Сынған қолымен барлық қарсыласын жеңіп әлем чемпионы атанған файтер әсерімен бөлісті

12 Ақпан, 16:02 3127

Зауытта қызмет ететін Қайрат Жаржанов аралас жекпе-жектен Тайланд астанасы Бангкокта өткен әлем чемпионатында топ жарып, әнұранымызды шырқатты.  Сынған қолымен барлық қарсыластарын жеңіп, аралас жекпе-жек тарихына енген спортшымен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі әңгімелескен еді.

Бүгінде отандасымыз Ақтөбе ферроқорытпа зауытында металл уатушысы болып қызмет атқарады. 28 жасында дүбірлі додада әлем чемпионы атанып, елге жеңіспен оралған спортшының арманы асқақ.

Әлемнің 47 мемлекетінен 390 спортшы қатысқан чемпионатта 52 келі салмақта сынға түскен ол қолының сынғанына қарамастан, төрт қарсыласын небәрі 9 минутта сұлатып тастаған. Отандасымыз үш раундта австриялықты, жергілікті тай азаматын, индусты және финалда индонезиялық спортшыдан басым түсіп, жеңіске жетті. Спортшы бірінші раундта қолының үш жерін сындырып алған. Жарақат алса да, тоқтамай әріқарай ұрысты жалғастырды. Осылайша, жерлесіміз финалға Gamma ММА және  streaking MMA екі әдісімен шығып, қазақстандық ММА спортында тың жаңалық ашты. 

Мен спортқа 7 жасымда келдім. Қазіргі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында металл бөлшектеу бойынша жұмыс істеймін. Бір сөзбен айтқанда, қара жұмыс. Былтыр желтоқсан айында ММА бойынша әлем чемпионы болдым. Бір жағынан жеңіске жетуіме осы жұмысымның да септігі тиді деп ойлаймын. Бұл жерде біз ауыр металлмен жұмыс істейміз, қиыршықтарды лақтырамыз немесе көтеріп белгіленген жерге апарамыз. Бұл жұмысты істеп жүрген қарапайым жұмысшы әріптестерімнің де көмегі көп болды. Чемпионатқа дайындық барысында диета ұстадым. Сол уақыттарда әріптестерім маған жүктелген жұмыстарды өз мойындарына алып, қолұшын беріп жүрді, – дейді Қайрат Жаржанов.

Бангкокта өткен әлем чемпионатында бірінші орынды жеңіп алған спортшы төрт қарсыласпен жұдырықтасты. Алғашқы қарсыласы австралиялық болса, екіншісі тайландтық, үшіншісі үндістандық және финалда индонезиялық азаматпен рингкте кездескен.

жеке мұрағат

Бірінші раундтың екінші минутында мен қолымды сындырып алдым. Сынғанын сезіп, бұрышта тұрған құраманың жаттықтырушысына барып айттым. Бапкерлер намысты қолдан берме деп мені қайрағасын, намысты қолдан жібермей, екі раунд жұдырықтасып 3:0 есебімен жеңіске жеттім, – дейді металлург.

Қайрат Жаржановтың спортқа деген қызығушылығын бала кезінде әкесі оятқан екен. Жеті жасында әкесі оны зауыттың «Металлург» спорт кешеніне жетектеп апарып, күрес үйірмесіне береді. Күрестен кейін самбомен айналысады. Одан кейін дзюдодан республикалық чемпионаттарға қатысып жүлделі болып, жасөспірімдер арасында спорт шеберіне кандидаты атанады.

Спорттың бұл түріне 2015-ке дейін қатыстым. Одан соң отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден келген соң Ақтөбе қаласындағы әмбебап қоян қолтық ұрыстан шәкірт дайындап жүрген белді спортшылардың бірі Қайрат Ищанов есімді жаттықтырушының мектебіне бардым. Осы кезден бастап спорттағы шеберлігімді шыңдауға кірістім, – дейді ол.

Қайрат ең алғаш 2016 жылы облыстық қоян-қолтық ұрыстан ашық кубокка қатысып, «кудо» деп аталатын әмбебап түрінен чеммпион атанады. Содан бастап алдына биік мақсаттар қоя бастайды. Соңғы 9 жыл ішінде ол Қазақстан құрамасында, халықаралық ареналардың барлығынан тек бірінші орыннан көрініп жүр.

Жұмысымен бірге спортты да қатар алып жүрген ол – бүгінде өндіріс компаниясының да мақтанышы. Өзі қозғалғанды және қара жұмысты жақсы көрген. Содан болар зауытқа тұруды мақсат еткен екен.

Осыдан төрт жыл бұрын төртінші балқыту цехының дайын өнімдер учаскесіне жұмысқа тұрдым. Ол кезде цех басшысы Мұсабек Макашев болатын. Маған қолдау білдіріп, бірде-бір жарыстардан қалдырмай, тілектес болған азаматтардың бірі. Мұндағы кәсібім – темірді ұсату. Ұжымымның да қолдауы, сенімі мені қанаттандырады, – деді спортшы.

Ол күндізгі ауысымнан кешкі сегізде шығып, бірден дайындық залына тартады. Ал түнгі ауысым кезінде таңғы уақытта дайындалып, ауысымға дейін ұйқысын реттеп, демалатынын айтады.

Бұл – менің әлем чемпионатына алғаш рет шығуым. Тайландтағы дода мен үшін шешуші шайқаспен тең болды. Өйткені осыған дейінгі жетістіктерімнен кейін  әлемді мойындатсам деген мақсат болды. Шаршы алаңға шыққанда бір ғана ой тұрды. Бұл – ел сенімін ақтау. Қарсыластарымды жеңіп, әнұран шырқалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді Қайрат Жаржанов.

Жұмыстан шаршап келген кезде үйде айдай сұлу асыл жары мен қызы күтіп отыратынын айтты.

Жұмыстан қатты шаршап келгенде, үйде қызым күтіп отырады. Есіктен кіріп келгенде, жұбайым күлімсіреп қарсы алады. Сол кезде бар шаршаудың бәрі басылады. Еңбек ету керек екені сонда есіңе түседі. Өсіп келе жатқан бауырларым, ұрпағым ертең мені есіне түсірген кезде басын түсірмей «мынау менің ағам, мынау менің әкем» деп айтса, содан асқан бақыт керек емес деп ойлаймын, – дейді ол.

Былтырғы жылдың соңында Қайрат облыстың «Үздік спортшысы» атанып, облыс әкімінің марапатына ие болды. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: