Түркістандық полицей 5 жасар қыз бен мүмкіндігі шектеулі жанды өрттен құтқарып қалған

5 Қыркүйек 2022, 23:38 2376

Біз, осы аумақтың тұрғындары полицейдің ерлігіне куә болдық. Осыған байланысты бұл батыр полицейге алғысымызды білдіреміз.

Түркістанда учаскелік полиция инспекторы өрт шыққан пәтерден мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жасар қызды құтқарған, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап.

Учаскелік полиция инспекторы өрт кезінде мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жасар қызды құтқарып қалды. Содан тұрғындардан Түркістан қалалық Полиция басқармасына хат келіп түсті.

Өрт орын алған пәтердің ішіне полиция капитаны Олжас Ерсұлтанов кіріп, үйде төсек тартып жатқан мүгедек ер адам мен 5 жас шамасындағы қыз баланы құтқарып алып шықты. Содан кейін полиция қызметкері өрт сөндірушілер келемін дегенше тұрғын үйдегі өртті жалғыз өзі сөндірді. Біз, осы аумақтың тұрғындары полицейдің ерлігіне куә болдық. Осыған байланысты бұл батыр полицейге алғысымызды білдіреміз. Ол осы қызметке тағайындалғалы бері ауламыз тыныш, құқық бұзушылықтар көп орын алмайды, жалпы еңбегі адал дегіміз келеді. О.Ерсұлтановтың ерен еңбегін бағалап, оны марапаттауыңызды сұраймыз, – делінген хатта.

Бұл оқыс оқиға туралы басты кейіпкер Түркістан қалалық Полиция басқармасының №4 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Олжас Ерсұлтанов былай деді:

Мен күнделікті аулаларды аралап, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген болатынмын. Кенет көпқабатты үйдің 2-қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқанын байқадым. Дереу оқиға орнына жетіп, үйге кіріп кеттім. Кірсем, пәтердің жатын бөлмесі өртеніп, іші көк түтін болып жатыр екен. Оған қарамастан, мүмкін үйде адам бар шығар, құтқаруым керек деп ойладым. Содан үй ішінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын мүмкіндігі шектеулі ер адам мен 5 жас шамасындағы кішкентай қызды анықтап, екеуін де қауіпсіз жерге шығардым. Алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Ең бірінші мақсат – жедел әрекет ету, адам өмірін арашалап қалу болды.

EL.KZ
Бөлісу: