Осыдан ширек ғасыр бұрын қарашаның қақ ортасында қазақстандықтардың қалтасына алғашқы теңге түсіп, ұлттық валюта ғұмырының басталуымен егемендігіміздің іргесі беки түсті.
Осы жылдардың ішінде қазақ ақшасы бірнеше рет халықаралық нарықта ең әдемі, жоғары сапалы әрі қолдан жасау қиын валюталардың бірі болып танылып үлгерді. Алғашқы теңгенің беттерінде Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әбілқайыр мен Абылай хандар секілді қазақтың белгілі саясат және мәдениет қайраткерлер бейнеленді.
Бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі.
Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік ескерткіш банкнотына берген болатын.
Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» ескерткіш банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт болды.
Сонымен қатар, бүгін Қазақстанда қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтуде. Бұл кәсіби мейрам 2011 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілді.
Ұлттық валютаның тарихы туралы толық материалды осы жерден оқи аласыздар