Суы бардың – нуы бар

31 Наурыз 2022, 16:13 5845

Былтырғы құрғақшылық Қазақстандағы мал басын бірнеше мыңға кемітіп, ауылшаруашылығы саласындағы еңбеккерлердің еңбегін еш еткені рас. Егін егу науқаны басталып, мал жайлауға көшер уақытта тағы да су мәселесіне алаңдаған еңбек адамының жай-күйі тағы да негізгі тақырыпқа айналмақ. Бұл тұрғыда техника ғылымының докторы Тоқтамыс Меңдібаев пен ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Ермеккүл Жапарқұлованың да айтары көп.   

   Тұщы су үшін талас аспанда жалғасады

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, соңғы 100 жылда жеріміздегі ауа қызуы 1,37 градусқа көтерілген. Ал алдағы 2050 жылға қарай тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Ғылыми болжамдар бойынша, ауа қызуы 3 градусқа жоғарыласа, биосфера қайтарымсыз күйзеліске ұшырайды, жер бетіндегі тіршілік тоқтайды. Адамзат қоғамының бүгінгі даму үрдісі өзгермесе, ХХІ ғасырдың екінші жартысында-ақ жаһандық күйзеліс басталуы мүмкін

«Жаһандық жылыну – жаһандық құрғақшылық әсерінен өзен, көлдердегі тұщы судың 20% буға айналып, жоғалады. Жер шарындағы судың тек 1% ғана ауызсу ретінде пайдалануға жарайтынын ескерсек, алдағы уақытта тұщы су үлкен геосаясы тартыс алаңына айналады. Табиғи қорларды пайдалануды зерттеумен айналысатын халықаралық орталықтардың болжамынша 2025 жылға қарай 5,5 млрд адам су тапшылығының зардабын тартады. Болашақта тұщы су үшін талас жер бетінде ғана емес, жер қойнауында және ауа кеңістігінде жалғасады. Құрғақшылықты, бұлттарды, қар әкелетін суық ағыстарды тежеу, бағытын өзгертуін ұйымдастыру қиын шаруа болмай қалды», – дейді техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдібаев.


Естеріңізде болса, былтыр Маңғыстау өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында қуаңшылықпен күрес мәселесі талқыланып, жасанды жолмен жаңбыр жаудыру технологиясы ұсынылған еді. Демек, су үшін аспандағы күрес біздің елде де, басқа мемлекеттерде да баяғыда басталып кеткен үрдіс.

Еске сала кетейік, БҰҰ Бас хатшысының апаттар қаупін азайту жөніндегі арнайы өкілі Мами ­Мизутори  жер шары тұрғындарының көпшілігі құрғақшылық Африканың шөлді аймақтарына ғана әсер етеді деп ойлайтынын, алайда қазір құрғашқылықтың ауқымы ұлғайып келе жатқанын, ғасыр аяғында дүниежүзі мемлекеттерінің түгелге жуығы құрғақшылықтың қандай да бір зардабын сезінетінін жеткізген болатын.

«Жаһандық жылынудың салдарынан, болашақта тұщы су мемлекетаралық бөліске түспейді. Әрбір ел, бұл мәселені ішкі мүмкіндіктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Ежелгі қағида, бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады. Географиялық орналасуымызға орай, жеріміздегі ірі өзендер сырт елдерден басталады. Көршілеріміз Қытай, Өзбекстанда тұщы су жетіспеушілігі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, олардағы Сырдария, Іле, Ертіс өзендерінің суларымен толтыратын қоймалардың салынып жатқанына, көлемдеріне назар аударсақ, жаман айтпай, жақсы жоқ, келешекте аталған өзендердің қазақ жеріне жетуі екіталай. Олай болған жағдайда Ертіс өзенінің арнасы тартылып, батпаққа айналады, суының 80% Іле өзені құрайтын Балқаш көлінің ­ауданы кішірейіп таязданады, судағы тұздың мөлшері ұлғаяды. Атырау мен Шығыс Қазақстан аралығындағы жүздеген жерасты су ұңғыларын бейнекөрініс арқылы зерттеу нәтижесі көрсеткеніндей, тау-кен жұмыстары жүргізілген кен орындарына жақын орналасқан аудандарда мемлекеттік қорға енген жоғарғы су қабаттары жоғалып кеткен, тереңдегілерінің көлемі едәуір азайған», – дейді Т.Меңдібаев.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов гидротехникалық құрылыстарды басқару, су ресурстарын бөлу, есепке алу және мониторинг жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру шаралары елімізде енгізіліп жатқанын айтқан еді. Вице-министр Су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданғанын, Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін жеткізген болатын. Бұл Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.

   Су маманы тапшы

Профессор, ауылшаруашылық ғылымының кандидаты, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті Су ресурстары және мелиорация кафедрасының меңгерушісі Ермеккүл Жапарқұловамен әңгімелескенімізде еліміздегі көп жағдай арнайы сарапшылар, мамандардың назарына екенін, ал су үнемдеу мәселесінде арнайы маман дайындау керек екенін басты назарға алды:

«Қазіргі климаттың өзгеруіне, жаһандық жылынуға байланысты біздегі су қоры 2030 жылға дейін елу пайызға азаяды деген мәлімет бар. Қазір қайтсек те су қорларын өзімізде сақтап қаламыз деген мәселемен жаңа, су үнемдейтін технологияларды жан-жақтан алып келіп жатырмыз, өзіміздің ҚазҰАЗУ ғалымдары, соның ішінде Су ресурстары және мелиорация кафедрасының ғалымдары су үнемдейтін, сондай-ақ энергия жұмсауы төмен технологияларды жан-жақтан қарастырып, өндіріске еңгізіп, оны қолданудың әдістемелерін жасап та жүр. Былтыр, көпшіліктің есінде болар, елде алапат қуаңшылық болды. Соның кесірінен қаншама мал қырылды. Сол жағдай қайталанбас үшін биыл суды аз қажет ететін дақылдарды егіп, су үнемдеу мәселесін де қарастырып жатырмыз.


Екінші маңызды жағдай, біз трансшекаралық республикамыз. Қытай шекарасынан Ертіс өзені ағып келеді. Ертістің су қоры қатты төмендеді. Қырғызстаннан келетін Талас өзенінен бұрынғы лимит бойынша су ала алмаймыз. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан, ол өзенде де су тапшылығы байқалады. Қызылорда облысы бойынша Сырдария суының тіпті төмен түсіп кеткеніне алаңдаймыз, осыған байланысты ол облыста күріш егілетін танаптардың ауданын қысқартуда. Осы себептен, біздің бірінші мақсатымыз – су қорларын сақтап қалудың амалын тауып, су ресурстарын үнемдейтін заманауи технологиялар әдістемесін жасау. «Су кодексіне» осы мәселелер бойынша өзгерістер енуіне біздің ғалымдар себепші болды. Ол кодексті қарастыру концепциясының мүшелігінде жүрген біздің ғалымдар арнайы сарапшылық көмегін ұсынуда.

Тағы бір жағдай, жерасты суларымыздың қорының 45 пайызын ғана пайдаланамыз. Оның 50-55 пайызын, «Алтын қор» ретінде сақтап тиіспейміз. Жалпы бізде су мүлдем тапшы деп те айта алмаймыз. Бізде, ең бастысы, суды үнемдеу мәдениеті, суды үнемдеу білімі жоқ. Себебі су үнемдеуді білетін су мамандары тапшы. Қазір мұғалім де, дәрігер де, тракторист те фермер болып алған. Ал олар маман болмаған соң суды үнемдеу, қай уақытта суды танапқа, қандай мөлшерде жіберу керегін білмейді. Биыл менің кафедрамда біліктілікті арттыру мақсатында әр облыстардан фермерлердің басын қосып, үш рет су үнемдеу, суару режимі мен техникаларын таныстырдық. Фермер қаншалықты су керек екенін білмесе жағдай қиындайды. Тағы бір проблема су көзінен алынатын су мен танапқа жететін судың пайыз салмағы әртүрлі. Мысалы, су көзінен қайнардан танапқа 100 пайыз су жіберсе, оның 30-40 пайызы ғана танапқа жетеді. Себебі, біздің су қабылдайтын каналдарымыздың мелиоративтік-техникалық жағдайы өте нашар. Кеңестік кезден келе жатқан суару каналдары қирап біткен, баяғы каналдар жоқ, қазір каналдың барлығы жер каналдары. Жер каналы арқылы су көзінен қайнардан танапқа ағып келгенше көпшілігі жерге сіңіп кетеді. Фермерлерді қынжылтатыны осы жағдай. Қазір өкімет осы мәселені назарға алды. Болашақта каналдарға реконструкциядан қайта жасалатын болады.

Жалпы маман оқыту өзекті мәселе. Су мамандарынан бөлек, қазір ЖЭС жобалаушылар да жетіспейді. Елімізде 243 ЖЭС бар. Алдағы жылдан бастап 243 ЖЭС-қа жобалаушылар дайындаңыздар деген ұсыныс жұмыс берушілерден түсті. Міне, су мәселесін айтқанда сол суды үнемдеу мен суды пайдалана білетін гидротехник мамандарын оқыту, даярлау мәселесін де ұмытып кетпеген абзал», – дейді Ермеккүл Жапарқұлова.

  Жер асты сулары – ұлттың «Алтын қоры»

Ғалым Ермеккүл Жапарқұлова жер асты сулары еліміздің «Алтын қоры» екенін атап өтті. Бұл пікірге ғалым Тоқтамыс Меңдібаевта қосылады: «Қазақ жеріндегі 3500-4000 метр тереңдікке дейінгі анықталған ыстық су қорлары, шартты отын есебінде еліміздегі мұнай, газ қорларының қосындысынан 10 есе артық. Ол біздің баға жетпес байлығымыз. Жердің терең қабаттарына барлау жүргізілсе, ыстық су қоры еселей ұлғаюы мүмкін. Сонымен, жаһандық жылыну дәуірінде, табалдырығыңызға тақап келген тұщы су дағдарысын болдырмау жолында не істеуіміз керек. Басты үміт, табиғитума техноло­гияға негізделген, отандық ғылымға берілетін тапсырыстың қоғам сезі­нетіндей нақты нәтижелері – жоғалуға айналған өзендер мен көлдердегі су деңгейін тұрақты қалпына келтіру, ­жерасты су қорларын толтыру, тазалығын және табиғи қасиеттерін сақтау, сырттан келетін өзендерге деген тәуелділіктен арылу», – дейді ол.

Ғалым Тоқтамыс Меңдібаев алдағы болашақта мынадай іс-шаралар жедел іске асырылуы керек деп есептейді:

«Жер шарының айналу бағытын, бедерін, жердің тартылыс күшін, магнит алаңдарын, жауын-шашын шөгіндісінің қозғалыс бағыттары есепке алынып, ауадағы ылғалды тежейтін және реттеулі басқаратын жүйе жасау;

Жерасты өтпелі су кен орындарында бағыттаулы ағыстар арнасын жасап, судың басым бөлігін иелену;

Хантәңірі тауындағы, шека­раға жақын орналасқан биіктердегі қайтарымды су қабаттарын ашу, ішкі өзендерімізге бағыттау;

Ірі су кен орындары бар ­аудандарда жер қойнауында жүргізілетін жұмыстарға тыйым салу;

Елді мекендерді орналастыру, жол салу, құбыр тарту жұмыстарын су кен орындарынан аулақ жүргізу;

Атмосфералық жауын-шашын шөгінділерінің жер асты су кен орындарына баратын түтікшелеріне сүзгіштер орнату;

Егістіктерді ылғалдандыруға жаппай жерасты суларын пайдалану;

Экономикада суды аз тұты­натын бұйымдар, өнімдер шыға­ратын өндіріске үстемдік беру;

Өзендердің бағытын өзгертуге, бөгет, гидроэлектрстансалар салуға заңмен тиым салу».

Қазақта судың иесі – Сүлеймен болып есептеледі. Су тапшылығы мәселесі су иесінің ғана емес, жердің бүгінгі иесі – бүгінгі ұрпақтың да өзекті тақырыптарының бірі екені анық. Ендеше құрғақшылық, жаһандық жылынудың алдын-алу мен ол мәселелерді айналып өту де өз жауапкершілігімізде екенін ұмытпасақ болғаны. 

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: