Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік қолдау жүйесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде жекеменшік мектептер қызметін реттеудің жаңа тетігін жетілдіру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысында бірқатар «сұр схема» анықталғанын алға тартты.
Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары аударылғаны белгілі болды. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, зейнетақы жарналарын аударған жағдайлар анықталған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде, - делінген үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Сондай-ақ кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде 9,6 мың мектептің штат кестесінен тізілімге енгізілмеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталды. Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар. Осыған байланысты тізілімді бірыңғай стандартқа келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Премьер-министр мұндағы өзгерістердің көзге көрінетін нақты нәтижелері болуы қажет екеніне назар аударды, ол тиімсіз шығындарды азайтуға және көмек шараларын азаматтардың нақты мұқтаж санаттары пайдасына қайта бөлуге ықпал етуі керек. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы автоматтандыру және әлеуметтік алаяқтыққа қарсы күрес, оның ішінде «өлі жандарды» жою жұмыстары аясында мемлекеттік бюджетке 299 млрд теңге қайтарылған. Алдағы үш жылда субсидиялау бағдарламасын цифрландыру және өзге де шаралар бюджет қаражатының 135 млрд теңгесін оңтайландыруға әкеледі деп күтілуде.
Жиында білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды.
Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген.
64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсынған болып мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсайтындар туралы сөз болып отыр, - деп қосты.
Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген.
Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.
Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс, - деп атап өтті Олжас Бектенов.