Т. Жұмырбаев: Қазақстан этностардың естеліктеріне қамқорлықпен қарайды

26 Шілде 2019, 21:47 2291

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» республикалық жастар ұйымы литвалық жастармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында қонақтар Достық үйіндегі этномәдени орталықтардың жұмысымен танысып, «Аманат» қазақ ұлттық қолөнер көрмесін тамашалады.


Литвадан 18 шілде күні келіп жеткен экспедиция бұған дейін Қарағанды және Павлодар облыстарына барған. Ол жақтарда репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылып келген ата-бабаларының зиратына тағзым етіп, ұрпақтарымен кездесті. Сонымен қатар «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып қайтты. 

Жалпы экспедицияның мақсаты – Қазақстандағы жер аударылып келген литвалықтарды іздестіріп, олардың зиратына жөндеу жұмыстарын жүргізу және ұрпақтарымен байланыс орнату.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов экспедициялық топты қарсы алып, ҚХА қызметімен таныстырды.


«Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. ҚХА институты еліміздегі барлық этностардың қоғамдық келісім мен татулықта өмір сүруі бағытында үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бастапқы кезде кеңесші орган ретінде танылса, қазір конституциялық органға айналды.

Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен сарапшылар ҚХА үлгісін халықтардың бірлігін сақтайтын бірегей үлгі деп бағалап отыр. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшылары – Кофи Аннан және Пан Ги Мун қос ұйымның ұқсастығын атап өтті.

Біз шетелден келген қонақтарды әрдайым ыстық ықыласпен қарсы аламыз. Қиын-қыстау замандарда қазақ еліне жер аударылып келген халықтардың тарихи отанындағы ұрпақтары елімізге арнайы миссиямен келетін болса, оларға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Ш. Пулатов.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» РЖҰ төрағасы Тимур Жұмырбаев өткен жылы алғашқы рет литвалық экспедицияны қарсы алғанын айтып, бүгінгі күні Қазақстан мен Литва елдері арасында достық қарым-қатынастың нығайғанын атап өтті.


«Екі елдің тарихы, мәдениеті, кейбір салт-дәстүрінде ұқсастық бар. Оған бүгін өздеріңіз де көз жеткізе алдыңыздар. Қолөнерімізде көптеген ортақ дүниелерді байқадық, тіпті тіліміздегі «күн» сөзі ұқсас екен.

Сіздердің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олар туралы естеліктерді сақтаудағы бағалы жұмыстарыңыз тарихымызды ортақтастырады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихи орындарды сақтауда маңызды жұмыс атқарып отыр. Елбасының бастамасымен белгіленген 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде жыл сайын ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оған жер-жерлерден ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар және жазушылар жиналады. Конференцияда зұлматты жылдардағы тарихи оқиғаларға байланысты жарық көрген жазбалар, кітаптар мен ғылыми еңбектер таныстырылады. 

Қазақстан зұлматты күндерде елімізге келіп жеткен этностардың естелігіне қамқорлықпен қарайды. Оның ішінде киелі жерлерді аралап, олардың өшпеуіне үлесін қосып жүрген жастардың жұмысы өте маңызды. Қазақстан мен Литва жастары ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді», – деді Т. Жұмырбаев.

Экспедиция жетекшісі Арнольдас Фокас Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке алғысын білдіріп, экспедиция жұмысы мінсіз өтіп жатқанын атап өтті.


«Қазақстандық достарымызбен жыл бойы әлеуметтік желі арқылы байланыста болдық. Бұл жолы да көп көмек көрсеттіңіздер. Келген күннен бастап литвалықтармен байланысы бар жерлерді араладық. Бұның бәрі ұлтымыз үшін тарихтағы қайғылы кезеңдер. Біз үшін маңызды. Қазақстанға жолға шығарда мыңдаған жерлестеріміздің өтініші мен тапсырмаларын арқаланып келген едік, соның бәрін толық орындадық», – деді А. Фокас.

Кездесуден кейін экспедиция мүшелері Елордамыздың көрнекті жерлеріне барды.



 Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: