Тұмаудан қалай сақтану керек ?

24 Қараша 2021, 17:01 10921

Дені саудың – жаны сау

 

Тұмау – жұқпалы ауру. Онымен үлкен де, кіші де ауырады. Сонымен бірге бұл сырқат жыл сайын қайталап ел арасына тез тарап отырады. Әсіресе, адамдардың көп жиналған жерлерінде, үлкен қалалар мен елді-мекендерде тұмау сырқаты тез тарайды. Осы орайда біз тұмаудан сақтану және алдын алу жолдары туралы ақпарат беретін боламыз.


 

Кей жағдайларда тұмау тек жекелеген адамдар арасында ғана кездеседі. Ал кейде осы жеке адамнан басталып тұмау аз уақыт ішінде бүкіл қалаға немесе бүкіл елге тіпті бір құрылыққа, қала берді дүние жүзі елдерінің бәріне жайылып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайды біз тұмаудың пандемиясы деп атаймыз. Мысалы, 1918 жылы бүкіл дүние жүзін қамтыған тұмау пандемиясынан 20 миллион адам қаза тапқан. Ал соңғы жылдары тұмау пандемиясы 1957 жылы байқалды.

 

Әсіресе қыс айларында тұмаумен аурушылар көбейіп кетеді. Сондықтан да бұл жұқпалы ауру тез тарап кетпес үшін алдын ала шаралар қолдану басты міндет. Өйткені бұл ауру адамдар арасында тез тарайды да, адам ағзасының тұрақтылық және қарсылық білдіретін күшін әлсіретіп, ескілікті созылмалы ауруы болса оны қоздырады. Ал аурудың басқа түрлерімен сырқаттанған адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, асқындырып жібереді.

 

Тұмауды қоздыратын ерекше вирустар бар. Оларды А, А-1, А-2, В, С және Д вирустары деп атайды. Тұмау көбінесе жылдың суық мезгілдерінде жиі ұшырайды. Тұмауды тек онымен ауырған адамдардан жұқтыруға болады. Өйткені, бұл ауруды қоздырушы вирустар ауру адамның мұрнында, көмейінде, жұтқыншағында және кеңірдегiнде болады. Сырқат адам сөйлегенде, жөтелгенде және түшкіргенде сілекейді шашырандылары ауыздан шыққан ауаның екпіні жан-жаққа тарайды да, қасындағы тұрған адамдарға жұғады. Сондай-ақ бұл сырқатпен ауырған адамдардың қолданған заттары арқылы да тез тарайды. Мысалы, орамал, ыдыс-аяқ, ойыншық арқылы немесе қол беріп амандасқанда, немесе сүйгенде жұғады.

 

Тұмаудың вирусы адамның тыныс алу жолдарына, aтaп айтқанда, мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабықтарына түскеннен кейін өте жылдам көбейіп, улы заттар шығара бастайды. Бұл улы заттар адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, организмнің қорғану күшін төмендетеді де, әр түрлі ауруларды қоздыратын микробтардың кебеюіне тікелей жол ашады, сөйтіп тұмаудың асқынуына әкеліп соғады.

 

Тұмауға шалдыққан адамның денесінде аурудың мынадай белгілері байқалады:

 

* Дене қызуының көтерілуі;

 

* Тітіркену;

 

* Басы ауырады;

 

* Денесі дел-сал болады;

 

* Бас айналу;

 

* Сүйектері мен бұлшық еттері сырқырайды;

 

* Мұрыннан су ағады;

 

* Кейде құрғақ жөтел пайда болады;

 

* Жарыққа тура қарай алмайды;

 

* Көзі ауырады;

 

Егер ауру асқынбаса, екі-төрт күнінің ішінде сырқаттанған адамның жалпы күйі біртіндеп жақсарады. Ал, небәрі алты-жеті күн ішінде жазылып кетуі де ықтимал. Ескертетін бір жайт сырқаттан қанша жазылдым деп ойлағанмен, оның бара-бара асқынып кетуі де мүмкін. Тұмаудың асқынуы салдарынан адамдардың өкпесі қабынып, құлақтың артқы бөлігі, мұрын мен оның маңайындағы қуыстары талаурайды. Тамағы ауырып, мұрыннан қан кететін болады. Жүрегі нашарлайды, тіпті кейбір кездейсоқ ауруларға шалдығып қалуы да мүмкін. Ал асқынған тұмау ұзаққа созылады.

 

Қарттар мен жас балаларда және басқа бір аурумен жүдеген, әлсіреген адамдарда тұмау өте ауыр өтеді. Шаршап, шалдығу, тоя тамақ ішпеу, суықта қалу және маскүнемдікке салыну адам ағзасын ауруға шалдығуға бейімдеп, тұмаудың асқынып кетуіне әкеп соқтырады.

 

Қорыта айтқанда, тұмау адам өміріне өте қауіпті ауру. Сондықтан да одан сақтану басты мәселелердің бірі болып табылады. Тұмаудан жеке адамдардың өздері сақтануы керек. Сонымен бірге қоғамдық және медициналық сақтандыру жолы да бар. Бұл іспен медицина қызметкерлері шұғылданады.    Ал, әрбір жеке адамдардың сақтануы және қоғамдық сақтану дегеніміз не? Оған мыналар жатады: мысалы, таза ауада орындалған дене шынықтыру мен спорт жаттығулары өкпені, жалпы денені шынықтырады. Жаттыққан және шыныққан адамдар тұмаумен өте сирек ауырады. Сондықтан дене шынықтырудың тiптi жеңіл түрі; таңертеңгі гимнастикалық жаттығулар, денені салқын сумен жуу, организмнің қарсылық көрсететін кабілетін арттырады. 

Витаминді тамақтардың, әсіресе С дәруменінің пайдасы зор. С витамині адамның тамырын жұмсартып, тканьдердің сырқат қарсылық күшін көтеруде маңызы үлкен. Сондықтан қыс айларында дәрумені мол тамақ ішкен дұрыс, немесе дәріханалардан дайтын дәрумендер сатып алып пайдаланған жөн. Тұмауға қарсы күресте әр түрлі қоғамдық орындарды: мектептерді, магазиндерді, асханаларды, жұмыс істейтін жерлерді, тұрғын үйлерді таза ұстаудың маңызы зор. Өйткені таза ауада тұмауды қоздырушы вирустар тез өледі. Сондықтан өндірістік және күнделікті тұрмыстық бөлмелерге әр уақытта таза ауа кіргізіп, шаңын сүртіп отыру керек.

Тұмаумен ауыра қалған жағдайда, амбулаторияға бармай, дәрігерді үйге шақырған жөн. Өйткені, ауырған адам маңайындағылар үшін инфекция таратушы болып саналады. Сондықтан сырқаттан қашан айығып, толық жазылғанша үйден шықпауы керек. Тұмаумен ауырған адам мүмкіндігінше бөлек бөлмеге жатқызып немесе жатар орнын шымылдықпен қалқалап қою қажет. Жөтелгенде және түшкіргенде сілекей, түкірік тамшылары айналадағы ыдыс-аяққа, басқа адамдарға шашырамау үшін бетті, қолды орамалмен немесе алақанмен қалкалау керек. Тіпті тұмаумен ауырған адам аузымен мұрнын төрт, алты қабат, дәкемен немесе басқа ақ заттан жасалған жапқышпен жауып алғаны дұрыс. Мұндай жапқышты күнде қайнатып жуып отыру керек. Тұмаумен жас балалар қатты ауыратын болғандықтан отбасында үлкен адамның бірі ауыра қалса, сәбидi мүмкiндігінше бөлек бөлмеде ұстау керек. Ауырған адамға жас баланы сүйгізбеген жөн. Егер баланың анасы ауыра қалса, ол аузы мен мұрнын жауып жүргені дұрыс.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: