Сұлтан Бейбарыстың есімі қазақ даласында әлі де жаңғыра бермек – Дархан Қыдырәлі

24 Ақпан 2023, 20:34 1179

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бейбарыс Сұлтан және оның түркі тарихындағы орны» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осылай деп ойын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Көне заман тарихына үңілсек, Қытай, Үнді, Соғды-Иран, Мысыр, Рим өркениеттерімен бірге иық тіресіп тең дамыған һәм оларға ықпал еткен, мәдениеттерді жалғаған бағзы түркі өркениетін көреміз. Былтыр Өтүкен алқабынан табылған Елтеріс қаған кешеніндегі төрт жазу соның айғағы. Адамзат тарихында төл жазуы болған әрі оны ұланғайыр аймақта қолданған саусақпен санарлық ұлт болса, соның бірі – біздің дана бабаларымыз. Сондықтан олар тек жылқының жалындағы жауынгер жұрт ретінде қарумен қаламды қатар ұстап, ғылым мен мәдениетті дамытып, әлем өркениетіне зор үлес қосты. Оның ішінде даңқты Бейбарыс бабамыздың орны ерекше", - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Министрдің атап өтуінше, Бейбарыс бір жағы Елтеріс қағандар негізін қалаған түркі өркениетін жалғаса, екінші жағынан ислам мәдениетіне қорған болды.

"Батыстан Крест жорықтары үлкен қауіп төндіріп, шығыстан Хулагудың әскері басып кіргенде, одан да бетері, мұсылман әлемінде түрлі діни алауыздықтар туындаған өлара сәтте Бейбарыс қастерлі діннің қорғаны болды. Осы мақсатта ол Ұлық ұлыстың туын желбіреткен айбоз Беркемен одақ құрғаны белгілі. Бейбарыс бабамыздың Мысырда жүріп, тілін, дәстүрін қаншалықты ұлағаттағанын жақсы білеміз. Бейбарыс сарайда тек ана тілінде сөйлегенін тарихшылар, жылнамашылар жазады.

Тарлан тарихқа үңілсек, Түркия дәулеті деп аталатын алғашқы мемлекеттің де іргесін осы баһадүр бабамыздың қалағаны мәлім. Түркия демекші, күні кеше ғана зілзаладан зардап шеккен Хатай қаласында Бейбарыс сұлтаннан мұра боп жеткен мешіт бар еді, жойқын сілкініс кезінде оның да қатты бүлінгенін естідік. Жастайынан жат елге кетсе де, тектілігінен танбай, туған елге деген аңсарын жүрегінде тербеген даңқты қолбасшының есімі қазақ даласында әлі де жаңғыра бермек", - деді министр.

EL.KZ
Бөлісу: