Түркістан облысында автобус пен газель көлігі соқтығысып қалды. Салдарынан бір адам ажал құшты, деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Анықталғандай, таңғы сағат 08:00 шамасында Самара – Шымкент тас жолында ГАЗель автокөлігі мен Yutong жолаушылар автобусы соқтығысқан. Жол апаты салдарынан автобус жолаушыларының бірі, Түркістан қаласының тұрғыны алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. 5 жолаушы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Қазіргі уақытта бұл жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша тіркелді. Сараптамалар тағайындалды. Қарсы бағытқа шығып кеткен ГАЗель көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.