Түркістан облысында ломбардқа қарулы шабуыл жасалды

28 Қыркүйек 2022, 16:35 992

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркелді

Түркістан облысында ломбардқа қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жетісай аудандық полиция бөліміне қалада орналасқан ломбардтардың бірінің қызметкері арызданған. Айтуынша, кешкі уақытта бетіне медициналық маска, басына бейсболка киген ер адам қару ұстап кіріп келіп, ақша талап еткен. Үрейі ұшқан ломбард қызметкері кассадағы 1,2 млн теңгені ұстатқан. Күдікті оны касса кабинасында қалдырып, сыртынан құлыптаған. Солай ізін суытқан.

«Аталған ауыр қылмысты ашу үшін полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шұғыл жетті.

Полицейлер күдіктіні «ізін суытпай» құрықтау мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде бірнеше күн ішінде бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары сезіктіні тұрғылықты мекенжайынан ұстап, полицияға жеткізді. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті тонау әрекетіне бармас алдын қаладағы бірқатар ломбардты бақылап шыққан. Содан жәбірленуші тараптың ломбарды кешке дейін істейтінін біліп, оны тонауды ойластырған. Барынша қараңғы түскенін пайдаланып, ойын жүзеге асырған», - делінген полиция мәліметінде.

Күдіктің сөзінше, ол қылмысқа ақша қажет болғандықтан барған. Айғақты зат ретінде пневматикалық тапанша алынды. Қазіргі таңда ол қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бөлісу: