Тұмау: вирустың эволюциясы және әмбебап вакцина

2 Ақпан 2016, 04:42

Тұмау маусымы

Бүгінгі таңда көпшілікті алаңдатып отырған тұмау эпидемиясы мен оның себеп-салдары туралы, доңыз тұмауы атанған (H1N1) қауіпті сырқатқа қалай төтеп беру керектігі жөнінде биолог маман Георгий Базыкин кеңес береді.

Адамдар эволюциядан ажал құшуда. Жер шарын мекендейтін халықтарда кездесетін өлім көрсеткішінің 30% микроорганизмдер эволюциясы барысында болады екен. Тарқатып айтар болсақ, вирус пен бактерияларды  тарататын инфекцияның ошағы адам организміндегі жасушаларға өзгеріс енгізіп, қорытындысында тіпті рак ауруына шалдықтырады.   

Биолог Георгий Базыкиннің пікірінше, біз аса мән бермегенімізбен ең қауіпті инфекция түріне – қалыпты тұмау жатады. Жыл сайын тұмаудың салдарынан 250 мың адам өз өмірімен қош айтысады. Тұмау эпидемиясының әйгілі түріне – 1918 жылы әлемдегі көптеген адамдардың өмірін жалмаған испанка болып саналады.    

 

Тұмау вирусының штаммы

Кез-келген биологиялық нысан секілді әрбір вирус мутация барысында құбылып, өзгеріске ұшырайды. Тұмау вирусы – жылдам өзгеретін вирус түріне жатады. Негізгі себеп – өн-бойындағы генетикалық ақпарат РНК молекулалары кодпен жазылады. РНК – жеңіл мутацияланатын молекула. Тағы бір себебі – тұмау вирусы жиі мутацияға ұшыраған сайын адамдардың арасында тез тарауға және жұғуға қауқары арта түседі.

Тұмау вирусының қасиеттері мутацияланған сайын өзгереді. Мутация нәтижесінің бізге ең танымал түрі – бұл вирустың антигендік құрамының өзгеруі яғни адам ағзасындағы аталмыш штаммды анықтайтын иммундық жүйе жасушаларының қабілеті.   

Мұндай өзгерістер антигендік дрейфке ұшыратады. Қазіргі таңда антигендік дрейфтің үлкен бөлігі тропикалық өңірлерде сезілсе, керісінше жер шарының солтүстік және оңтүстік беткейінде желтоқсан-наурыз және маусым-қазан айларында тұмаудың жаңа эпидемиясы басталады.

Әдетте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вакцинаны жарты жыл бұрын ұсынады.

Тұмау вирусының эволюциясы

Антигендік дрейфтен тыс тұмау вирусының эволюциясы антигендік қозғалысымен ерекшеленеді, мәселен вирус құрамындағы радикалды өзгерістердің орын алуы. Тұмау вирусының тұқымы адам ағзасындағы хромосомаға ұқсас сегіз түрлі сегментке жазылады. Егер адам жасушасы бір мезетте екі түрлі вирусты жұқтыратын болса онда ол сегменттер араласып, нәтижесінде тың қасиеттері бар жаңа вирустық бөлшектер пайда болуы мүмкін. Мұндай штаммдар эпидемияға әкеліп соқтырады. ХХ ғасырдағы үлкен індеттер, мәселен 50-70 жылдары болған немесе 1918 жылғы испанка секілді дерт дәл осындай себеппен пайда болуы мүмкін.   

 

Вирус мутациясының болжамы

Тұмау эволюциясын болжап білуге бола ма? Ғылыми зерттеу еңбектер бойынша вирустың бұрынғы эволюциясын білсең, болашақ эволюциясын болжап білуге болады. Вирустың қандай түрі эпидемия беруі мүмкін дегенді  аздап білу үшін штаммдарда қандай мутациялық айырмашылық бар екенін түсінген жөн. Егер вирус өз эпитопына мутацияның көп бөлшегін сіңірсе онда иммундық жүйенің беткі қабаты яғни ақуыз болса қатты білінбеуі мүмкін. Ал, керісінше геннің ішкі бөлшегінде мутация болатын болса онда иммундық жүйе үшін ол қауіпті. Тұмау вирусында 11 ген бар, олар бірінен соң бірі өзара әрекеттеседі.     

Доңыз тұмауы H1N1

2016 жылы белең алған тұмау эпидемиясы 2009 жылы алғаш рет байқалған екен. Биыл тараған тұмау түрі «доңыз» тұмауы деген атпен танымал. H1N1 вирусы шын мәнінде адамдарға доңыздан жұғады. Ал, вирустың сегменттерін талдап қараса кейбір бөлшектері құс тұмауынікі болса, келесі бір бөлшегі доңыз тұмауы, кейбір сегменті қалыпты H3N2 вирусы болып шыққан. Аталған вирустар араласып, инфекция тудырады. Бәрі бірігу арқылы доңыз тұмауы атағын жамылды. Биыл осы аталған тұмау түрі маусымдық тұмауға айналып отыр.

Тұмауға қарсы әрекет ететін вакцина бар. Алайда, уақыт өткен сайын вирус эволюциялық өзгерістерге ұшырап, оның антигендік құрамы жаңарған сайын иммундық жүйеде өзгерістер болады сол себепті вакцина ескіріп, күшін жояды. Нәтижесінде вакцинаны үнемі жаңалауға тура келеді. Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары өндірушілерге вакцинаның жаңа құрамын ұсынады.  

Материалды әзірлеу барысында биология ғылымдарының кандидаты, Принстон университетінің PhD, Мәскеу мемлекеттік университеті Биоинженерия және биоинформатика факультетінің жетекші ғылыми маманы Георгий Базыкиннің зерттеу еңбегі пайдаланылды.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

Бөлісу: