«Сылтау айтып, мәселені шешуге ниет танытпайды». Олжас Бектенов әкімдерді сынға алды

27 Ақпан, 15:45 778

Премьер-министр Олжас Бектенов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сынға алды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басышысының сөзінше, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды.

Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ, - деді Бектенов.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес екенін айта кетті. Сөзінше, мұндай процедуралар көп уақытты алады.

Министрлік олардың есеп-қисабын жүргізген де жоқ. Медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет. «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс. Қор басшылығының назарын, бірінші кезекте осыған аударғым келеді, - деді ол. 

Олжас Бектенов жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Салтанат Әбдікәрімованың «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданғанына тоқталды.

Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз. Мұның ауылдық жерлердегі медицина объектілерін салу мен қамтамасыз етуге де қатысы бар. Ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жобаны үйлестіру және мониторингтеу міндеті «Turar Healthcare» ұлттық операторына жүктелген. Алайда, көріп отырғанымыздай, оның орындалу сапасы нашар. Объектілерге барып, құрылыс жұмыстарын бақылау жүргізілмейді. Әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақтылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, жаңа айтып өткеніміздей, медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов ұлттық жобаны сынға ала отырып, министрліктерге бірқатар тапсырма берді:

Бірінші. Облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтасын.

Екінші. Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс.

Үшінші.  Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биылғы жылы барлық объектілердің құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет.

Миражан Махан
Бөлісу: