Ым-ишара тілі - кейде мың сөзден өткір, кейде бүкіл өмірдің жүгін көтеретін үнсіз әңгіме. Сол үнсіздіктің ар жағында жатқан әлемді сахнаға шығарып, музыкаға айналдырып жүрген маман – сурдоаудармашы Айдана Жапарова. Оның қол қимылы - әннің жүрек соғысын, бет-әлпетінің өзгерісі - әуеннің тербелісін, ал ішкі сезімі - бүтін бір адамдардың мәдени кеңістікке ене алу мүмкіндігін білдіреді. 19 жасында арбаға таңылып, әкесінен айырылып, өмірмен бетпе-бет қалған қыздың бүгін мыңдаған көрерменнің алдында әнді «көрсетіп», эмоцияны «сөйлетіп» тұруы - жай еңбек емес, қайсарлықтың шынайы тарихы.
Ым-ишара тілі бұрын көбіне білім беру мен әлеуметтік қызмет саласының құралы деп қаралатын. Ал қазір ол өнер сахнасында да жаңа тыныс алып, музыкамен үндес жаңа форманы тудырып келеді. Соның айқын мысалы – ірі музыкалық фестивальде поп-хиттерді тікелей ым-ишарамен аударып, мыңдаған көрерменді таңғалдырған қазақстандық маман Айдана Жапарова. Бірнеше минуттық видео әлеуметтік желіде тез таралып, көп адамға бұрын байқалмаған жаңа өнер түрін көрсетті. Біз Айданамен сөйлескенде оның бұл жолға қалай келгенін, музыканың неге ым-ишараға дәл сондай үйлесіп кететінін және концерттердің баршаға бірдей қолжетімді болуы үшін не жетіспейтінін сұрадық.
El.kz: Айдана, музыкалық ым-ишара аудармасына алғаш қалай келдіңіз?
Айдана Жапарова: Craig David-тің әнін аударған сәтім тарап кеткенде, шынымды айтсам, күтпедім. Бірақ бұл оқиға ештеңенің аяқ астынан болмағанын түсіндім - бәрі әлдеқайда бұрын басталды. Мен естімейтін ата-ананың отбасында өстім. Сол себепті ым-ишара тілі – мен үшін жай құрал емес, ана тілімнің бір бөлігі. Музыкаға да бала кезден жақынмын. Мектепте ән тыңдасам болды, басымның ішінде автоматты түрде «ым-ишаралық визуализация» пайда болатын. Үйде әпкем екеуміз музыканы барынша қатты қойып билейтінбіз, ал жанымызда отырған анама мен ойланбай-ақ әнді ым-ишарамен «аударып» беріп жататынмын. Сол сәттерден бастап бұл менің ең табиғи әрекетіме айналды: мен үшін әуен естілсе болғаны - оның қолмен «айтылатын» нұсқасы да бірге туады.
El.kz: Музыканы ым-ишара тіліне аудару қаншалықты күрделі? Әнді «көрсету» - бөлек өнер сияқты…
Айдана Жапарова: Иә, бұл жай мәтінді аудару емес. Ым-ишара тілі – эмоцияның, ритмнің, энергияның, кейде тіпті драматургияның тілі. Әннің тек сөзін емес, оның атмосферасын жеткізу керек: қай жері нәзік, қай жері қатты, қай жерінде шиеленіс бар, ал қай жерінде жеңілдік болуы тиіс - бәрін дәл беру маңызды. Кей музыкаларда тек ишарамен шектелмейсің: бүкіл дене қимылы, пластика, тіпті дем алуың да әуенге бағынады. Музыка тек құлақпен естілмейді - ол дене арқылы сезіледі. Сол сезімді естімейтін адамға жеткізу - менің жұмысымның ең қиын, бірақ ең сүйікті тұсы.
El.kz: Концерттерді естімейтін адамдар үшін толық қолжетімді етуге не кедергі?
Айдана Жапарова: Ең басты мәселе - түсініктің болмауы. Көп ұйымдастырушылар ым-ишара аудармасының қаншалықты маңызды екенін әлі білмейді. Кейде «естімейтіндер концертке келмейді» деген сөз естимін. Бірақ мәселе олардың келмеуінде емес - жағдай жасалмағанында. Егер фестивальдерде ым-ишара аудармасы тұрақты түрде енгізілсе, арнайы аймақтар жасалса, вибрациялық құрылғылар қосылса - естімейтін көрермендер мәдени өмірдің белсенді бөлігіне айналар еді. Бұл - тек қолдау емес, мәдени теңдік.
El.kz: Кейбір адамдар «музыканы естімейтіндерге не қажет?» деп пікір жазғанын көрдік. Бұл сұраққа не айтар едіңіз?
Айдана Жапарова: Музыка - тек дыбыс емес. Музыка - эмоция, темп, қозғалыс, жарық, атмосфера. Естімейтіндер де мұның бәрін сезіне алады. Олар ырғақты тері арқылы қабылдайды, визуалды динамикаға назар аударады, сахнадағы энергияны көреді. Менің міндетім - осы сезімдерді толыққанды жеткізу, өнерді барлығына ортақ ету. Концерттің атмосферасы, сахнаның энергетикасы, бір орында мыңдаған адаммен бірге болу - бұл эмоциядан ешкім шет қалмауы керек. Ым-ишара тілі дәл осы сәттерді теңестіретін құрал.
Айтсам, бәрі кездейсоқтық сияқты көрінеді, бірақ олардың әрқайсысы бір-бірімен байланысып, мені осы сахнаға алып келді. Бірінші қадам - «Банд’Эрос» тобының солисі Александр Устьянцевпен танысу. Бір жыл бұрын басқа фестивальде бірге видео түсіріп, келесі жолы олардың өнерін ым-ишарамен сүйемелдеуге ұсыныс жасағанмын. Олар келісіп, ұйымдастырушылармен байланыстырды.
Бастапқы ойым - тек солардың әндерін аудару болатын. Бірақ фестке аз уақыт қалғанда Астанада өткен бір шарада әнші Батырхан Маликов және оның менеджері Асанәлімен таныстым. Бірге жұмыс істеп көрдік, бәрі мінсіз өтті. Сол кезде ойланбастан ұсыныс жасадым: «Келесі іс-шарада сіздің әндеріңізді де ым-ишарамен жеткізіп көрейін». Ұйымдастырушылар бұл идеяны бірден қабылдады. Осылайша мен фестивальде «Банд’Эрос», Сadriddin және Батырхан Маликовтың музыкаларын аударып тұрған болдым. Ал фест алдында күтпеген тағы бір ұсыныс келді - Craig David-тің де performance-ін аудару.
El.kz: Craig David - әлемдік деңгейдегі есім. Бұл сәт сіз үшін қандай болды?
Айдана Жапарова: Мен ойланбастан келістім. Өйткені бұл - бала күнгі арманым. Дайындалуға бар болғаны үш күн болды, бірақ соған қарамастан Insomnia әнін толық зерттеп, мәтінін терең түсініп, ритмін ым-ишараға бейімдеп үлгердім. Сахнаға шыққан сәт - өмірімдегі ең есте қалар эпизодтардың бірі. Craig David-тің әндерін мектепте тыңдап өстім. Бір кезде құлаққаппен тыңдап жүрген сол адам бүгін менің жанымда тұр, ал мен оның әнін қолыммен айтып тұрмын. Экранда менің қимылым, эмоциям көрінеді. Сол сәтте ішімде жарылып кеткен қуаныш болды: «Бұл шын ба? Шынымен менің өмірімде болып жатыр ма?» деген ойдан ары алмадым. Бұл - таза, мөлдір бақыт.
«Арбадағы жылдар мені қайта тәрбиеледі»
19 жасымда мен сал болып қалдым. Қазір сол кезеңді еске түсірсем, өз басымнан өткенімен әлі де сену қиын. Өйткені уақыт өте тез өтіп кетті. Міне, арада 11 жыл өтті. Бірақ арбада отырған кездерімді елестету өзіме әлі ауыр, ал сол кездегі сезімдер - әлі де жадымда өте анық.
Сол уақытта мен адамдардың аяқтарына, жүрісіне, қадамдарына ерекше назар аударатынмын. Жүріп бара жатқан, жүгіріп, секіріп жүрген адамдарға ұзақ қарап отыратынмын. Бұл - миым «жүргенді» ұмытпасын деген ішкі қорқыныш еді. Сол кезең мен үшін өмірді түбегейлі қайта қарауға мәжбүр еткен үлкен сабақ болды. Өйткені дәл сол шақта мен әлі жасөспірім едім, дүниеге деген көзқарасым басқаша болатын. Кейін түсіндім: бұл сынақ менің өмірімді қайта түзеп, не дұрыс, не бұрыс, кім жақын, кім шын қолдау көрсете алатынын ұғындыру үшін келген екен.
Әрине, сол ауыр кезеңнің салдары әлі де бар. 11 жыл өтсе де бұрынғыдай жүре алмаймын: биік өкше аяқ-киім кимеймін, жүгіре алмаймын, секіре алмаймын, баспалдақпен жүру - әлі күнге дейін қиын. Бірақ өз аяғыммен жүрудің өзі - үлкен бақыт екенін жақсы білемін. Сол үшін тағдырға риза боламын.
Ең қиын сәт - әкемізден айырылған күн болды. Ол сырқатынан көз жұмды. Сол кезде бүкіл әлемнің салмағы кішкентай иығыма түскендей болды. Әкем естуінде ақауы болса да, өзі сөйлеп, өзі жазып, өзі талай дүниені шеше алатын жан еді. Бізді өзімен бірге сирек алып жүретін. Ал ол кеткен соң анам жалғыз қалды да, мені қасына ертіп жүруге мәжбүр болды. Сол күндері мен бірден есейіп кеттім - жауапкершілікті ойламайтын жас қыз бір сәтте үлкен өмірдің ортасында тұрғанын сезінді.
Бірақ барлық қиындықтың арасында жүректе жылы естеліктер де көп. Біздің үйде үшеуміз едік: анам, әпкем және мен. Әкем бізді - үш қызын - ерекше еркелететін. Әсіресе 8 наурыз мерекесін біз асыға күтетінбіз. Себебі әкем міндетті түрде сыйлық алып келеді, ал анам жайылған дастарханмен қарсы алады. Сол күндердің жылуы бүгінге дейін жанымды жарық етіп тұрады. Әкемнің бізге деген мейірімі, сол үйдің жылуы - ең қымбат естеліктерім.
Музыка мен ым-ишараның көрінбейтін көпірі
Айдананың айтуынша, бүгінгі естімейтін немесе естуінде ақауы бар жастар - бұрынғыдай тұйық емес, керісінше белсенді, ойы озық, қызығушылығы кең буын. Олар музыкаға да, спортқа да, шығармашылыққа да құштар.
Қазіргі жастар өте сауатты, өте ынталы. Бұрынғыдай шектеулі ортада емес. Бүгінде олардың шамамен 70 пайызы есту аппаратын тағады. Демек, музыканы естиді. Кейде тек сөзін қалт жіберіп алады немесе бірден түсіне алмайды. Сол жерде біз, ым-ишара тілінің аудармашылары, керек боламыз, - дейді Айдана.
Ым-ишара тілінде әнді аудару - бұл тек мәтінді қимылмен қайталау емес. Бұл - композицияның жан-дүниесін, эмоциялық палитрасын, драматургиясын жеткізу.
Қазақстанда әлі ресми қазақ ым-ишара тілі жоқ. Сондықтан қазақша әндерді алдымен ойымда орысшаға аударамын. Содан кейін барып ым-ишара нұсқасын жасаймын. Бірақ эмоция жоғалмауы үшін әр детальді сақтауға тырысамын. Ән қазақша естіледі, санамда орысша сөйлейді, ал қолыммен ым-ишара жасаймын - бұл өте күрделі процесс, - дейді ол.
Айдананың айтуынша, мұндай «қосарлы аударма» адамның бар назарын, бүкіл энергетикасын талап етеді.
Бұл жай аударма емес: мимика, пластика, ырғақтың өзі өзгеше. Әнді аударғанда сен оны көрсетпейсің - сезінесің. Оны бойыңнан өткізіп шығарасың. Қолдарыңмен ән айтып тұрғандай күй кешесің. Эмоция, көңіл күй, энергия - бәрі бір арнада тоғысуы керек, - дейді ол.
Айдана өзінің ым-ишара аудармасымен жұмыс істегенде жиі кедергілерге тап болатынын жасырмайды. Ол мәдени орта мен ұйымдастырушылардың назар аударуын қалайды.
Үлкен іс-шаралар мен фестивальдердің ұйымдастырушыларына арнайы өтініш айтамын: есту қабілеті бұзылған жастарға жеңілдіктер енгізіңіздер. Бұл шараларға көбіне студенттер, жас мамандар келеді. Олардың табысы тұрақты емес. Бірақ мәдени өмірге араласуды бәрінен қатты қалайды. Бұл - олардың қоғамға толық кірігуіне жасалған маңызды қадам, - дейді Айдана.
Ол жақында бір фестивальде болған жайсыз жағдайды мысалға келтірді.
Ым-ишара аудармасы тек бір экранда, ол да анда-санда ғана қосылып тұрды. Естімейтін көрермен сахнаның бір жағында тұрды, ал экран - мүлде басқа жақта. Бұл дұрыс емес. Аударма әрдайым көрінетін жерде болуы тиіс. Ең кемі - екі экранда. Жақында өткен фестивальда алғаш рет менімен бірге басқа аудармашылар да болды: олар жүргізушілердің сөзін, артисттердің репликаларын сүйемелдеді. Бұл - өте жақсы қадам. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, - дейді ол.
Айдана осы еңбектің салмағы мен құнын көп адамның түсіне бермейтінін атап өтті.
Бір адам барлық контентті аударып шығуы - физикалық тұрғыдан өте ауыр. Мен әрдайым тегін шығамын. Бар сұрайтыным - өз отбасым мен естуінде ақауы бар балаларға билеттер. Бұл - үлкен жұмыс, үлкен жауапкершілік. Бізді естіп, түсінсе екен деймін, - дейді ол.
Сөзінің соңында Айдана бұл бағыттың болашағына сеніммен қарайтынын айтты.
Мен сахнаға шыққан әр әртіске, ым-ишара аудармасын қолдаған әр ұйымдастырушыға ризамын. Бір күні мұның бәрі мәдениетіміздің стандартты бөлігіне айналады. Барлық ірі концерттерде, фестивальдерде ым-ишара аудармасы міндетті түрде болады деп сенемін, - дейді Айдана.
Айдана үшін ым-ишара аудармасы - тек сахналық жұмыс емес, тек мамандық та емес. Бұл - өмірлік миссия. Ол өзіне ғана емес, өзімен тағдырлас мыңдаған жандарға жол ашуға тырысып жүр. Сол себепті оның болашақ жайлы айтқан әр сөзі - жоспар, ал әр арманы - қоғамды өзгертетін қадам.
Менің ең үлкен арманым - үлкен концерттерді жеке емес, толыққанды кәсіби командамен аудару. Бұл өте маңызды нәрсе. Бір маман жүргізушілердің сөзін сүйемелдейді, кем дегенде үш маман әртістердің өнерін аударады. Сонда ғана сахнадағы әр эмоция, әр ырғақ, әр деталь жоғалмайды. Шынайы сапалы аударма деген осы, - дейді Айдана.
Оның сөзін тыңдай отырып түсінесің: бұл қыз үшін өнерді «аудару» - механикалық әрекет емес, мәдениетті теңестіру миссиясы. Көп адам үшін қарапайым концерт - көңіл көтеру. Ал естімейтін қауым үшін ол - қоғамға кірігудің, «мен де осындамын» деген сезімнің символы.
Айдана үшін театр - жай ғана жұмыс орны емес, екі түрлі әлемнің түйісетін жері. Бір жағында – дыбысы бар, интонациясы бар, эмоцияны сөзбен жеткізетін актерлер. Екінші жағында – үнсіздіктің ішінде өмір сүретін көрермен. Осы екі дүниені бір сахнада теңестіру - Айдананың күнделікті миссиясы.
Театрда ең маңыздысы - көрерменді эмоцияға алып келу. Естімейтін адамның спектакльді толық түсінгенін көру - мен үшін ең үлкен марапат. Өйткені ол тек сюжетке емес, сезімге кірді деген сөз. Әсіресе қойылым аяқталған соң олардың маған қарап басын изеп, «түсіндім» деген белгіні көрсетуі - менің бүкіл еңбегімді ақтайтын сәт, - дейді Айдана.
Театрдағы әр қойылымнан кейін ол өзін режиссер немесе актер секілді сезінеді. Себебі ол сахнадағы әрекетті тек көрсетіп қана қоймайды - оны қайта жасайды, қайта сезінеді, қайта тудырады. Инклюзивті қойылымдарға келген естімейтін көрермендер Айданаға сахнадан кейін жиі жақындап, өз әсерін бөліседі. Біреу жылап тұрып алғыс айтады, біреу қойылымды бірінші рет толық түсінгенін айтады, ал кейбірі тіпті театрға келмей жүрген себептерін жасырмайды.
Көп адам маған: «Бұрын театрға келмейтінмін, ештеңе түсінбеймін деп ойлайтынмын. Қазір келгім келе береді» дейді. Бұл сөз - мен үшін ең үлкен мотивация. Демек, мен олардың мәдени кеңістікке кіруіне жол ашып отырмын. Театрдың есігі - бәріне ортақ екенін сезіндіру - менің алдымдағы ең үлкен міндет, - дейді ол.
Естімейтін көрермендер көбіне сахнадағы визуалды сәттерге қатты мән береді. Айдана олардың назарын ұстап тұру үшін әр ишарасын дәл, анық, эмоцияға бай етіп жасайды.
Көрермен менің қолыма қарайды. Қолым түсіндіріп қана қоймай - сездіруі керек. Сол себепті ұсақ детальдың бәрі маңызды. Бір секундтық кідіріс, кішкентай мимика, саусақтың аз ғана дірілі - бәрі образды ашады, - дейді Айдана.
«Мен бір қойылымда бірнеше рөл атқарамын»
Инклюзивті театрда Айдананың міндеті тек аударма емес. Ол өйткені спектакльді тек сырттан бақыламайды, оның ішіне толық енеді. Қойылым алдында - ол гримёр. Репетицияда - ассистент. Сахна кезінде - аудармашы. Ал көрерменге келгенде - эмоцияны жеткізуші көпір.
Бізде актерлердің кейбіріне грим жасау керек болады. Мысалы, соңғы спектакльде мен «қарға» образын өзім дайындадым. Сахна сыртында жұмысымды бітіріп, екі минуттың ішінде өзіме грим жасап, сахнаға жүгіріп шығамын. Бұл процеске үйреніп қалдым, - дейді ол күліп.
Айдананың сахнадағы қарқыны - актердің темпіне тәуелді. Егер сахнадағы эмоция күрт өзгерсе, оның қимылы да бірге өзгереді. Сондықтан ол қойылым кезінде ешқашан бос ойға алаңдамайды.
Театрда әр секунд бағалы. Актер бір ысқырып өтсе де, көрермен оны сезінуі керек. Мен сол сигналды қолыммен жеткізушімін. Бұл - жауапкершілігі үлкен жұмыс, - дейді ол.
Айдана үшін қойылымның ең шарықтау сәті - соңғы сцена емес. Ол - көрерменнің реакциясы. Әсіресе естімейтін адамдардың.
Қойылым біткен соң олардың көзіндегі әсерді көру - ерекше сезім. Біреуі сахна алдында тұрып: «Мен бәрін түсіндім» деп ишара жасайды. Біреуі кеудесін ұстап, эмоциясын көрсетеді. Бұл - сөзбен жеткізілмейтін байланыс. Сол сәтте театрдың үнсіз де сөйлей алатынын дәлелдейміз, - дейді Айдана.
Осылайша, Айдана үшін әр қойылым - тек жұмыс емес. Бұл - үнсіз адамдарға өнердің толық құқығын қайтару. Бұл - сахнадағы сезімді қол арқылы қайта тірілту. Бұл - театрдың ешқашан үнсіз қалмайтынын дәлелдеу.