Түркістанда Ұлт көшбасшысының Тәуелсіз жылдарда атқарған жұмыстары мен жетістіктері өскелең ұрпаққа дәріптелуде

27 Қараша 2019, 18:12 3291

Бүгін «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ғимаратында 1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы – ел тірегі!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.


Түркістан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков жүргізген жиынның басты мақсаты – ұлт көшбасшысының Тәуелсіз жылдарда атқарған жұмыстары мен жетістіктерін өскелең жасқа дәріптеу.


«Бүгін біз Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салған сара жолын, қазақстандық қоғамның ішкі бірлігі мен бірегейлігін қамтамасыз етуде, қоғам тұрақтылығын сақтауда сіңірген ерен еңбегін әңгіменің арқауы етпекпіз» дей келе, Ғани Құрмашұлы жиынға қатысушыларды таныстырып, ортақ тақырып төңірегіндегі баяндамалар легіне кезек берді.


Облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, зиялы қауым өкілдері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері басқосқан дөңгелек үстелде Нұрсұлтан Әбішұлының ғұмырынан үзінді қамтылған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Дөңгелек үстелге қатысқан Сайрам аудандық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зумрад Ахмедова Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында Ассамблеяның іргесі қаланғанына алғыс айтып, бірлігі бекем елдің мақсат-мұраттарын айқындап атап өтті.


Дөңгелек үстелде мінбеге шыққан татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов бір шаңырақ астында ұлт пен ұлысты ұйыстырып, тату-тәтті өмір сүруге даңғыл жол ашқан сарабдал саясаткер туралы пікірін жалғады.


Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің I курс студенті Шохсина Мелибаева этнос жастары атынан сөз алып, кемеңгер тұлға туралы ой толғады. Ол өз сөзінде жалындаған жастардың жанашырына айналған Елбасының жастар үшін жасаған мол мүмкіндіктерін атап өтіп, ел үмітін ақтау жолында еңбек ететінін де жасырмады.


Баяндамадан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша өзара пікір алмасып, дөңгелек үстел соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Бөлісу: