2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері өседі. Толық ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрлік өкілдері Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен құралатынын еске салды: ынтымақты, базалық және жинақтаушы.
Жасына байланысты зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар азаматтарға тағайындалады. Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық адамға төленеді және оның көлемі адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70-110 пайызы аралығында болады. Жинақтаушы зейнетақы – зейнетақы жинақтарының көлемі мен міндетті жарналар аударылған табысқа байланысты, – делінген министрліктің Tengrinews.kz-ке ресми берген жауабында.
Министрлік Әлеуметтік кодекстің 197-бабына сәйкес, жасына және еңбек сініруіне байланысты зейнетақылар жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде арттырылатынын атап өтті.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алынатын мөлшердің 10 пайызына өсіру жоспарланған. Базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты ұлғаяды, – деді ведомство.
Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы жыл сайын 5 пайызға индекстелетіні айтылды. Бұл өсім еліміздегі барлық зейнеткерлерге қатысты болады.
Министрлік мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары да жалғасып жатқанын еске салды.
2023 жылдан бастап бес жыл бойы базалық зейнетақының мөлшері жыл сайын өседі: ең төменгі көрсеткіш – күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін, ең жоғарысы – 120 пайызына дейін. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең жоғары мөлшерін 110 пайыздан 118 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр, – деп нақтылады министрлік.
Анықтама: Күнкөріс минимумы – адамның азық-түлік, киім, баспана, көлік және басқа да негізгі қажеттіліктерін өтеуге қажетті ең төменгі табыс мөлшері. Қазақстанда бұл көрсеткішті Ұлттық статистика бюросы орташа бағалар негізінде есептейді. Ол зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің көлемін белгілеуде қолданылады.
2026 жылғы индексациядан кейін:
Министрлік 2026 жылға арналған зейнетақы төлемдеріне қажетті шығындар Мәжілісте қаралып жатқан 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында көзделгенін айтты.
Сонымен бірге Қазақстанда зейнеткерлік жас ерлер үшін – 63, әйелдер үшін – 61 жас (2028 жылға дейін) екені еске салынды.
Министрлік зейнетақы заңнамасын жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп, жаңа тәсілдерді сарапшылармен талқылап, халықаралық тәжірибені зерттеп келеді, – деді ведомство.