Сыртқы істер министрі БҰҰ сессиясына қатысады

13 Қыркүйек 2023, 03:22 845

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Нью-Йоркке сапары туралы белгілі болды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

2023 жылғы 17-22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласындағы 78-ші сессиясының жоғары деңгейдегі сегментіне қатысады.

Қазақстан СІМ басшысының БҰҰ желісі бойынша көпжақты іс-шараларға қатысуы, сондай-ақ Америка, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Өркениеттер альянсының Бас хатшыларымен екіжақты кездесулер жоспарлануда.

Оған қоса, БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңдарында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (Азия Кеңесі, АӨСШК) Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің жұмыс кездесуі өтеді.

2023 жылғы 20 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді.

Күн тәртібіне Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамыту перспективалары, оның әлеуетін жетілдіру, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар тұрғысынан аталған ұйымның БҰҰ-мен өзара іс-қимылын тереңдету мәселелері кіреді.

Аталған іс-шара Мемлекет басшысының ШЫҰ тетіктері мен органдарының қызметін реформалау жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша пікір алмасу мақсатында өткізіледі.

2023 жылғы 21 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Қазақстан Республикасының төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді.

Іс-шараға АӨСШК мүше мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысып, 6-шы Саммиттің шешімдерін іске асыру мәселелері мен Азия Кеңесінің күн тәртібіндегі өзекті сұрақтарды талқылайды. Кездесу қорытындысы бойынша Азия кеңесін трансформациялау туралы Жол картасы және Сыртқы істер министрлері кеңесінің тұрақты даму мақсатында волонтерлікті ілгерілету туралы мәлімдемесінің қабылдануы жоспарлануда.

2023 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтеді.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады. Қатысушылар 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне дайындық, БҰҰ Бас Ассамблеясында Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушы мәртебесін алу, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басқа да мәселелерін талқылайды.

Берік Арманов
Бөлісу: