ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өртті сөндіру кезінде ерекше көзге түскен құтқарушыларды марапаттады, деп хабарлайды El.kz.
«Мемлекет басшысының атынан біздің министрліктің бірқатар ерекше көзге түскен қызметкерлерін, Қорғаныс министрлігінің, ІІМ өкілдерін, волонтерлерді, қоғамдық ұйымдарды марапаттау мәртебесіне ие болдым. Өздеріңіз білетіндей, Қостанайдағы тілсіз жау 2 қыркүйекте басталды. Қатты өрт салдарынан елді мекендерге қауіп төнді. Өкінішке орай, 91 үй зардап шекті, бір адам қаза тауып, 12 адам зардап шекті. Бүгін Президент тапсырмасымен тұрғын үй қорын қалпына келтіруге ақша бөлінді», - деді Юрий Ильин марапаттау кезінде.
Төтенше жағдайлар министрі өрт сөндірушілерге, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне, еріктілерге мемлекеттік наградаларды табыс етті. Барлығы 20 адам мемлекеттік наградалармен марапатталды, сондай-ақ 48 қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.
Әскери және қызметтік борышын орындау кезінде жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Алдияр Әкім, Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Сұлтан Ахметқалиев, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Азат Әбуқалық, Қостанай облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №23 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрсұлтан Бағытжанов, «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің командирі Ержан Базаров, Қостанай облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №15 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Аслан Байгөбенов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ, «Ерігі үшін» медалі ерікті Алексей Бауэрге, Қостанай облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №21 өрт сөндіру бекеті бөлімшесінің командирі Айдос Боранбаевқа, «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің командирі Айбек Ержановқа, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Самат Жапаровқа табысталды.
Ақмола облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Нұрсұлтан Жолдасов, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5510 әскери бөлімінің сержанты Қуанышбек Қайыров, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №18 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Алмат Махамбетов, Ш. Қабылбаев атындағы ІІМ Қостанай академиясының старшинасы Абай Мусин, ерікті Ербол Рахин, Астана қаласы №6 мамандандырылған өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі бөлімшесінің командирі Әнуар Төлеухан да «Ерлігі үшін» медалін алды.
Бұдан басқа, «Ерлігі үшін» медалімен Қорғаныс министрлігі 31775 әскери бөлімі материалдық-техникалық ротасының тракторшысы Александр Флейтлинг, «Қазақстан темір жолы «ҰК« АҚ өрт пойызының бастығы Мұрат Хасенов, Ақмола облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Медет Шайсұлтанов, Ақмола облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Максим Щурихин марапатталды.