Суреткер Шәкен Аймановтың үш фильмі

24 Желтоқсан 2016, 16:16 7026

Тұңғыш режиссер

Ұлттық кинематографияның негізін қалаушы, тұңғыш режиссер – Шәкен Айманов актерлік, жанрлық, сюжеттік кинематография өкілі. Оның фильмдерінің танымал болуының сыры сол, жанр үйлесімділігін сақтай отырып, көрермен қабылдауына орай жеңіл, мазмұнды дүниелер ұсынады. Режиссер үшін ең бастысы кейіпкер бейнесінің шынайылығы, мінез бірегейлігі болса керек. Біз бүгін Аймановтың кинорежиссурасындағы ең негізгі үш фильмге тоқталмақпыз.

«Біздің сүйікі дәрігер», «Бір ауданда», «Жол қиылысы», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры» сияқты фильмдері – нормативті эстетика, идеологиялық штамтардан ажырап, еркіндікке бастаған қадам деп айтуға болады. Әр фильмді қойған сайын қоюшы-режиссер ретіндегі кәсіби шеберлігі ұштала түскенін байқаймыз. Туған халқының тұрмысын суреттейтін картиналарының әлеуметтік мазмұнға бай болуы себепті халық мойындаған суреткерге айналды.

1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің мақсаты – Қазақстанның музыкалық жетістіктерін паш ету. Фильмде танымал әншілер, актерлер, цирк пен балет әртістерін кездестіреміз. Кинотуындының сюжетіне сәйкес, олар шипажайдың бас дәрігерінің мерейтойына концерттік нөмірлерді бір-біріне білдірмей дайындап жатады. Фильм сюжеті ширақ, өмірге деген құштарлыққа толы, қызықты драматургиясы комедиялық жарқын сахнаға толы. Сонымен бірге ғажайып актерлік ансамбль мен композитор Александр Зацепиннің мөлдір музыкасы ерекше үйлесім тапқан.

Алайда фильмнің музыкалық комедиясы кеңестік ресейлік комедиялардың трансформацияланған нұсқасы деп айтылады. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің «Карнавал түні» комедиясымен үндестік тапқаны жайлы кинотанушы Күлшара Айнағұлова  «У истоков казахского кино» мақаласында былай деп жазады:

«...Во всей структуре фильма очевидна связь с «Карнавальной ночью», и в явной сатирической направленности, и в легкости вплетения в ткань концертных номеров, и в общем настрое действия – жизнерадостном, преподнятом, но с соблюдением гармонии достоверности и условности».

 

Кезінде халық ықыласына бөлінген «Жол қиылысы» фильмі 1963 жылы түсірілген болатын. Фильм негізінен ар-ождан, адамгершілік пен заң арасындағы текетіресті бейнелейді. Бұл кинокартина жаңа психологиялық жанрды игерумен ерекшеленеді. Сонымен бірге жаңа көркемдік тәсілдерді қолданудың бастамасы болып саналады.

И. Сталиннің тұлғасына табынудың залалы әшкереленіп, «жылымық» кезең басталғандықтан, кеңестік кинематографиятер экранға қарапайым адамды шығару арқылы, қоғамның адамгершілік, әлеуметік поблемаларын көрсетуді мақсат тұтты. Жедел жәрде дәрігері Ғалия Исмаилова (Ф. Шәріпова) – мейірбан жан. Прокурор Ескендір (А. Әшімов) – заң адамы. Жедел жәрдем шақыртуына бұзылған көлікпен шығып, мас адамды қаққан шофер Медведев (Л. Чубаров) – ар-ождан адамы. Енді бір эпизодтық кейіпкер – Ғалияның бұрынғы күйеуі (В. Сошальский) – өмірден жалыққан адам. «Жол қиылысында» аталған кейіпкерлер арасында адамгершілік, философиялық тұрғыда пікірталас өрбиді.

 

1964 жылы түсірілген «Алдар көсе» фильмінде Ш. Айманов ерекше үш қырынан танылды. Яғни, сценарий авторы, қоюшы-режиссер, және басты рөлді сомдаған актер. Автордың бұл жұмысына кинематография басшылығы мен баспасөз оң сыңай танытты. Алдардың фильмдегі билік басындағылармен тайталасқан монологын тыңдасаңыз, бұл, шын мәнінде Шәкен Аймановтың ішкі толқыныстары мен жай-күйі екенін ұғасыз.

«Тақиялы періште» кинокомедиясында (1968) әсем Алматының көркем келбетін, сәулет туындыларын, сүйкімді, көңілді адамдарын көреміз. Режиссер қала көріністеріне көп мән береді. Фильм операторы – Марк Берековия. Режиссердың басты және эпизодтық рөлдерге актер таңдауда ерекше талғамы, қабілеті бар екенін көрсетті.

Әмина Өмірзақова бұған дейін А. Карповтың «Ана туралы жыр» фильмінде сауатсыз пошташының драмалық рөлі сомдап шыққан болатын. Ол ауылдастарына қара қағаз әкелуге, қаралы хабарды жеткізуге мәжбүр еді. Ал «Тақиялы періште» фильмінде ғажайып комедиялық актриса екенін көрсетті.

Фильмнің актерлік ансамблі мінсіз. Барлық кейіпкерлер, тіпті, эпизодтағы кейіпкерлер де шынайылығымен тартымды. Мұнда Шәкен Аймановтың режиссерлық шеберлігі әлемдік кино майталмандардың кәсіпқойлығымен пара-пар.

 

«Тақиялы періште» фильмінде шеше өзінің аналық борышын орындап, ұлын үйлендірген соң, өзінің туған ауылына қайтпақшы болады. Жалпы, Айманов фильмдеріне ортақ негізгі ерекшелік – туған өлкеге, қарапайым адамдарға деген шынайы махаббат көріністері «Тақиялы періште» фильмінен де аңғарылады.

Шәкен Аймановтың көрермендерімен рухани байланысы үзілген жоқ. Оның фильмдері өзі сүйген Отанына әлі де қызмет етіп келеді. Ер есімі ел есінде.

 

Материал өнертанушы К. Сиранов, Б. Нөгербек еңбектері негізінде әзірленді.

Ая Өміртай
Бөлісу: