Тәкаппар тау халқы – цахурлар

10 Қараша 2020, 15:10 16890

Қазақстан - ұлттар ұйысқан тату мекен 

Қазақстанды түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекендейтіні белгілі. Соның ішінде халық саны аз саналатын цахур ұлты туралы баяндамақпыз. Соңғы деректерге сенсек, 1999 жылға дейін Қазақстанда бары-жоғы цахур ұлтының 17 өкілі ғана тұрған екен. Бүгінде олардың санының қанша екені белгісіз. Цахурлер Дағыстан мен Әзербайжанның тұрғылықты халқы болып саналады.

Олар бүгінде осы Дағыстан, Әзербайжада, сондай-ақ, Ресей Федерациясының аумақтарында шашырап қоныстанған. Олардың бұрынғы кеңестік елдердің аумағына кезіндегі мәжбүрлі көші-қон кезінде қоныс аударып, бүгінде сол елдердің тұрғылықты тұрғындарына айналып кеткені де ақиқат. Жалпы цахурлардың саны 30 000-нан асады. Олар еуропалық нәсілдің балқан-кавказ нәсілінің каспийлік нұсқасына жатады.

Тілі

Цахур тілі кавказдықтардың әйгілі жеті тілінің нах-дагестан тобының лезгин тобына жатқызылады. Олардың тілінің өзінде үш диалект бар деп көрсетілген. Олар - цахур, гельмец, сапунчин диалектілері. 1952 жылға дейін Дағыстан цахурлары мектеп қабырғасында әзербайжан тілінде білім алып келген. Тек 1952 жылдан бастап мектеп бағдарламалары толықтай орыс тіліне көшіріледі. Цахур әліпбиі өткен ғасырдың отызыншы жылдарында латын қарпінің негізінде жасалған болатын. Цахурлардың бір бөлігі араб тілінде хат жазып келді. Цахур тілі рутуль тіліне өте жақын. 1930 жылы латын қарпінің негізінде алфавит жасақталған. Жергілікті мектептерде 1935 жылдан 1938 жылға дейін оқу цахур тілінде жүргізілді.

1990 жылы кириллица қарпіне негізделген жаңа алфавит жасалды. Бүгінде цахур тілі Дағыстандағы ресми тілдердің бірі болып саналады. Цахурлардың көпшілігі лезгин, әзербайжан, орыс тілдерін біледі.


Діні. Мұсылман сүнниттер

Цахурлар – Шығыс Кавказдың ежелгі тұрғындары. Алғашқы рет цахай деген атаумен VII ғасырлардағы армян және грузин жазбаларында аты аталады. Бастапқыда цахурлар қазіргі Дағыстан аумағын мекендеген, кейін олар қазіргі Әзербайжан бағытында көшеді. ХV ғасырдан бастап цахурлар территориясында сұлтанат құрылады. Оның орталығы Цахурда орналасады, ал ХVII ғасырдан бастап Елес елді мекенінде болады. ХІХ ғасырдан бастар цахурлар Ресей империясының қоластына өтеді.

Жалпы цахурлар өз тарихында үш діни наным-сенімде болған. Бұл ислам, христиандық және зороастрийлік. Бұл діндердің барлығы халықтың бүгінгі тұрмыстық өмірінде өз қолтаңбасын қалдырып, өзгеріс енгізді. Ал ежелгі уақыттарда цахурлар отқа табынған. Бүгінде халық тұрып жатқан аумақтардағы ежелгі құрылыстар сол уақыттардағы зороастрийлі сенімнің белгілері болып табылады. Мәселен, Мамрух деп аталатын цахур елді мекенінде жер тәңірі Спент Армайтидің шіркеуі бар, сол сияқты Гьаласкьар ауылында тағы бір әулие Аша Вахушт шіркеуінің қалдықтары сақталған. Айтпақшы, бұл әулие От Тәңірі болып саналады. Ал енді Юхара Чардахлар ауылында көк құдайы Ншара Ваирйяның шіркеуі бар. Зороастризмге сенген халық бір Басшы Құдай және оған бағынатын алты Әулие Құдайлар бар дегенге сенген. Олардың барлығы бірігіп, әлемді билейді делінген аңыз әңгімелерде.

Цахурлар христиандықты 313 жылы қабылдайды. 4-7 ғасырлар Кавказдық Албанияның жарқын ғасыры болып саналады. Христиандық бұл жылдары елдің басты мемлекеттік діні болып есептелді. Шіркеулер мен храмдар, монастырлар құрылысына баса мән берілді. Исламды халық бір уақытта қабылдамады. Әзербайжанда исламды қабылдау 8 ғасырдың басында жүргізілді, ал Дағыстанда 10-11 ғасырлармен тұспа-тұс келді. Қазір бұл аумақтарда сол ежелгі исламмен байланысты ғибадатхана құрылыстары да көптеп сақталып қалған.

Олар өздерін йыхбы деп атайды. Цахурлар мұсылмандар, шафиит мазхабына сенетін сүнниттер. Барлық мұсылмандар секілді Ораза-байрамды, Құрбан-байрамды тойлайды. Наурыз тойын да атап өтеді. Наурызда зерен мен ысталған еттен ерекше ас әзірленеді, бірнеше нан түрлерін пісіреді, жұмыртқа бояйды, от жағып, өздерінің ғұрыптық әндерін айтады. Ал шабандар мен қойшылардың қыстаудан қайтуы да той болатын. Ат жарыстары ұйымдастырылып, төбеттерді төбелестерді, балуандар белдеседі, би биленіп, құрбандық шалынады.

Ал Сейран деп аталатын жаз мейрамын қасиетті деп аталатын тауларында егін науқаны басталағанға дейін өткізеді.


Мәдениеті

Жалпы цахурлардың негізгі дәстүрлі шаруашылығы – жер өңдеу болып табылады. Олар жерге дақыл салып, соның өнімін жинайды. Негізінен жармалық дәндер мен жүгері екті. Мал шаруашылығына да икемді болды. Жылқы, қой бақты. Шаруашылықтарына сәйкес ұлттық тағамдары да негізінен еттен, сүттен, дән дақылдарынан әзірленеді.

Ежелден-ақ цахурлардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен жер өңдеу ісі болды. Ұсақ, ірі мал өсірді. Алайда, қой шаруашылығына көбірек көңіл бөлінді. Жаз мезгілінде қойлары Дағыстанның Самур алқабында жайылса, күзде оларды қыстауға Әзербайжанға айдап келетін. Кеңес үкіметінің құлдырауымен бірге цахурлардың шаруашылығына де өзгеріс енді. Тоқсаныншы жылдардың басында қой шаруашылығы құлдырап кеткен болатын. Бүгінде олар малмен бірге көшіп қонып жүруді тоқтатып, үлкен фермалар ашуды кәсіпке айналдырды.

Дағыстанның аумағында тұратын цахурлар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ал әзербайжандық цахурлардың басым бөлігі жер өңдеп, бақша салады. Сондай-ақ, олар табак, жүгері, бидай дақылдарын егеді. Дағыстанда егіс алқаптары өте аз, сондықтан бұрын дағыстандық цахурлар мен әзербайжандық цахурлар өз ішінде егін мен бақша дақылдарын малға айырбастау жүрген. Таяу уақыттан бастап олар ара өсіру шаруашылығымен айналыса бастады. Кавказ балы өте дәмді болып келеді. Аймақтың таулы жерлерінде өндірілген бал аса жоғары бағаланады.

Жалпы жүн-тері өндеу кәсібі жақсы дамыған. Киізден басылып тігілген чопуз, кече-бурка, тон секілді киімдер сұранысқа бүгін де ие. Кілем тоқитын жіптерді қына мен маренмен бояйды.

Сондай-ақ, ағаштан бұйым жасау кең таралған кәсіптердің бірі. Цахур шеберлерінің қолы алтын, олар үйлердің сыртын, қақпасын, мешіттердің төбелерін сырлап, түрлі айшықтармен әрлейтін болған. Ежелден-ақ, сауда-саттық жақсы дамыған, цахурлар Грузиямен, Ресеймен, Түркиямен, Иранмен сауда жүргізген.

Цахурлар Дағыстан Республикасының титулды халқы болып саналады. Сондай-ақ, олар жалпы кавказдықтар арасындағы ең ежелгі ұлттардың бірі. Лезгин тектес өзге де ұлттармен бірге цахурлар да Кавказдық Албания деп аталатын көптайпалы мемлекеттік бірлестікке енген. Олардың «албандар» немесе «ағуандар» деген ортақ атауы болған.

Қайда тұрады

Жоғарыда айтып өткеніміздей, цахурлар оңтүстік-батыс Дағыстанда, яғни Махачкалада, Рутуль, Кизляр, Кумторкалинск аудандарында, Әзерайжанның солтүстік-батысындағы Закатальск, Гахск аудандарында, Волгоград, Тюмень, Ростов облыстарында, Ханты-Мансий және Ямало-Ненецк автономды аймақтарында, Свердловск, Саратов облыстарында, Краснодар аймағында тұрады. Олардың тағы бір аз бөлігі Қазақстанда, Украинада, Белоруссияда тұрады.


Саны

Жалпы ресми деректерге сүйенер болсақ, әлем бойынша 30 000-ға жуық цахур ұлтының өкілдері бар деп айтылады. Ал бейресми ақпарат көздерінде цахурлардың саны айтарлықтай көп көлемде көрсетіледі. Шамамен 50 000-нан 100 000 аралығына дейін. Негізгі бөлігі Әзербайжан мен Дағыстанда тұрады.

Ұлт атауы

«Цахур» этнонимі аула Цахур сөзінен шыққан. Алайда, цахур халқы өздерін йыхъбы, цIaIхбы деп атайды. Лезгиндер цахурларды «цыахурар», аварлар — «хъалтагъал», рутулдар — «гъалтахъар», лакцылар — «цІахъюр» дейді. Әзербайжандар болса цахурларды лезгиндер немесе сахуралар деп те атайды екен.

Ұлттық тағамдары

Негізгі ұлттық тағамдары ұннан және еттен жасалады. Әзербайжанда тұратын цахурлардың тағамдары дағыстандықтардан әлдеқайда өзгешелеу. Олардың асүйі дәнді дақылдармен, мал өнімдерімен, көкөністермен, жеміс-жидектермен әртүрлендірілген. Олар жаңғақтан сүйікті астары халуа дайындайды. Оны әзірлеуде түрлі асқа жарамды шөптерді пайдаланады.

Нанның ек түрі пісіріледі: Бұл домалақ формалы пеште пісірілетін тандыр наны. Пештің биіктігі бір метр. Пеш үй ішіндегі ұрада орналастырылады.

Ас мәзірінде кептірілген еттің алар орны ерекше. Оны қараша айында қойдың тұтас етінен әзірлейді. Әуелі оны жақсылап тұздап, кейін желге кептіреді. Қысқа деп еттен неше түрлі шұжықтар да жасайды. Сүт тағамдарынан сүзбе, ірімшік, айран, қатық әзірлейді. Цахурлар сондай-ақ, сиыр және қой сүтінен ірімшікті дәмді етіп әзірлейді. Майды арнайы жасалған ағаш астауда шайқайды.

Бұл халықтың өзіндік түрлі тағамдары да көп. Олардың ас мәзіріндегі ең дәмі тіл үйірер тағамдарының бірі – цахур хинкалы. Оны буға әзірлеп, кептірілген етпен бірге береді. Ал қамыры өте жұқа етіп жайылады.

Цахур асханасының басқа да тағамдары: сюргьюллю деп аталатын тағамның қамыры өте жұқа етіп жайылып, ол жапырақшалар немесе қайықшалар пішіндес етіп кесіледі. Оны сорпада қайнатып, кептірілген етпен бірге береді. Цыинт тағамы да ұннан әзірленеді, оған үрмебұршақ пен ет қосып береді. Гырц бұл біздің сүзбе мен еттен жасалатын кәдуілгі тұшпарамыз. Оған тұздық ретінде кептірілген шөптер пайдаланылады. Маххвара – бұл да біздің құймаққа ұқсас тағам түрі. Сүттен жасалатын сорпаны быджак деп атайды. Ал еттен, сүзбеден, асқабақтан әзірленетін таба нанды кьуцяр’-чуду деп атайды.

Халқы

Цахурлар көп сөйлемейтін, тәкаппар, түсі суық болып көрінеді. Олардың түр сымбаттары да бірінен бірі өткендей сымдай тартылып тұрады. Алайда, олар түрінің сұстылығына қарамастан, аса қонақжай, қонақтарды құрметпен қарсы алып, бірден дастархан басына шақырады.

Олардың киім киісі де Дағыстан халықтарының дәстүрлі киімдерімен бірдей. Алайда, киімдерінің жиектелуімен, түсімен, киісімен ерекшеленеді. Киімді негізінен жүн мен теріден тігіп киген.

Тұрмысы

Цахурлар Самур көлінің жоғарғы жағын, Бас Кавказ жотасының оңтүстік беткейін, Әзербайжан аумағындағы ойпатты жерлер мен тау етегін мекендейді. Ертеректе барлық отбасы мүшелері дега деп аталатын бір үлкен үйде бірге тұратын болған.

Халық ішінде отбасының екі түрі қалыптасқан. Біріншісі – бөлінбеген үлкен отбасы, екіншісі – кішкентай отбасы. Бөлінбеген отбасы бірнеше атадан тұратын туыстардан құралады, олардың ішінде бірнеше еркек пен әйел ғана жұмысқа жарамды болуы мүмкін. Мұндай отбасының барлық мүшелері мал-мүлкін ортақ пайдаланады. Цахурлар арасында туыстық қатынастар қатты сақталған. Олардың өзара көмек көрсетуге әзір тұратындығы, қонақжайлылығы ерекше. Жиырмасыншы ғасырдың 20-30-шы жылдарына дейін бөлінбеген отбасылар сақталып келді. Бұл төрт ұрпақ өкілдері бірге тұратын, жалпы саны 30-35 адамды құрайтын үлкен үй мүшелері. Қазіргі уақытта кіші отбасылар көп, әркім еншісін алып бөлек шығуда. Еркектер мен әйелдер үйде сырт адамдар болса, балалары арқылы ғана тілдесетін болған. Қауымдастықтың ішкі мәселелері адат негізінде шешіліп келді. Еркектер жиналып, өз іштерінен төрелік етер соттар мен ағалық етер үлкендерді сайлайтын болған. Ал барлық цахурларға қатысты мәселені күллі ауылдың көш бастар өкілдері жиналып шешетін болған.

Әке мұрасы бөліске салынғанда, барлық ұлдарына теңдей құқық беріледі. Тұрмыс құрмаған қыздарға да енші беріледі, бірақ оның еншісі өзгелерден екі есеге аз болады. Әйелдерге тек олардың өздерінің жеке заттары, жүгі мен киімі тиесілі болады. Ал, мұра бөлінген уақытта үйдің отанасына олардың ұлына берілгендей тең құқық беріледі. Үйдің мүлкі, малы, жер телімдері теңдей бөлінеді, ал үйдің иесі жереби тарту арқылы анықталады. Ата дәстүрі бойынша, үй әке-шешесінің қолында қалатын отбасының кенжесіне тиесілі болып есептелген.

Қай отбасында болмасын, үйдің басшысы еркек болып саналады. Ол отбасы мүшелеріне олар орындауы тиіс жұмыстарды өзі бөліп беріп, оның орындалуын бақылап отырған. Отбасының барлық мал-мүлкіне де тек отағасы ғана билік еткен. Сондай-ақ, отбасының өзге мүшелерінің тағдырын да өзі шешіп отырған. Оған өзгелер құрметпен қарап, атын атамай, «абаттей» деп атайды.

Әйелдерден үлкен отбасында билік еркектердің жасы үлкенінің әйелінің қолында болады. Оны «абай» деп атайды. Ол азық-түліктің үнеммен жұмсалуына, ысырап болмауына, оның отбасы мүшелерінің барлығына жетуіне жауапты болады. Абай отбасының өзге әйелдерінен тәртіпті талап етіп, әсіресе асүйде тамақ әзірлейтін және малға азық беретін әйелдердің үнемшіл болуын қадағалаған.

Еркектер әйелдердің жұмысына араласпайды, сондықтан әйелдер арасындағы дау-дамайды да абай шешіп отырады.

Үлкен отбасыларда бірнеше ене болғандықтан, абай олардың қасына бір-бір келіннен бекітіп береді. Осылайша, үлкен отбасыларда жас келіндер өз енесіне және абайға қызмет етуге, айтқандарын екі етпеуге мәжбүр болады.

Цахурлардың дәстүрлі ансамблі «кьаварчер» деп аталады. Ол түрлі аспаптарда ойнайтын төрт адамнан тұрады. Халық тез ырғақты музыканы жақсы көреді, олар мұңлы әуенді аса ұната қоймайды. Тіпті Кавказ соғысы кезінде Имам Шәміл тау халқына мұңлы ән айтуға тыйым салған көрінеді.

 


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: