Т.Бейісқұловтың Б.Майлиннің публицистік шығармашылығын зерттеуі

10 Қыркүйек 2017, 11:49 8588

Тоқтар Бейісқұлов – публицист, зерттеуші

Тоқтар Бейісқұлов саналы ғұмырын Бейімбет Майлиннің шығармашылығын зерттеуге жұмсады. Бейімбет Майлин өз шығармаларында әртүрлі мінезді, әрқилы мақсатты көздеген жоғарыдағы адамдардың бейнесін, характерін, ішкі дүниесін аса білгірлікпен аша білген. Бейімбет колхоздасу дәуірі туралы көп жазған жазушы. Шындықты реалистік тұрғыда көрсете білген.

Бейімбеттің ерекшелігі-жіберілген кемшіліктерді де, белсенділердің бей-берекет істерін де, басшы қызметкерлердің заңсыздық әрекеттерін де бүкпесіз, еш бояусыз, жалтақсыз көрсете білуінде. Мысалы «Сот алдында» деген әңгімеде артель құру, коллектив болуға сенбей жазушылар отағасы «осының не жақсылығы бар дейсің, азған заман ғой. Ағайын арасына от салып, бірлік-берекеден айырғаннан басқа осыдан не өнер дейсің, азған заман ғой»- дейді. Кедейлердің бәрі бірдей сене қоймай күдікпен қарады. «Кедей» деп  бізден неге астық сұрайды осы деп кедей өкілі кейістік білдіреді. Міне Б.Майлин колхоз құрудың өрескел ұйымдастырылып жатқанын екі жақтан байлар мен кедейлер жағынан сынатқызады. Әрине, тартыс барысында, күрес үстінде жаңа өзгерістерге қол артқандар жеңіп шығады, кедергі жасап бүлдіру әрекеттерімен айналысқандар жеңіліс табады. Бұл да сол кездің дамуына сәйкес болған жағдай. Жоғарыдан нұсқау келсе, «бас ал десе, шаш алатындар»: орындау керек, болмаса протокол жасалып, іс сотқа түседі деп қорқытады. Немесе, контр деп таңба тағады. Жұрт дүрлігіп, осыны істеп отырған үкімет пе, жоқ басқа бір белсенділер ме деп сарсылады. Ал округтен келіп, бұл заңсыздық, қате деп тауып, түзеткен болады. Түзеткенше жұрт қанша әбігер болды. Жолсыздықтың бәрі келіп-кетіп жүрген өкілдердің өрескелдігі деп танылып, жоғарыдан берілетін нұсқаулардың дұрыс-бұрыстығы ашылмай, бүркемелетіні жабулы қалады. Нұсқау берушілер сырт қалып, орындаушылар кінәлі болып шығады. Байыппен ой сарабына салып көрсек, әрбір іс жөніндегі саясаттық тұрақты еместігін, айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып демекші, әкімшілдік әміршілдік ойынның желі қай жағынан тұрады, сол жағына қарай саясаттың ауысатынын байқау қйын емес. Б.Майлин шығармаларынан осындай ой түйеміз дейді жазушы Т.Бейісқұлов.

Осы колхоздасу кезеңінде асыра сілтеу Б.Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» пьесасында Талтаңбайдың әрекеті арқылы да шебер суреттелген. Бұл пьесаның бағыты-қандай да бір науқандық істерді асыра сілтеумен, ел жайымен есептеспей  басбұзарлықпен атқарудың зиянды жақтарын көрсету. Жоғарыдан директива да анық, тиянақты тұжырым берілмейтін болса, ал жергілікті жерде оны өрескел жүргізетін, өзінше «тәртіп» беретін өкілдер әкіреңдеп елдің әлегін шығаратын. Осы пьесада суреттелген оқиғалар біздің заманымызда да кездеспей ме. Бейімбет бүгінгі заманның ащы шындығын жазғандай көрінеді-дейді академик Т.Бейісқұлов.

Елдің аштық жайлаған кезеңдер де жазушының назарына ілінбей қалған жоқ. Оның «Күлпаш», «Аштық құрбаны», «Әже» әңгімелері өте аянышты. Т.Бейісқұлов: Майлиннің ашаршылық жөніндегі әңгімесін оқи отырып бұл да саясаткерлердің үкімет басшыларының қолымен жасалғанына көзім жетті дейді.

Б.Майлин әшкере еткен нәрсенің бірі-бюрократтық, мейірімсіздік. Бұл тақырыпта жазған мақалалары «Көзілдірік» пьесасындағы болыс Байсалбай, оның хатшысы Ормантай, тіпті қағаз көшіруші Жүсіп мінездерінен, әрекеттерінен байқап, ашу-ызаң келеді. Бұл әңгімесінде қызметіне мастанған судья: «Мен судьямын, көзілдірігім алтын, тісімнің бәрін алтыннан салдырып алмақшымын деп мақтанады. Әсіресе, әдемі қыз-келіншектерге бүйідей тиіп, «мені қазақ қызы түгіл орыс қызы да сүйеді» деп бөсті, көнбесең «пүртекел істеп аристоваит қылудан танбаймын» деп қорқытып өзіне қаратқысы келетін әрекеті қандай жиіркенішті. Өз кезінде талай адамдарды, олардың іс-әрекетін көрген жазушының осы ой-пікірі дәл бүгін де құнды,маңызды. Бюрократтық Бейімбеттің көптеген мақалаларында, фельетондарында, оқшау сөздерінде қатты сынға алынып, өлтіре әшкереленеді.

Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда өткізілетін жиналыстарда, сайлау науқандарында демократияның азда болса ұшқыны бар еді. Б.Майлин ондайды әсірелемей, аса көркемдемей қаз-қалпында көрсетуге ден қояды.»

«Амангелді» көркем фильмі күні бүгінге дейін кинотеатрлардың экрандарынан түспей келе жатқан аса құнды, маңызы ерекше туындылардың бірі. Қазақтың ардагер, батыр ұлы Амангелді Иманов туралы фильм жасау идеясы 1936 жылы туды. Ол кезде кинофильмге қазіргідей сценарий жазатын маман да жоқ. Бірақ, қаламы төселген жазушылардың қатары өскені анық. Ал, мына сценарийді кімге тапсыруға болады, жазушылардың қайсысы игере алады деген күдікті сұрақ та болмай қалған жоқ. Ақырында тұңғыш фильмнің сценарийін жазу Б.Майлин мен Ғ.Мүсіреповке жүктеледі.

Он күндіктен кейін (1936 жылдың май айында қазақ өнерінің мәскеуде онкүндігі өткен болатын) Бейімбет пен Ғабит бірден Аманкелдінің туған жеріне келіп материал жинайды. Ғабит былайша әңгімелейді: «Амангелдінің елінде 70-80 адаммен кездестік. Бейімбет бес дәптер толтырды, мен бір жарым-ақ. Бейімбет кездескен адамдарымыздың көбіне мінездеме жасапты, ал мен болсам он-шақты адамға ғана жасадым.

Сол сапардан қайтқан бетте сценарийді екі тілде жазады. Всеволод Иванов екеуі айдан артық отырып, соңғы вариантын жасап шығады. «Новый мир» журналы жыл аяғындағы 12 санында басып шығады. 1938 жылдың соңғы тоқсанында қазақтың бірінші көркем фильмі «Амангелді» экранға шықты.

Ғабит Мүсірепов бұл фильмді «Қазақтың тұңғыш классикалық фильмі» деп бағалаған. Жаны бар сөз, тұжырымды түйін. Ол әрқайсымыздың көкейімізде жүрген ой. Ал, жазушылар қауымы, өнер иелерінің ортасы Б.Майлин мен Ғабит Мүсіреповты тұңғыш киносценарийіміз деп тануында да еш артықтық, жалғандық жоқ.

«Амангелді» көркем фильмін жасауға аз адам қатысқан жоқ. Режиссер, оператор, актерлердің өзі біршама. «Амангелді» киносы өте сәтті шықты. «Амангелді» рөлін Елубай Өмірзақов ойнады. Бұл фильмге Жамбыл атамыз да түскен. Фильмді түсіруге белсене атсалысқан актерлердің үлесі мол. Жұрт жылы қабылдады.

«Торғай таңы» газеті, 1988 ж, 2 сәуір Елубай Өмірзақов: «Өнер есігін ашып, оның төріне шығарып, мені адам еткен Бейімбет» - деп өзінің жүрек жарды пейілін айтып кеткен. Бейімбет көптеген өнер адамдарына өз қамқорлығын аямай, үнемі көмектесіп жүрген.

«Асылы, біздің, оның замандастарының, қай-қайсысы болсақ та Бейімбет Майлиннің киелі қолы, яки оның кереметтей кемел редакторлық қаламы тимей өте алдық демес едік», - деген Ғ.Мүсіреповтың түйінді сөзінің еш жалғаны жоқ екенін көреміз. Өнеге етерлік бір мінезі-балаларына да, басқаларға ла жанашырлықпен қарайтындығы. Жұмыс үстінде отырғанда балалары шулап кетсе, Гүлжамал (әйелі) ұрысып, қуалайды екен. Сонда Бейімбет «қоя берші, жүре берсін, ештеңе етпейді» деп басу айтатын көрінеді. Өздерінің бес баласы бар, ағайындарының үш баласын қолдарына алған. Ең кішісінің атын Сәкен Сейфуллин қойған, ал Гүлімді Күлсінтай деп еркелетеді екен. Жанашырлығы студенттерге де тиген. Ағалап келген студент жастарға алған жалақысын үлестіріп беріп, үйіне бір тиынсыз келген күндері де болыпты.

Осындай адамды «халық жауы» деп дабыра етіп атқызғандар мен атқандарға не дерсің. 1937 жылғы 6 қазанда түрмеге отырғызылып, атқанға дейінгі төрт ай жарымда қанша барса да Гүлжамалды бір-ақ рет жолықтырғанда Б.Майлин қолжазбамды жоғалтып алма, түбінде саған керек болады деген сияқты ақыл беріпті. Амал не Гүлжамалдың өзі оншақты жыл айдауда жүріп мұршасы болмады. Б.Майлин өзін ұстап әкеткенде Гүлжамалға «балаларға ие бол» деген аманат артып, «мен енді сендерге жоқпын» депті. Біліп айтқандай, 1938 жылдың 26 ақпанында атуға үкім шығарылып, бірден орындалды. Тек жиырма жылдан соң аяқталды. Сөйтсе, еш жазығы жоқ екен.

Ұядан жаңа ұшқан балапандай көріп, қанатын қатайтып демеп жіберуге бар ықыласын аударып, жас сәбидің тәй-тәй басып кетерінде тұсауын кесетіндей ниетпен тырнақалды туындыларын қарап, сәл-пәл түзетіп, жариялатуға қол ұшын беріп, інісіндей көргендердің тарпа бас салып, жақсылықтарын ұмытып кеткендері жайына инедей қадалса да ішінен тынып, бет жыртыспады, қарсы айбар көрсетіп, жағадан алмауы не деген төзімділік, не деген шыдамдылық. Көреалмаушылық, бақталастық пен уланған кейбірі аяғынан шалып, зор нұқсан келтіріп, тіпті жау етсе де артық кетіп, ғайбат жасап, өздерін сөкпеді-ау.

Жау өзі емес, солар деуге қимады, сірә, қайғысын да, қасіретін де, қыжылын да шығармай өзімен бірге ала кетті. Бұл да қарпайым мінездің тежеуімен өз басын бәйгеге тіккендей-ау. Шүкіршілік етеріміз-бар пәле-жаладан ақталғаны, жанының пәк екендігінің дәлелденгендігі. «Қырық жылға жуық алып азаматымыздың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бірнеше кітап шығарсам да тағдырының барлығын түгендедім деп айта алмайтын сияқтымын. Дегенмен, оны оқырманға кеңірек таныстыруда аз еңбек сіңірген жоқпын десем де, іздеген сайын жаңа деректер мен құжаттар табылады да құлшындыра түседі. Соны Бейімбеттің көп томдығын шығару барысында байқадым дейді жазушы академик Т.Бейісқұлов. Қыруар рухани қазына қалдырған Бейімбет Майлиннің жайы қалай болғандығы, әсіресе неге атылғандығы туралы мәліметтерді оқығанда оқырмандар қызыға түседі деп ойлаймын», деп өз ойын айтады Тоқтар аға.

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында КГБ архивіндегі оның 11020-шы ісімен танысуға мүмкіншілік алдым. Артынша соның негізінде «Бейімбетті атқан кім?» деген кітабына талдау жасадым. Сол кезде біраз құжаттардың көшірмелері қолыма түскен еді. Олардың тек кейбір жерлерін алып, кітаптарыма кіргізгенмін. Бірақ осы уақытқа дейін сақтадым. Құжаттар мәтінін өз көздерімен көріп, керек десе, оқып мағлұмат кеңейтсін дедім, дей келе Т.Бейісқұлов орыс тіліндегі құжаттар мәтінін аударусыз сол күйінде береді.

Тергеу құжаттарын зерттеушілердің анықтауына қарағанда, С.Сейфуллин жасырын ұйымға Слеев, Лепесов, Алдабергенов, Камалов, Қаратаев, Есенжанов, Шалабаев, Тәкежанов, Уәмиттов, Әбдіқадыров, Тәжібаев, Жароков, Тұрманжановтарды тартты деуге сенуге болмайды. Олардың біразын Б.Майлин тартқан деп кінәлаған. Бірақ бұл сенімсіз нәрсе, тергеушілердің қиыстыруы ғана. Т.Кәкішев куәлар дегендермен Сәкенді беттестірмеген деп түйген Бейімбетті де беттестірмеген.

Тоқтар Бейісқұловтың сегіз томдық жинағының төрт томы қазақ әдебиетінің классигі осы «Қостанай таңы» газетінің бастауында тұрған біртуар журналист Бейімбет Майлин шығармашылығы мен оның қасірет қайғыға толы өмірін зерттеуге арналған. Бұл төрт томдығын оқи отырып Биағаң өмірінің кейбір беймәлім кезеңдері туралы кең мағлұмат алдым. Жазушы журналистің «Ауыл», «Еңбекші қазақ» газеттерінде істеген кездеріндегі жазған журналистік шығармаларына зерделі талдау жасалады. Биағаңның соңғы күндері туралы тебірене жазды. Тоқтар ағамыз мұрағат материалдарының әр жолына, әр нүктесіне дейін үңіліп, ақиқатты аша білді.

Қазақ қара сөзінің, соның ішінде әңгіме жанрының майталман шебері Бейімбет Майлиндей саңлақ жазушының кейіп-кеспірі қалмаған суреті көз алдымызда тұр. Көздері мағынасыз бақырайып, еріндері ісініп, бет-ауызы домбыққан, шашы удар-дудар бұл сурет ғалым, жазушы Тоқтар Бейісқұлов ағамыздың Ұлттық қауіпсіздік Комитетінен алған суреті. Осы суретті «Бейімбеті атқан кім?» деген тақырыппен мұқабаға шығарған Тоқтар Әбдірахманұлы кеңестік КГБ архивінде сақталған жерінен қолға түсіріпті. Қазақ қаламгерлерінің ішіндегі Бейімбеттің бірегей жоқтаушысы, зерттеушісі Тоқтар Бейісқұлов екенін көзі қарақты, зиялы оқырманның бәрі де білсе керек.

Осы орайда аталмыш кітаптың кіріспе сөзін жазған академик Манаш Қозыбаев «автор, қазақ әдебиетінің алыбы, Бейімбет Майлин туралы ұзақ жылдар бойы зерттеу жүргізіп, еңбектеніп келеді. Зерттеушінің табандылығы, кейіпкерге деген сүйіспеншілігі, материалды толық игергендігі, шыншыл тарихқа деген көзқарасы Тоқтар Бейісқұловтың пісіп жетілген майталман ғалымдығын танытады. Өзінің парасаттылығын білдіреді.  Бір сөзбен айтсақ, ол өз еңбегімен Б.Майлинге рухани ескерткіш орнатып журген ғалым, жазушы» деп көрсетеді. Тоқтар ағамыз туралы осыдан артық дәріптеп жатудың қажеті де жоқ.

Соңғы кезде тілімізге жаңа бетбұрыс басталды. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жария етілді. Бұлай көңіл бөлінуі құптарлық. Осы құжатпен танысқанда тілге байланысты Бейімбет Майлиннің жазғандары ойыма оралды деп жазды ұшқыр қаламгер жазушы Т.Бейісқұлов. Ол өз халқының сақталуына немқұрайды қарамаған бірегей азамат. Бейімбет тілге шығармаларында да, мақалаларында да, фельетондарында да өте көп көңіл бөлген. Өз халқының тіл қайнарынан сусындаған ол, барлық көркемдік сәнін, шешендік әрін, бұлақтай тұнық нәрін құрмет тұтып, шығармаларын көңілге қонымды, санаға сіңімді етіп жаза білді. Қашанда Б.Майлин тіл қадірін сөз құдіретін қастерлей білген қаламгер. Сондықтан да ол тіл ұстарту мәселесіне енжар қарау-біздің басты мініміз. Сөз саралауда қанша талпыныс болғанмен, кедір-бұдырлық, дөп баспаушылық әлі де жеткілікті»- деп, сөз қолдану жайына сыншылдықпен қараған.

Тілімізді шұбарлап бұрмалау, тілімізді сақтау, оған менсінбей қараушылық Б.Майлиннің мына фельетон-оқшауларынан жақсы байқалады. «Рақымбайдың мақаласы», «Перевод», «Бидіш, шалабек занит», «Олай емес», «Казакский, язык!», «Серый ме, карешнеби ме?» деп әшкерелеудің әртүрлі әдіс-тәсілдері байқалады.

Бейімбет ... Қазақ әдебиетінің тарихында орны ерекше жазушы. Ең алдымен Би-ағаңдай еңбекшіл жазушыны табу керек. Би-ағаңдай қарапайым жан дүниеге келуі де екіталай. Аз өмірінде бір кітапханалық шығарма жазған оның ұсталығында 5-6 романның қолжазбасы болуы Би-ағаңның творчестволық лабораториясының кең сарай екендігін аңғартады.

Зерттеуші қалам тартқан кезең-қилы заман кезеңі. Жалпылама террор барша совет халқының басына келді. Алайда осы алапат қазақ басына ерекше, өйткені, боданшылық рух оның қанына ертеден сіңгендігі, сұрқия заман сол инстинкте ойнаған індетті жандарды, басына түскен азаматтар бірін-бірі сүйрепала кетті. Би-ағаң осылай жетекте кете барды. Осылай десекте Би ағаң ұсталуында заңдылық та бар. 30-шы жылдардағы жалпылама террор қалың өрт сияқты, ол өртке Би-ағаң шарпылмайқалып қоюы неғайбыл, себебі, ол өз анкетасында өз қолымен алашорда милиясына қатысқанын жазады. Ал советтік жазалау жүйесі болса алаш азаматтарынан ешкімді де жазаламай қалдырған жоқ. Алашты құрту оның программалық мақсатына айналды.

1937-1938 жылдары өзара қаралау неге етек алды? Осыған зертеушінің ойы мынадай: «Менің ойымша, біріншіден, жамандық-жамандық тудырады. Абай айтқандай, тек достық-достықты шақырады. Ендеше сұрқия замана тек жамандықты қоздырып қана қоймай, көрікті отша лаулатып, қыздыра түсті. Екіншіден, отаршылдық заманасында бөлшектеу, бір-біріне қарсы қою идеологиясы үстем еді. Қазақ азаматтары арасындағы алауыздық, бірінен бірі өш алушылық отаршыл жүйеге көмектесті.

Үшіншіден жазушы қауым арасын күншілдік жайлады. Б.Майлинге іштарлық жасау өте көп болды.

Төртіншіден, жазушы өмір қайшылығын терең түсінді. Оның шығармаларын астарлап, сол қайшылықтарды айшықтады. Ал совет жазалау саясатының қайраткерлері ұлт саласының символына айналған жазушыны өте қауіпті деп тапты. Осы факторлардың бәрі Майлинді жазалауға әкелді. Байқап отырсақ, сол ұлы заманның логикасын Тоқтар Бейісқұлов байқап аша білген.

Жүйе ұлы жазушыны мәңгі құртамын деп ойлады. Атты. Бейітін елден жасырды. Дұғасыз қалдырды. Бірақ әділдік жеңді, Би-ағаң сапары оны мәңгілікке, өмірбақи өлімге қимайтын сапарға айналды.

Қорыта айтқанда, Тоқтар Бейісқұлов Б.Майлин туралы көп еңбектеніп, көп ізденді, ол кісінің ізденгіштігіне, ерінбей-жалықпай материалдарды ақтарып, оқып, зерттеп талдап біздей жастарға көп мағлұматтар жинақтап бергеніне таңдана да , таңқала да ризашылығыңды білдіресің.

Дана Мәулен
Бөлісу: