, өзіміз ту еткен татулық пен бірлікті құрметтеуді, құшағын ашып, дархан көңіл танытқан Қазақ елін сүюді мирас етсек, еліміздің ертеңіне, іргеміздің ажырамайтынына сенімді боламыз. Біз барлық қиындықтарды бірге еңсердік, соның арқасында бүгінде болашаққа сенімді қадам жасап отырмыз. Мұның барлығы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп білемін. Ассамблея асында біз ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты насихаттап, уығын бірге қадаған Қазақстанның керегесін кең, шаңырағын берік те биік ету жолында қызмет ете береміз.

 

Ахмет Мурадов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«ТӘУЕЛСІЗДІК – ҒАСЫРДАН ҒАСЫРҒА БОЛАШАҚҚА ҚАЛДЫРЫЛАТЫН ҰЛЫ МҰРА»

Конституция туралы сөз қозғағанда, еліміздің аяғынан тұру кезеңі еске түседі. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының сол уақытта Конституция жөнінде референдум өткізуге бастамашылық еткені тарихтың бір парасы ғана. Дер уақытында ел дамуы үшін ең маңызды құжатты қабылдап, оның талаптарын орындай отырып, біз бүгінгі жағдайға жеттік. Сондықтан, осы маңызды тарихи шешім мен істің басы-қасында болған адам ретінде, мен бүгін ол туралы үлкен мақтанышпен айта аламын. Қазақстан сол кездерде көз ұшындағы қиял секілді көрінген арманды шынайы өмірге айналдырды. Конституциямен бірге біз тұтастығымызды, шекарамызды, тәуелсіздігімізді, ұлы рәміздерімізді бекіттік. Бұл ғасырдан ғасырға болашақ ұрпаққа қалдырылатын ұлы мұра. Бұл жерде Елбасының еңбегін айтпай кетуге болмайды, ол ұлы істерге ұйытқы болған ерен тұлға. Барша қазақстандықтарды, отандастарымды Ата заңымыздың төл мерекесімен құттықтаймын.



Наринэ МИКАЕЛЯН, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

«ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНІМ ҮШІН БАҚЫТТЫМЫН!

Еліміздің Конституция күнімен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Мәдениет шекарасыз, ол кез-келген жүрекке жол табады. Ассамблеяның ұйытқы болуымен, Конституция күніне елордалықтарға Қазақстанда тұратын этномәдени бірлестіктер керемет тарту жасады деп білемін. Әрбір ұлт сахна төрінен өзін таныды, өзін тапты. Шынымды айтсам, Конституция күніне арналған этностардың мәдениет күндерінен рухани қазынаға кенелгендей болдым. Әрбір ұлттың тарихын тани түстік, мәдениетінен, салт-дәстүрінен мол мағлұмат алдым. Еліміздің гүлденуіне алдағы уақытта да аянбай қызмет ете береміз, және біздің әрбір еңбегіміздің жемісі бізді керемет бақытқа бөлейді.  

Рауан Искалиев

Рауан Искалиев
Бөлісу: