Түркістан оазисінің мәдени ескерткіштері

31 Шілде 2021, 17:56 6656

Көне қалалар қандай оқиғаларға байланысты құрылды?

 

Ұлттық мұрамызды елге таныту жалпы әлемдік мәдени құндылықтар контексінде жүргізіледі. Сонымен қатар көшпелі қазақтардың тас ғасырынан бүгінгі күнге дейінгі адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді. Қазіргі заманға дейінгі тарихымызда назар аударта кететін тағы бір өңір – Түркістан аймағы. Талай дәуірден бері рухани астана атанған аймақтың ел мәдениетіне қосқан үлесі шексіз. Өйткені онда ғасырлардан сыр шертетін ауқымды ескерткіштер орналасқан. Бүгін біз Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы Археология институтының Ежелгі дәуір және орта ғасырлар бөлімінің аға ғылыми қызметкері Айсұлу Ержігітова мен тарих ғылымдарының кандитаты, археолог Ерболат Смағұловтың еңбектеріне көз жүгірттік. Аталған зерттеу еңбегін пайдалана отырып, Түркістан оазисіндегі мәдени ескерткіштер туралы сыр шертпекпіз.

 

Ұлы ортаазиялық Сырдария өзені бойында тізбектеле орналасқан қала мәдениеті жазираларының (оазис) арасында Түркістан оазисі орталық орынды алады. Сірә, тек географиялық мағынада ғана емес. Оазис аумағы өзен алқабы мен Қаратау жотасының оңтүстік етегі арасында шамамен 1800 км2-ге есептеліп отыр. Қоныстандыру мен отырықшы шаруашылық нысандарын жүргізу үшін неғұрлым қолайлы аймақтарда ертеден бастап өз иерархиясы бар елдімекендер жүйесі қалыптаса бастайды. Ертедегі тұрақты қоныстардың пайда болуы мен дамуының негізгі факторлары – орналасудың ыңғайлылығы, егіндік өсіруге жарамды су және жер бөліктерімен қамтамасыз етілуі, жайылымдар мен егістіктерді пайдалану болып табылады. Уақыт өте келе факторлардың тұтас кешені әсерінен қоныстар арасында оның ерекше мәртебесі мен жедел өсуін қамтамасыз ететін қосымша функцияларды өзіне тұтастырған қоныстардың бірі бөлініп шыға бастады. Қазақстанның оңтүстігінде Сырдария маңындағы аймақта осындай ынталандыру факторларының бірі қоныстардың қатынас жолдарында орналасуының арқасында өңіраралық саудаға қатыса алуы болды. Орта ғасырларда Жібек жолы ретінде танымал болған сауда жолының Сырдария маңындағы бөлігі Шаш/Ташкен – Тарбанд/Отырар – Түркістан/Шауғар – Сауран – Сығанақ және т.б. сияқты шағын оазистердің орталығына айналған белгілі қалалар арқылы өтті.

 

Ондаған үлкен және шағын қалалар мен қоныстардың әрқайсысы елдің жалпы тарихының бөлшегіне айналған өзінің жеке тағдырын бастан кешірді. Бұл ретте, олардың материалдық мәдениетінің тарихы қазақ ортағасырлық мәдениетінің қалалық, отырықшы-егіншілік компонентін жан-жақты сипаттайды. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жүргізген Түркістан археологиялық экспедициясы еткен ғасырдың 90-шы жылдарында оазиске жаппай зерттеу жүргізіп, мұнда елуден астам әртүрлі ауқымдағы отырықшы және қалалық мәдениет ескерткіштерінің бар екенін анықтады. Олардың ішінде ең маңыздысы ретінде ортағасырлық Түркістан және Сауран қалаларының ескерткіштері ерекшеленді.

 

Түркістан қаласы өз Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірге жергілікті және халықаралық туризм үшін «Меккеге» айналғаны белгілі. Ал, Түркістанның көне цитаделі — бұл сақталуы мен маңыздылығы бойынша бірегей сәулет-фортификациялық ескерткіш, Қазақстанның ежелгі қалаларындағы жасы бойынша сәйкес сәулет құрылыстары әлі белгісіз. Ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жақын 300 метр жерде, яғни «Қазақстанның рухани астанасы» қасиетті жүрегінде орналасқан.

 

Ортағасырлық жазба деректер мен жергілікті халық аңыздарына сәйкес, қазіргі Түркістан қаласы ортағасырда Ясы/Йассының шағын қалашығы болған, бүгінде оның қираған жұқанасы Күлтөбе төбесінде орналасқан. Мұнда соңғы жылдары Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы археологиялық институтының Түркістан археологиялық экспедициясы ежелгі Ясы цитаделінің саулет кешені құрылысын зерттеді. Сәулет құрылымдарының бірегей сақталуы (биіктігі 3,5 метрге дейін) бүкіл кешеннің жоспарын қайта қалпына келтіруге ғана емес, ежелгі сәулет тарихының мәселелерін зерттеуге де мүмкіндік береді. Мұнда цитадельдің бекінісі ашылған. Оның бірқатар құрылыс кезеңдерін бастан кешкені анықталды. Ал, негізінде биік, крест пішінді екі-үш қабатты мұнара/донжон түрінде болған.

 

Ежелгі цитадельдің бірегей сәулет кешені ежелгі Түркістан дамуының бастапқы кезеңінің түрлі уақыттағы және әртүрлі функционалды құрылыстарынан тұрды. Мұнда ежелгі қалалық цитадельді қоршаған бекініс қабырғалары (б. з. I-II ғасырында) анықталды, оның мерзімі бойынша деректер алынды. Екінші кезеңдегі ғимараттардың едендерінен табылған б. з. ІІ ғасырының ортасына жататын қола кушан тиындары құрылыстың ерте кезеңін мерзімдеуге және цитадельдің б.з.д. ІІ ғ.-б.з. II ғ. ауқымында қызмет істегенін анықтауға мүмкіндік береді. Тиындар Кушан империясының хан/императорлары атынан шекiмеленген, олар дәуірлер аралығында Орта Азия, Ауғаныстан, Иран мен Үндістанның жартысына таралды... Оның билеушілері Қаңлы династиясы патшаларына туыс болды. Кейбір ғұрыптық белгілердің табылымдары ежелгі құрылыстың қызметіндегі ғұрыптық екпін туралы анық айтады.

 

Ашық көне сәулет құрылыстарында ежелгі Ясы өмірінің ғұрыптық, салт-дәстүр жағынан хабар беретін олжалар кешені табылды, оның өмір сүруінің келесі кезеңімен мерзiмделетін қыш пен басқа да жәдігерлердің маңызды кешені жинақталды (б.з. II—V ғғ.).

 

Шауғар қаласы ерте араб-парсы дереккөздері бойынша облыстың астанасы деп аталған, оның орталығы кейіннен Түркістан қаласы болады. Шойтөбе қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарынан алынған археологиялық олжалар осы қалашықтың орнында IX-XIV ғасырлардағы маңызды қала болғанын көрсетеді. Бірқатар белгілер бұл қаланың өңірдегі басты мәдени және саяси орталық болуы әбден мүмкін екенін айта алады.

 

IX ғасырдың соңынан бастап Шауғар аймағы саманид әулетінің құрамына нақты қосылғандығы белгілі. Жазбаша дереккөздерде (Әл-Истахри) саманид билеушісі Наср ибн Ахмадтың (864-882 жж.) Шауғарға үлкен әскермен жорыққа барғандығы туралы хабарлайды. Ол Сауран, Сүткент пен Шауғарға дейін жетті. Шауғар өңірінде олар бірнеше мың түркілерді өлтірді. Әл-Истахри: «Мәуереннахрдың барлық шекараларында – Хорезмнен Испиджаб маңына дейінгі түркілер оғыздармен, Испиджабтан бастап Ферғананың алыс жерлеріне дейін – түркілер-қарлұқтармен әскери іс-қимыл жүргізді» деп атап көрсеткен. Саманидтер кезінде Шауғар Испиджаб аймағына кірді. Ол жергілікті түркі династиясымен басқарылды және xарадж төлеуден босатылу сияқты бірқатар маңызды артықшылықтарға ие болды. Саманидтер үшін Испиджаб Жетісу қарлұқтарын тежейтін солтүстік-шығыс шекарасындағы маңызды алдыңғы шеп және Әл-Макдисидің айтуынша, «даңқты шекара бекінісі мен сенім үшін соғыс орны» болған. Сондықтан да мүмкін, Испиджабтың иесі саманидтер сарайына – 1/6 дирхемге тең ұсақ тиын мен сыпырғышты символдық төлем ретінде жіберіп отырды.

 

IX-XI ғғ. Шауғар қаласының ең жоғары гүлдену уақыты болды. Ол егіншілік және көшпелі мәдениеттердің жанасу аймағында орналасқан, бұл оның тез өсуіне және ірі қолөнер мен сауда орталығына айналуына ықпал етті. X ғасырдың аяғында Әл-Мақдиси Шауғарды былай деп сипаттаған: «Шауғар — кең аймақты үлкен қала, оның айналасы қабырғамен қоршалған. Базардың шетінде мешіт бар. Ол үлкен жолдан алыс орналасқан».

 

Шауғар сырдариялық қалаларды Орта Азия мен Хорезмнің егіншілік оазистерімен байланыстыратын сауда жолында орналасқан. Бұл жол Испиджабтағы Жібек жолының («үлкен жол») тармағы ретінде басталып, Арсубаникетке (Арыс қаласындағы Жуантөбе қалашығы) солтүстік-батысқа, ол жақтан Кедерге (Отырар оазисі), содан кейін Шауғар, Сауран, Сығанаққа қарай жүрді... Сығанақ ауданында Сырдарияның сол жағалауына өтетін өткел болды және әрі қарай жол Жент, Жанкент (Сырдарияның төменгі жағы) қаласына, ал Қуаңдария арнасының бойымен Хорезмге жүрді. Саманидтер мемлекеті құлағаннан кейін олардың иеліктері Әмудария өзені бойынша шекарамен қараханидтер мен газневидтердің арасында бөлінді. Қараханид мемлекетіне (942-1212 жылдары) Сырдария бассейнінде, Шауғар, Испиджаб, Жетісу, Шығыс Түркістан аймағында орналасқан жерлер кірді. X ғасырдың аяғы – XII ғасырдың басында Шауғар Қараханидтердің бір үлесінің құрамына кіргені ықтимал.

 

ХІІ ғасырдың екінші ширегінің басында Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азия Қарақытайлардың (Қидан) шапқыншылығына ұшырады. Қарақытайлар 1137 жылы қараханидтер мен 1141 жылы селжұқтардың әскерлерін талқандағаннан кейін Қараханид мемлекетінің жеріне ие болды. Қараханидтер қарақытайларға вассалды тәуелділікке ұшырады. XII-XIII ғасырлардың соңында қарақытайлармен күресті Хорезмшах мемлекеті жүргізеді. Хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш Сырдарияға бірнеше рет жорық жасап, Отырарды басып алды. 1210 жылы ол Тараз маңындағы қарақытай әскерін талқандады. Хорезмшах мемлекетіне Сырдарияның оң жағалауындағы Таразды қоса алғанға дейінгі оңтүстік Қазақстандық жерлер кірді. Стратегиялық тұрғыдан Сырдария аймағына маңызды Хорезмшах мемлекетінің құрамына кіруді декларациялайтын Мұхаммедтің саяси акциясы Ясы мен Отырар қалаларында тиындар шығару болды. Бірақ, Хорезмшахқа тәуелділігі ұзаққа барған жоқ. 1206 жылы Жетісуға Күшлік басқарған наймандар басып кірді. Деректерде айтылғандай, Хорезмшах Мұхаммед Сырдария маңындағы шекарада орналасқан қалаларды қорғауға мүмкіндігі болмай және оларды наймандарға да бергісі келмей былай деп бұйырды: «...Шаш, Ферғана, Испиджаб, Касан және басқа да қалалардың тұрғындары – бұл әлемде сау және гүлденген қалалар болған жоқ. Олардан көшіп, мұсылман облыстарына қосылыңдар, содан кейін ол қалалардың барлығын қиратыңдар». Дегенмен, Хорезмшахтар Сырдарияның орта ағысындағы аумақты игергенімен, осы оқиғаларды сипаттайтын дереккөздерде Шауғар туралы мәліметтер жоқ. Сонымен қатар ХІІ ғасырдан бастап Шауғар атауы ортағасырлық тарихи-географиялық әдебиет беттерінен мүлдем жоғалады. Бәлкім, сол уақыттарда Шауғар қаласы аймақта өзінің маңызын жоғалтып, шағын қонысқа айналды. Дәл осы мерзімде аймақтың экономикалық, саяси орталығының рөліне Ясы қаласы ие болады.

 

Оның өмірі XIV ғасырдың бірінші жартысында толықтай тоқтады. Шауғарлықтар, мүмкін, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қабырғаларына жақын келіп, қарқынды дамыған Ясы/Түркістан қаласы тұрғындарының санын толықтырды. Сонымен тарихымызда Қаратау бөктерінде гүлденіп, біртіндеп кең ауқымды оазистің өңірлік орталықтарына айналған Шауғар мен Ясы (Түркістан) қалаларының тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты болды.

 

Түркістан оазисіндегі киелі ескерткіштердің бірі – Сидақ қаласы болып саналады. Археологиялық материалдар көрсеткендей, ерте ортағасырлық және кейінгі ежелгі дәуірде бұл бекініс кейінгі сармат қауымы үшін ықпалды арғы аталарының ғибадатханасы болды. Ал кейінірек, ислам дінінің салтанат құруы кезінде оған осы аймақта белгілі сопылық бағытты уағыздаушы, миссионер, ислам дінін таратушы Шайдаи-шейх жерленген. Ол ислам алдындағы еңбегі бойынша Қожа Ахмет Яссауимен бірдей дәрежеге ие болған замандасы болып табылады. Айтпақшы, Сидақ ата-Сейдақ ата атауы шын мәнінде Шайдай шейх есімінен бұрмаланған. Сонымен қатар мұндай стратиграфия — Ислам жақтаушысының жерлеу қабірі, шын мәнінде пұтқа табынаушылардың ғибадатханасының қираған үйінділерінің арасында символдық көрінеді. Осы өлкеге кезекті жаһандану толқынында жаңа идеологияның жеңісін бейнелейтіндей. Қалашықтың төменгі жағында орналасқан оның қабірінің үстіндегі қарапайым кесене әлдеқашан толық қираған. Бірақ оның қираған үйінділері жергілікті қазақ халқы үшін тартымды болып қала береді.

 

Түркістан археологиялық экспедициясы жүргізген археологиялық зерттеулер нәтижесінде мұнда өмір сүрудің тоқтауы ғұрыптық құрылыстар мен оған іргелес тұрған тұрғындардың үйлерін шарпыған өрттің әсерінен болғаны анықталды. Табылған әртүрлі тиындар бойынша өрт қабаты VIII ғасырдың бірінші жартысымен мерзімделеді. Ал өрттің өзін VIII ғасырдың 20-40 жылдардағы Сырдария маңы аймағына араб-мұсылман әскерлерінің шапқыншылығымен байланыстыруға болады.

 

Сидақ цитаделін қазу кезінде алынған зерттеулер қандай тарихи оқиғаларға байланысты болуы мүмкін? VII және VIII ғасырдың бірінші жартысы Орталық Азия үшін арабтардың Батыс Түрік қағанатының шағын дербес «князьдіктер» түріндегі ортаазиялық мұрасын жаулап алу белгісімен өткені белгілі. 712-713 жылдары түркілер, шаштықтар, соғдылар мен ферғаналықтар, яғни арабтар әлі жаулап ала қоймаған аймақтарда арабтарға қарсы одақ қалыптасты. Осы кезде Ташкент, Отырар мен Түркістан оазистері біртұтас мәдени және әкімшілік-саяси құрылымды құрады. Араб қолбасшысы Кутейб ибн Муслим екі жасағымен Сырдария маңы оазистерін жаулап алуға кірісті. Шашқа басып кіріп, бүкіл облысты талқандаған солтүстік жасақтың әрекеттері туралы мәліметтер белгісіз және қысқа. Бұл жорық, Ташкент оазисінің бірқатар қалашықтарына ертпен әсер етуі мүмкін. Өрт салдарынан оның астанасы Мингурюк қалашығы қирайды. Тек ғасыр өткеннен кейін ғана Шаштың астанасы қайта жанданды, бірақ жаңа орында. 714 жылы Кутейба Исфиджабқа жорық жасайды. Бірақ 715 жылы ол жаңа халиф Сүлейменге қарсы көтеріліс жасап қайтыс болады. Одан әрі арабтар Сырдария маңы аймағына 723-735 жылдары жорықтар жасады. Бірақ толықтай бағындыра алмады. Ташкент оазисіндегі Актеп Юнусабадтың қираған үйінділерінен Арабия мен Иранда шекiмеленген 739 жылдың соңымен мерзімделетін Омейяд халифатының күміс дирхемдерінің көмбесі табылды. Яғни, Актептегі өрт пен қирауды нақты VIII ғасырдың екінші ширегіне жатқызуға, арабтардың жаулап алуымен байланыстыруға және Ташкент пен Отырар оазисінің басқа ескерткіштеріндегі өрттермен үйлестіруге болады.

 

751 жылы «Талас шайқасы» барысында арабтар шаштықтар мен түркілермен бірлесіп қытай экспедициялық корпусын жеңіліске ұшыратқаны белгілі. Бәлкім, оған дейін олар Сырдария маңындағы барлық оазистерді уақытша игеріп, атап айтқанда жазбаша дереккөздердің беттерінде көрініс таппаған осы оқиғалар Сидақ қаласының мәдени қабатында тіркелген болуы мүмкін.

 

Алынған әртүрлі жәдігерлер кешені Қазақстан халқының мәдениеті мен идеологиясының көптеген қырларын сипаттайды. Сидақта ашылған ғибадатханалардың жоспары мен құрылымы Сырдария маңындағы аймақта орналасқан және ІV ғасырдан бастап Соғды мен Орта Азияның басқа да тарихи-мәдени облыстарында таралған ескерткіштердің кең шеңберіне ұқсас екендігі анықталуда. Осы ғибадатханалармен байланысты дінді анықтау мәселесі ғылымда әлі күнге дейін пікірталас тудыруда.

 

Қазақстанның ортағасырлық қала мәдениетінің аса маңызды ескерткіштерінің бірі кейінгі орта ғасырлық Сауран қалашығы болып табылады. Өзінің сақталу дәрежесі бойынша ол бірегейлікке ие. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде бұл жерде бірегей сәулет құрылыстары ашылған: жұма-мешіт, қалалық орталық алаңдағы XIV-XVI ғасырларға жататын ханака мен медресе, Солтүстік бекініс қақпаларының құрылымдары, қала сыртындағы намазгох мешіті, үй-жайлар зерттелген. Бұл нысандардың кейбірі қайта жаңғыртылған.

 

Ортағасырлық Сауран қаласын зерттеуде ол б.з. І ғ.-б.з. ХІІІ ғ. жататын ежелгі екі ірі қалашықты қалдырғандығы анық деп есептеледі, бүгінгі күні олар Қаратөбе қалашығы және Түркістан мен Қызылорда облыстары шекарасындағы қазіргі Сауран қалашығы (ХІV-ХVІІІ ғасырларда) ретінде белгілі бірегей ескерткіштер. Қала туралы айтылған алғашқы жазбаша деректер X ғасырға жатады. Айта кетейік, бұл мәліметтер Қаратөбе қалашығының орнында болған Сауранға тиесілі. Макдиси оны былай деп сипаттады: «Сауран (Савран, Сабран) – бірінен кейін бірі кететін жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, ал онда рабад бар, қаланың ішінде соборлы мешіт орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтарға қарсы шекаралық бекініс болып табылады. Кейінірек Ибн әл-Асир мен Якут ол туралы ірі мәдени және сауда-қолөнер орталығы ретінде атап өтеді. ХІІІ ғасырдың ортасында армяндық елші Гетумның бағдаржолында «Савран» деген атаумен аталған Сауран қаласы – Сығанақпен (Сгнах), Қарашықпен (Харчук) және Яссымен (Асон) бір қатарда көрсетілген.

 

XIV ғасырдың бірінші жартысында Сауран Ақ Орданың астаналық орталығына айналды. Осы уақытқа тиесілі археологиялық материалдарға қарағанда, қаланың солтүстікке қарай 3 км-ге жылжығаны байқалады, ол жерде оның қорымдарының бірі болған. Бұл қалада 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орда билеушісі Сасы-Бұқа жерленген. Оның ұлы Ерзен Сауран мен басқа қалаларда медресе, ханак, мешіттер салдырды. Сауран кейінгі уақыттарда да елордалық орталықтың рөлін сақтап қалды. XV ғасырдың 80-жылдары қаланы алғашқы қазақ хандарының бірі – Жәнібектің ұлы Еренші сұлтан басқарды.

 

Сауран қаласы ХVІ ғасырдың Рузбихан жазбаларында жете сипатталған. Қала туралы құнды мәліметтер 1514-1515 жылдары осында өмір сүрген ақын және жазушы Васифидің мемуарларында жазылған. Сауран қаласының өмірі XVIII ғасырдың ортасына дейін жалғасты, бұл кезде қала «Түркістан маңындағы ұсақ орынға» айналды.

 

Сауран маңында орналасқан қызықты ескерткіштердің бірі – Мыртөбе қалашығы болып табылады. Васифидің мәліметтеріне сәйкес, Әлем-араб дінбасыларының ең ірі өкілі Сауран тұрғындары үшін жергілікті кәріздер сыйға тартқан. Кәріздер – жер асты суларын жер бетіне өздігінен шығаруға арналған гидротехникалық құрылыс болып табылады. Жүргізілген зерттеулер барысында қалаға кәріздік жүйедегі құдықтардың тізбектері жетелейтіні анықталды. Васифидің мәліметтері бойынша, басты тік құдық арнайы бекітіліп, осы құдықтан су шығыр арқылы көтерілді. Кәріздің шығу көзін қорғау мен бақылау үшін бекініс салынды, оны ғалымдар Мыртөбемен теңдестіреді.

 

Осы кезде, XV-XIX ғасырлардың Түркістан қаласы Қожа Ахмет Яссауидің қамқорлығы арқасында дамып, аймақтың жетекші сауда-экономикалық және мәдени орталығына айналды. Қаланың өсуі оның ішінде Отырар, Сауран сияқты аймақтың басқа да ежелгі экономикалық орталықтарының құлдырауы есебінен болды... ХХ ғасырдың басына дейін Түркістан тұрғындарының бір бөлігі өз ата-бабаларының Арыс өзені бойында тұрғанын есте сақтады, ол жерде экономикалық және мәдени орталық көпхалықты Отырар қаласы орналасты.

 

Осылайша, жинақталған жаңа археологиялық деректер Қазақстан тарихы мен мәдени тарихын зерттеудің деректану базасын едәуір кеңейтеді. Олар ежелдегі секілді барлық орта ғасырлардағы қала, отырықшы-егіншілік мәдениеті қазақтардың дала мәдениетін дамытудың маңызды факторы және құрамдас бөлігі болып қала бергенін дәлелдейді. Орта ғасырлық дәуірде Қазақстанның қалалық мәдениеті бірқатар күйзелістерді бастан кешірді және мұнда татар-моңғол шапқыншылығының өзі емес, оның салдары айтарлықтай елеулі болды. Даланың этно-саяси әлемдік ахуалын қайта құру белгілі бір өзгерістер мен мәдени құрамдас бөлігін туғызды. Көптеген қалалар шамамен XIV ғасырдың бірінші жартысына қарай өзінің орналасқан жерлерін ауыстырып, сонымен қатар олардың сыртқы және ішкі келбеті өзгереді. Соған қарамастан керуен сауда жолдары жүйесі тұтастай бұрынғы күйінде қалып, ал «жаңа» қалалар онда тораптық пункттердің рөлін атқаруды жалғастырды.

 

 

(Суреттер ҚР Ұлттық музейінің қорынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: