Сұрағы жоқ сұхбат. Шерхан Мұртаза

9 Қазан 2018, 16:02 23535

Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

 

Жазушы, Алматы

Байлық өз қолымызда. Бірақ, бүйіріміз неге томпаймайды? Қарнымыз қабырғамызға неге қабысып қалды? Осылай дей бастасаң басшылар ашуланады. Өйткені, олар ел аралап  жүріп өткен жердің бәрі жайнап тұр. Ел тоқ, киім көп, жұрт тыныш, күнде думан, күнде той. Мұның атын «Потемкин деревнясы» дейді.

Шекспирдың даналығы еске түседі: «Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады». Көк соққанда, біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін.

Қазір мен «Егеменбіз, Тәуелсізбіз» деген шырын сөздерге бұрынғыдай масаттанбайтын болып барамын. Ол­ол ма, азаттық алғанымызға де сенім азайды. Алматыда жүрсем де шетелде жүрген сияқтымын. Қала толы жарнама. Бұрын орысшасы көпте – ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін.

Самайға ақ кіріп еді, мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып қастың бір талы да ағарыпты. Сөйте-сөйте... Сүйек те ағарады-ау...

Уақытты жылға, айға, сағатқа, минөтке, секөндке, ғасырға бөліп жүрген адамдар ғой. Уақыт – мәңгілік. Мәңгілік басталмайды да, аяқталмайды да.

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат.

«Жер-Ана» деген ұлы ұғым орыстарда да бар. Бірақ сөйте тұра, сол Ананы бағындырамыз! — деді. Есінде ме сол ұран? Біздің газеттердің аншлагы, маңдайшасы болатын. Бақандай-бақандай әріптермен терілетін. О заманда — бұ заман, өз Анасын бағындыратын адам бола ма екен?! Сөйтіп, ұлы Анамыздың көйлегі жыртылды, омырауы айғыз-айғыз болды. Жүз жылдық жара түсті.

Біздің кезімізде «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады» деп, ойынға жолатпайтын. Кері насихат жүргізіп, кері тәрбие беретін. Асық ойнасаң, доп ойнасаң, шынығасың дейтін заман жоқ ол кезде.

Әдебиеттің мұраты қай кезеңде де - біреу. Ол - Хақиқатқа қиянат қылмау!

Ваххабизм деген бәле бүйректен сирақ шығарып жүреді, олар маған мүлде ұнамайды. Ондайларды қалай деп айтуға болатынына теңеу, сөз таппай отырмын.

Намысшыл екенім рас мынау тіршіліктің өзінде. Ауыр сөз айтылса, біреу даттап, балағаттап жатса, намыстанатыным рас.

Арамқолды адам еш уақытта журналист болып жарытпайды.

Құдай асықпайды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар.

Көне түрiк сұлтандарының салты: Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады. Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады. Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi.

Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?!

Сонда бұл дүние, өзiң бес-ақ күн қонақ болсаң, несi қызық? Қызық ету, сiрә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетiн болар.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Мадақтасаң да, қарғасаң да Жарық Дүние деген − осы. Жарық Дүниеге ешкім өз еркімен келмейді. Тағдыр айдап келе қалса, оған ата-анасы, жанашыр, жақындары қуанады. Шамасы келсе, тойхана жасайды. Бесік тойы, тұсаукесер тойы, тағы-тағылар өмір бойы жалғасып барып, Жаназамен тәмәм-тауыс болады.

Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді.

Анамның аты Айша еді.

Дінмұхамед Зиядин
Бөлісу: