Соңғы жылдары сұлулық индустриясы ерекше қарқынмен дамып келеді. Әлеуметтік желідегі мінсіз бейнелер, фильтрленген келбеттер мен жасанды идеалдар көп адамды бет-әлпетін өзгертуге итермелеуде. Дәл осы кезеңде кәсіби маманды таңдаудың, тері құрылымы мен сұлулық процедуралары туралы дұрыс ақпарат алудың маңызды. El.kz интернет порталының тілшісі косметолог Нарқыз Шахановамен тері күтімі, инъекциялық процедуралар жөнінде сұхбаттасты.
Нарқыз бастапқыда медициналық бағытта білім алып, акушер мамандығын меңгерген. Уақыт өте ол өз бағытын косметологияға бұрды.
Косметологияда тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқанымa бес жыл болды. Қазір өзімнің жеке кабинетім бар, сол жерде клиенттерді қабылдаймын. Медициналық білімім болғанына қарамастан, косметологияға келген кезде қайтадан көп оқуға тура келді. Себебі бұл сала анатомияны да, препаратты да, терінің реакциясын да жақсы білуді талап етеді, – дейді маман.
Жалпы жеңіл курстарға барып, өздерін косметолог деп көрсететіндер бар. Нарқыз бұл мәселеге де тоқталды.
Қысқа курс – өте қауіпті. Бетке кез келген инъекция енгізу үшін бет анатомиясын терең білу міндетті. Қай жерде қан тамыр өтеді, қай бұлшықет қай бағытта жұмыс істейді – соның бәрін білмей жасалған процедура адамға үлкен зиян келтіреді. Сондықтан біліктілікті үнемі арттырып отыру қажет, – дейді ол.
Оның айтуынша, косметология – үздіксіз оқуды талап ететін сала.
Нарқызға басқа мамандардың қателігін түзетуге келетін клиент көп.
Көбінесе клиенттер ботокс дұрыс салынбағаннан кейін қастың немесе қабақтың түсіп кетуіне шағымданып жатады. Кейбіреулер арзан, сапасыз препараттармен жұмыс істегеннен кейін, келушінің бетін күйдіріп алатын жағдайлар да кездеседі. Ал ерінге салынған филлер дұрыс енгізілмесе, ол тері астына жайылып кетеді немесе қатты түйінге айналады. Мұндайда коррекция ұзақ жүреді, – дейді ол.
Бұл жағдай көбіне маманды дұрыс таңдамағаннан орын алады.
Нарқыздың сөзінше, косметологта сертификаттың бар болуы – оның білікті маман екенін көрсетпейді.
Косметологтардың құжатты қолдан жасап алуы да, курс бітірсе де тәжірбиесі болмауы мүмкін. Сол үшін ең алдымен консультация алу міндетті. Кабинетінің тазалығына, препараттардың сапасына, жұмыстарының нәтижесіне, тұтынушылардың пікіріне қарау керек. «Қандай препарат қандай әсер береді, не үшін салынады?» деген сұрақтар қойылуы керек, – деді маман.
Яғни клиент өзі де білікті, саналы болуы тиіс.
Ботокс, филлер, мезотерапия – бүгінде ең көп таралған процедуралар. Бірақ Нарқыз «бәрін бірден, көп мөлшерде салдыруға болмайды» деп ескертеді.
Әр жастың өз ерекшелегі бар. Мысалы, 20 жаста теріге қартаюға қарсы препараттарды салудың қажеті жоқ. Ал 45 жастан кейін терінің тонусы азаяды, сол кезде кейбір процедуралар өте қажет болады. Ең бастысы – теріге және жасқа сәйкес препаратты дұрыс таңдау, – дейді косметолог маман.
Инстаграмдағы үлкейтілген еріндер мен жарқыраған тері көбіне шындыққа жанаспайды. Бірақ кейбір қыз-келіншектер соған қатты қызығады.
Қыздар маған суретпен келіп «осындай ерін жасап беріңізші» деп айтады. Бірақ оның бет өлшемі, асимметриясы, сүйек пішіні мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан дәл сол адам секілді нәтижеге қол жеткізу қиын. Жалпы ерінге тек аз ғана көлем беру жеткілікті – сонда табиғи әрі әдемі көрінеді, – деді ол.
Нарқыз бірінші кезекте күнделікті күтімнің маңызын атап өтеді.
Қыздар кешке жуынбай ұйықтап қалады, ал бұл – акне, постакне, дақтар мен ерте әжімнің негізгі себебі. Тері тірі ағза сияқты – оған күтім керек. Таңертең және кешке бет тазалығына мән беріп, дұрыс күтім жасау маңызды, – деді косметолог.
Сұлулық – тек сыртқы емес, ішкі күймен де байланысты.
Әйел адам ең әуелі өзіне уақыт бөлуі керек. Бізде көбіне күнделікті күйбең тірлік, жұмыс, үй шаруасы, балалардың жағдайы деген сияқты дүниелердің әсерінен стресс жиналады. Ал стресс кезінде ағзада кортизол гормоны бөлінеді. Бұл гормон терінің тез қартаюына, дақтың пайда болуына, әжімдердің тереңдеуіне, беттің құрғап, солғын тартуына алып келеді, – дейді маман.
Оның айтуынша, сұлулықтың негізгі қағидаларының бірі – ішкі жан дүниені тыныштандыру және терінің гигиенасын сақтау.
Күніне кем дегенде бір-екі сағатты өзіңізге арнаңыз. Бір уақыт – тері күтіміне, екінші уақыт – психологиялық тынығуға арналсын. Себебі тері – адамның ішкі күйінің айнасы, – дейді косметолог.
Нарқыз тәжірибесінде көп кездесетін жағдаймен бөлісті.
Мәселен, екі келіншектің жасы бірдей, екеуіне де бірдей процедура жасалады, бірдей препарат салынады. Бірақ нәтижесі әртүрлі.
Егер әйел стресс жағдайында болса, нәтиже тіпті елу пайызға да жетпеуі мүмкін. Өйткені ішкі күйзеліс гормондық фонға әсер етеді, қан айналымын баяулатады. Ал қан дұрыс айналмаса – тері де «тірілмейді». Сондай-ақ кейбір әйелдер кабинетте процедура жасатып алады да, үйдегі күтімді елемейді. Бұл дұрыс емес, – дейді Нарқыз.
Косметологтың айтуынша, сұлулық – тек сыртқы күтім емес. Ішкі күй мен сыртқы күтім бірге үйлескенде ғана нәтиже болады. Әйел адам өзінің жан дүниесін де, сырт келбетін де қатар күткенде ғана шын мәнінде жарқырайды.