28 жастағы Қымбат Сарыбайқызы Раяна, Рәзия және Рәбия есімді үшемді дүниеге әкеліп, алты баланың анасы атанды, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бір ай бұрын дүниеге келген үшемдер 30 күн бойы дәрігерлердің қарауында болып, бүгін үйіне шығарылды. 3 ұлдан кейін қызды болуды армандаған Тинебековтер отбасы бірден 3 қызғалдақпен толықты.
Қазір үш қыздың жағдайы қалыпты. Алдағы уақытта да жағдайларын қадағалап, тұрақты түрде бақылап отыратын боламыз, - деді перинаталды орталықтың бас дәрігері Гүлбану Жұмағалиқызы.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы көпбалалы отбасыға қала әкімнің құттықтауын жеткізіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті. Ал, үшемдердің анасы үлкен құрмет көрсеткен қала басшылығы мен дәрігерлерге алғысын айтты.
Керемет сезім, ештеңе айта алмаймын, қатты қобалжып жүрмін. Бүкіл перзентханаға үлкен алғыс айтамын, дәрігерлері керемет! Құдайға шүкір, жолдасым мен енем жанымда болды. Қазір үйде бүкіл отбасым күтіп отыр, өте қуаныштымын! Болашақта тағы балаларым болады деп ойлаймын, - деп Қымбат.
Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері Түркістан қаласында 3740 нәресте туылса, оның 16-ы егіз. Ал, бұл жыл басынан бері қалада дүние есігін ашқан екінші үшем.