Түркияда қазақтың белгілі ақыны мен композиторы Естай Беркімбаевтың 150 жылдығы кеңінен аталып өтілмек

6 Желтоқсан 2018, 06:12 2655

«Түріксой» Түркі мәдениеті ұйымының 25 жылдығы мен әйгілі ақын, әнші, композитор, Естай Беркімбаевтың 150 жылдығына орай желтоқсан айының 7-сі мен 10-ы аралығында Түркияның Стамбул және Анкара қалаларында Естай күндері өтеді. Шара «Түріксой» ұйымының тікелей қолдауымен іске асып отыр.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Ертіс-Баян тарихи тұлғалары» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы бастаған павлодарлық делегация Түркияға жол тартты.

«Естай әндері шырқалып, ақын бабамыз туралы фильдер көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылмақ. Естай өмірі мен шығармашылығына арналып конференция ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр», – деді Алтынбек Нұхұлы.

Шараға Павлодар облысынан бір топ зиялы қауым өкілдері мен Естайдың ұрпақтары, сондай-ақ дәстүрлі әншілер мен естайтанушылар шақыру алды.

Айта кетейік, 5 желтоқсанда Алматы қаласында әнші-сазгер бабамыздың мерейтойы шеңберінде республикамызға танымал өнер иелері Ерлан Төлеутай, Еркін Шүкіман, Тілеулес Құрманғали және «Арнау» фольклорлық ансамблінің қатысуымен «Майда қоңыр» атты дәстүрлі ән кеші өтті.

Бөлісу: