«Сыбаға» акциясы Түркістан және Батыс-Қазақстан облыстарында жалғасты

25 Ақпан 2019, 11:56 2112

Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен «Харекет» қайырымдылық қоры «Армандар орындалады» қайрымдылық кешін өткізді. Оның барысында тағы бір мұқтаж жанға кезекті баспана кілті табысталды. 

«Харекет» қоры 3 қыздың (2-еуі мүгедек) анасы Дәмеліге Байларова Шұбарсу ауылынан 3 бөлмелі үй сыйлады. Концерттен түскен барлық қаржы «Харекет» қорына аударылды.

2017 жылы құрылған «Харекет» қайырымдылық қоры бүгінге дейін республика бойынша баспанаға мұқтаж 71 отбасының қоныс тойын тойлауына себепші болған.

Түркістан облыстық ҚХА өңірдегі тұрмысы төмен отбасыларға, мұқтаж жандарға көмек беру мақсатында «Сыбыға» қайырымдылық акциясын өткізді.

Мекеме қызметкерлері мен облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдерінен құралған топ Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылында орналасқан «Бауыржан» отбасылық балалар үйінде болып, тәрбиеленуші балаларға қажетті азық-түлік пен оқу құралдарын табыстады.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер өкілдері Ленгер қаласының тұрғыны, асыраушысынан айырылған көп балалы жалғыз басты ана Наргилия Эюбованың жағдайымен танысып, балаларға қажетті азық-түлік пен оқу құралдарымен қамтамасыз етті.    

Қайырымдылық шара Қазығұрт ауданында жалғасын тапты. Этномәдени бірлестіктер өкілдері Қазығұрт ауылының тұрғыны, үш баланың анасы Айгүл Садықованың шаңырағына барып, азық-түлік себетін табыстады.

Сондай-ақ, топ мүшелері Сарыағаш ауданына қарасты, Жібек жолы ауылының тұрғыны Гүлбадам Күлиеваның шаңырағына барды. Үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың отбасына қажетті азық-түлік пен балаларға оқу құралдарын табыс етті.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған 2019 жылға арналған «Қайырымдылық керуені» атты қайырымдылық іс-шаралары бастау алып, ағымдағы жылда «Мейірімділікпен бірлікке!» атты ұранымен өтуде.

Орал қаласындағы қарттар мен мүгедектер үйінде Батыс-Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген «Сыбаға» қайырымдылық шарасы өтті.

Аталмыш шарада  жалпы үлгідегі мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің қарттарына этномәдени бірлестік мүшелері, филармония әншілері шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, облыс орталығының мейрамханалары мен ойын-сауық орталығы сый-сияпаттарын тарту етіп, демеушілік көмек көрсетті.

Сондай-ақ, аталмыш шараға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері де өз үлестерін қосты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асырылып жатқан «Сыбаға» акциясының негізгі мақсаты - қараусыз қалған егде жастағы жандарға, жетімдерге, науқастарға, қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға көмек пен қолдау көрсету саналады.

Бөлісу: