Сутек энергиясы: Қытайдағы автокөлік саласындағы инновациялық шешімдер

3 Қыркүйек, 13:04 1087

Қытайдың Шанхай қаласында орналасқан Тунцзи университеті мен германиялық Rheinmetall AG технологиялық тобы жаңартылмалы энергия көздерін кеңінен қолдану технологиясын дамыту мақсатында бірлескен зертхана құрған.

Жанармай отынын зерттеу мен инновацияға бағытталған бірлескен зертхана университетке қарасты Автокөлік зерттеулер мектебі кафедрасының бөлігі болып табылады.

Rheinmetall Қытайда өзінің алғашқы кәсіпорнын 1997 жылы HASCO (SAIC Group) компаниясымен бірлесіп ашты және әйгілі автомобиль өндірушілерінің сенімді серіктесі болып табылады. Қазіргі уақытта технологиялық топтың Қытайдың Шанхай, Куньшань, Нанкин, Чунцин, Гуанде, Ухан және Янтай қалаларындағы 17 филиалы заңды түрде жұмыс істейді.

2021 жылы Rheinmetall өзін бес бөлімнен тұратын технологиялық топ ретінде қайта құрып, Қытайдағы Power Systems бөлімшесі электромобильдер мен жанармай компоненттерін зерттеумен айналыса бастады.

Шанхай әлемдік қаржы орталығы ғана емес, сонымен қатар автомобиль өнеркәсібі үшін маңызды хаб болғандықтан, автонарыққа жаңартылмалы энергия көздерін пайдаланатын эко-көліктер шығару жоспары қолға алынады.

Компанияның Шанхайдағы ғылыми-зерттеу орталығы оның жаһандық инновациялық желісінің маңызды бөлігі болып табылады. Мұнда инженерлер мен зерттеушілер қалдықтарды азайту, жанармай тиімділігін арттыру және электромобильдердің өнімділігін жақсарту сияқты автомобиль өнеркәсібіндегі озық технологиялармен жұмыс істеуде.

 

Литийден – сутегі энергиясына

Университет базасындағы зертхана қазіргі таңда литий батареяларын алмастыратын өндірісті жолға қойған. Дрондар мен мопедттер, тіпті автокөліктердегі аккумуляторлары сутегі энергиясына қарқынды түрде алмастырылып жатыр.

Тунцзи университетінің автомобиль инженері мектебінің доценті, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқытушысы Сон Кэ зертханада сутегі энергиясы қалай өндірілетінін көрсетті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын техникалық құралдардың литий батареясынан сутегі батареясына алмастырылғанын атап өтті. Құрал-жабдықтар литий батареясымен 7-8 минут қана жұмыс істеген, ал сутегі энергиясымен жұмыс уақыты 1 сағатқа дейін созылады.

«Ал сутегі энергиясымен жұмыс істейтін мопедтердің 3 артықшылығы бар: біріншіден, литиймен салыстырғанда ұзақ уақыт жұмыс істейді. Екіншіден, сутегі жасыл энергия көзі болғандықтан экологияға тигізетін зардабы жоқ. Үшіншіден, ауа температурасы төмендегенде сутегімен жүретін мопедтер тоқтап қалмайды. Суық күндері емін-еркін қолдануға болады. Қазір Қытайда көптеген көлік құралдары мен техникаларда сутегі энергиясы белсенді түрде қолданылып жатыр», - дейді PhD. Сон Кэ.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: