«Судың да сұрауы бар». Су саласындағы реформа қалай жүріп жатыр?

26 Қыркүйек, 15:50 562

Биыл Қазақстан үшін өте ауыр жыл болды. Көктемде еліміздің түкпір-түкпірін тасқын су басып, бұқара халық әбігерге түсті. Тасқыннан келген зардап шаш-етектен. Шүкір, мемлекет үй-жайынан айырылғандарды баспанамен қамтамасыз етіп, келген шығынның өтемі төлеп беріп жатыр. Дегенмен биылғы тасқын су саласына қатысты түбегейлі өзгеріс қажет екенін көрсетіп берді.

Су саласына реформа керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауында Қазақстанның ирригация жүйелері мен су шаруашылығын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударды. Президент су ресурстарын басқарудың маңыздылығын атап өтті.

Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек, - деді мемлекет басшысы.

Елді осындай жағдайларға дайындау қажеттігін баса көрсеткен Тоқаев, су ресурстарын дұрыс сақтау, жинау, және оны ауыл шаруашылығына тиімді пайдалану маңыздылығына назар аударды. Бұл мақсатта гидрологиялық бекеттерді жаңартып, суды үнемдеу технологияларын енгізу керектігін айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында су үнемдеу мәселесі маңызды екенін ескертті.

Қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет, - дейді президент.

Дайындық ерте басталуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су мәселесіне ерекше назар аударуы бекер емес. Мұның бірнеше себебі бар. Биылғы тасқын кешенді өзгеріс қажет екенін көрсетіп берді. Қыста жауған қар көктемде ериді. Бұл табиғаттың бұлжытпас заңы. Сондықтан оған жер-жердегі әкім-қаралар дайын болуға тиіс. Ал көктемгі тасқынға дайындық ақпан айында емес, күзде, тіпті жазда жасалуы қажет. Мәселен, арықтар тазаланып, су қоймалары мен бөгендердің іргесі бекітілуі керек. Судың ағуын баяулататын шөптерді шауып, қамыстарды өртеген жөн. Гидрология бекеттері жөнделуге тиіс. Бұл – атқарылуға тиіс жұмыстың алғашқы қадамы ғана.

Содан кейін еріген қар суын тиімді пайдаланудың әдіс-тәсілдері ескерілуі керек. Мысалы, қарғын суды далаға ағызып жібермей, су қоймалары мен бөгендерді толтыруға бағыттаса, жазғы аптап ыстық кезінде егістікке пайдаланып, дихандардың қажетіне жұмсауға болады. Өкінішке қарай, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығынан еліміздің түкпір-түкпірінде көктемде су тасиды, жазда су жетпейді, күзде шөп өртенеді, қыста қар басып қалады.

Мемлекет басшысының назар аударып отырған келесі мәселесі – суды үнемдеу технологиясын пайдалану. Кей бейресми деректер бойынша, дихандарға бөлінетін судың 40 пайызға жуығы діттеген жерге жетпей, жер астына сіңіп кетеді екен. Соның салдарынан жазда, көкөністер мен егіс қажет етіп тұрғанда су жетпей қалады.

Атқарылған жұмыс аз емес

Осы аптада Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, еліміздегі ахуал жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, тасқын кезінде экономиканың түрі салаларына қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында 12 миллиард текше метрден астам су жиналған. Салыстырып қарап көріңіз. Былтыр су қоймаларынан 13 миллиард текше метр су ағызылған. Биыл бір айда бұл көрсеткіш 36 миллиард текше метрді құрапты.

Бір жағынан су тасқыны елге үлкен шығын әкелгенімен, екінші жағынан су қоймаларын толтырып алуға мүмкіндік берді. Бұл – егер еріген қардың суын тиімді пайдалана білсек, онда шығынға ұшырамай-ақ мәселені реттеуге болатынын көрсетеді.

Министрдің айтуынша, Қаныш Сәтбаев атындағы канал арқылы толтырылатын Астана су қоймасына тасқын суды бұру арқылы екі миллиард теңгеден астам қаражат үнемделген.

«Сондай-ақ тасқын су көптен бері су келмеген жерлерге бағытталып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 миллион текше метр тасқын су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 миллион текше метр су жіберілді. Тарихта алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне су жеткізілді.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 миллиард текше метр су, оның ішінде су тасқыны кезінде 3,3 миллиард текше метр, Каспий теңізіне – 7,4 миллиард текше метр су жіберілді. 2024 жылғы қыркүйек айының басындағы жедел деректерге сәйкес, су қоймалардан ауыл шаруашылығында 8,4 миллиард текше метр, өнеркәсіпте 3,7 миллиард текше метр су пайдаланылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінің су қоймалары 80 пайызға толтырылды,- дейді Нұржан Нұржігітов.

Қарағанды облысының Бұқар-Жырау, Нұра, және Абай аудандарындағы су тасқынынан қорғану шаралары нәтижелі жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ұзындығы 68 шақырымды құрайтын Чкалов және Садовое ауылдары маңындағы Нұра өзенінің учаскелері мен Шерубай-Нұра өзені аумағындағы санациялау жұмыстары аяқталды. Бұл шаралар арқылы секундына 1200 текше метр тасқын суды қауіпсіз өткізу қамтамасыз етілді. Осылайша, елді мекендерді су басудың алдын алып, аймақтағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік жасалды. Бұл жұмыстар елді мекендерге жақын орналасқан су қоймаларының төменгі ағысындағы қауіпті учаскелерде жүзеге асырылып, су деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға ықпал етті.

Қоймалар көбейсе, су қоры да ұлғаяды

Биыл тасыған су келесі жылы да қайталануы мүмкін. Сондықтан «қыстың қамын жаз» ойла емес, «көктемнің қамын жаз» ойла деп айтсақ қателеспейміз. Су және ирригация министрінің деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта 42 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр екен. Келешекте жобалар аяқталған соң 2,6 миллиард текше метр су жинауға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ 37 су қоймасын қайта жөндеуден өткізу жұмыстары пысықталып жатыр. Осылайша, 3,7 миллиард текше метр суды еріген сумен толтырып алуға жағдай жасалмақ. Ведомство басшысы шамамен 14,5 мың шақырым ирригация каналдары салынатынын және жөнделетінін айтады.

Қазір құрылыс жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. Биыл Түркістан облысында екі жаңа су қоймасының – Бәйдібек ата және Қарақуыс – құрылысы басталды. Сонымен қатар үш су қойманы, атап айтқанда Ақтөбе облысындағы Ақтөбе, Түркістан облысындағы Қапшағай және Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймаларын қайта салу жұмыстары қолға алынған.

Министрлік пен өңір әкімдіктері бірлесе отырып, 580 мыңнан астам тұрғыны бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 56 жобаның тізімін жасады. Бұл жобалар барысында су тасқынынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру, жаңарту және қорғау бөгеттерін нығайту жұмыстары жүргізіледі. Қамтылған аймақтар арасында Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бар.

Сонымен қатар Қазсушар филиалдары 34 гидротехникалық құрылыс нысанында жөндеу жұмыстарын бастады. Бұл табиғи апаттардың салдарын жоюға және инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Жөндеу жұмыстары Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында да жүргізіліп жатыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 22 км, ал Шығыс Қазақстан облысында 73 км ұзындықтағы 95 шақырым канал механикаландырылған тазалаудан өтті. Бұл шаралар судың тиімді әрі қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.

Су парадоксы

Дегенмен атқарылған жұмысқа тоқмейілсіп отыруға тағы болмайды. Бұған себеп жеткілікті. Қазір сарапшылар мен мамандар, ғалымдар мен саясаткерлер тіршілік нәрін бағалы қазынаға айналғанын айтып отыр. Осы жерде парадокс туындайды. Жер шарының басым бөлігі, нақтысын айтсақ 71 пайызын су алып жатыр. Сөйте тұра, адамзат ауыз судан таршылық көтеріп отырғаны қалай?

Мұның себебі мынада. Мұхиттар мен теңіздердегі, жалпы төрткүл дүниедегі сулардың 97 пайызы тұзды. Қалған үш пайызы ғана тұщы саналады. Оның өзінде тұщы судың басым бөлігі Антарктида, Арктика секілді мәңгілік мұзды өлке айналған өңірлерде, сондай-ақ тау басындағы мұздықтарда жинақталған. Ал адамзат күнделікті тұтынатын «тіршілік нәрі», егістікті суаратын суы – бәрін қосқанда 1 пайызға да жетпейді. Осыдан-ақ мәселенің мәнісін бағамдай берсеңіз болады.

Енді қараңыз, адамзат жыл сайын кемінде 4,3 триллион шаршы метр тұщы су пайдаланады. Соның басым бөлігі (70 пайыз) негізінен ауыл шаруашылығына жұмсалады. Қалған 19 пайызы өнеркәсіп саласында қолданылса, 11 пайызын күнделікті тұрмысқа кетеді. Бұл пайыздық көрсеткіш бүкіл елге тән қатып қалған мәлімет деп айта алмайсыз. Мемлекеттің дамуына байланысты әрқилы бола береді. Дамыған елдерде тамшылатып суару, суды үнемдеу технологияларының арқасында ауыл шаруашылығына жұмсалатын «тіршілік нәрінің» көлемі айтарлықтай аз.

Мәселен, мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та тұтынылатын судың 40 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылады. Үндістанда, керісінше, бұл көрсеткіш 90 пайызға тең. Қытайда 65 пайызды құрап отыр. Есесіне, АҚШ-та өндіріс саласына судың 37 пайызы қолданылады. Қытайдағы су қорының 22 пайызы өндіріске қажет.

Әлем тапшылықты қатты сезінеді

Ғалымдардың жер-жаһанда су жетіспейтінін айтып дабыл көтергеніне біраз жылдың жүзі болды. Бұған талай мәрте куә да болдық. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасы 2018 жылғы қуаңшылықта әбден қиналды. Елдегі ірі қаланың бірі Кейптаун су дағдарысына ұшырап, жиналған қордың түбі көрінді. Жергілікті басшылар амалсыз суды үнемдеуге шақырып, белгіленген уақытта ғана су жіберді. Сөйтіп қиналып жатқанда көктен жаңбыр жауып, Кейптаун аман қалған. Есесіне ОАР қуаңшылық салдарынан 400 миллион доллар шығынға ұшырады.

Калифорния штаты да кейінгі жылдары бірнеше рет құрғақшылыққа тап келді. Мысалы, 2020 жылы Калифорнияда 2019 жылмен салыстырғанда судың мөлшері 30 пайызға төмендеді. Су тапшылығы ауыл шаруашылығына үлкен әсер етті. «Тіршілік нәрі» жетпегендіктен, 200,000 гектардан астам егістік алқабы күйіп кетті. Мыңдаған фермер қарызға батты.

Мексиканың астанасы Мехико қаласы да жиі су тапшылығына ұшырайды. Шаһарға жыл сайын 40 миллион текше метр су жетіспейді. Қолда бар су қоры қала тұрғындарының 60 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Салдарынан ағынды су ластанып, инфрақұрылым ескіріп, халықтың денсаулығына теріс әсер етіп, экологиялық мәселелерді туындатты. Аустралия 2000-2009 жылдардағы «Үлкен құрғақшылық» кезеңінде су тапшылығын терең сезінді. Елдің ауыл шаруашылығы мен экожүйесіне зиян келтірді. «Жасыл құрлықтың» бірқатар өңірі судың жетіспеушілігінен зардап шегіп, ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеді.

Африка континентінде су тапшылығы өте өткір. Нигерия, Эфиопия және Судан сияқты елдерде таза ауыз суға қол жетімділік шектеулі. Африкадағы көптеген ауылдарда тұрғындар су жеткізу үшін бірнеше шақырым жүруге мәжбүр. Мысалы, Эфиопияда 60 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Египет Ніл өзенінен алатын судың шектеулі болуына байланысты су тапшылығына ара-тұра кезігіп тұрады. Мемлекеттегі судың 90 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Нілдің сарқылуы азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Египет халқының 50 пайызы таза ауыз суды емге таппайды. Су тапшылығы, азық-түлік өнімдерінің өндірісіне, денсаулық сақтау жүйесіне және экономикалық дамуға теріс әсер етеді.

McKinsey-дің мәліметтеріне сәйкес, 2030 жылға қарай әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, ал 2050 жылға қарай 25 пайызға дейін азаюы мүмкін. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, 2050 жылға дейін әлем халқының төрттен бірі су тапшылығын сезінуі ықтимал. Сонымен қатар Әлемдік банк «тіршілік нәрінің» тапшылығы 2050 жылға қарай әлем экономикасының ішкі жалпы өнімінің өсуін 6 пайызға қысқартады деп болжам жасап отыр.

Аптап ыстық өршіп барады

Биылғы жазда Оңтүстік Еуропа елдерінде, әсіресе Испания, Италия және Грецияда температура 45 градусқа дейін көтерілді. Испанияның Андалусия аймағында 2024 жылдың шілде айында рекордтық 47,2 градус Цельсий температурасы тіркелді. Мұндай ыстық ауа райы ауыл шаруашылығына, әсіресе зәйтүн мен жүзім дақылдарына зиян келтіріп, фермерлерге миллиард доллардан астам шығын келтірді.

АҚШ-тың Оңтүстік және Батыс штаттарында, атап айтқанда Техас, Аризона және Калифорнияда, 2024 жылы аптап ыстықтар кеңінен таралды. Техаста ауа температурасы 43 градусқа жетіп, 12 миллионнан астам тұрғын ыстық ауа райы салдарынан қиындықтарға тап болды. Калифорнияда орман өрті де шарықтау шегіне жетіп, 1,5 миллион гектар жерді жойып жіберді. Мыңдаған тұрғын үдере көшті. Индияда биылғы жылы да аптап ыстық қатты сезілді. 2024 жылдың мамыр айында Раджастхан мен Уттар-Прадеш штаттарында температура 49 градусқа жетті.

Мұның басты себебі ретінде ғалымдар жаһандық жылынуды айтып жүр. 2015 жылы әлем елдері Франция астанасы Париж төріне жиналған еді. Сол кезде бүкіл әлем уағдаласып, климаттың өзгеруіне қарсы шара қабылдауға келісті. Сөйтіп, әр мемлекет өзіне міндеттеме алды. Егер шартараптың елдері бұл міндетін орындамаса, жердің ысынуы осы ғасырдың аяғында 1,5 градус Цельсийге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Антарктида мен Арктикада мұздар тонналап ериді де, теңіз деңгейін көтереді. Соның салдарынан жағалау маңында орналасқан қалалар суға кетеді. Мысалы, Лондон мен Нью-Йорк секілді жаһандық қалалардың орнында айдын су ғана қалуы мүмкін. Тіпті, Фиджи, Кирибати секілді арал елдер түгелімен су астында қалуы ықтимал. Сондықтан мұның бәрі суды үнемдеу қажет екенін көрсетіп отыр.

Судың да саясаты бар

Әлемдегі су мәселесін реттеу мақсатында 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы Конвенция қабылданды. Құжат 1996 жылы күшіне енді. Оның негізгі мақсаты – трансшекаралық суларды қорғау, тиімді пайдалану, және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл құқықтық акт мемлекеттерге судың сапасын және көлемін сақтау, экожүйені қорғау, және тұрақты даму принциптерін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді.

Конвенция бірнеше негізгі принципке негізделген. Әлем елдері трансшекаралық ағын сулар мен көлдерді пайдалануда тең құқықтарға ие. Бұл принцип мемлекеттер арасында теңдестірілген ресурстарды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз етеді. Қазақстан бұл құжатты 2000 жылы ратификациялады. Көршілеріміздің арасынан Өзбекстан және Түрікменстан, сондай-ақ Ресей конвенцияға қосылған. Қырғызстан мен Қытай оған қол қойған жоқ.

Қазақстанның су шаруашылығында сегіз негізгі бассейн бар, олар: Арал – Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық – Каспий, Нұра – Сарысу, Тобыл – Торғай және Шу – Талас. Еліміздегі ірі өзендердің көбі шетелден бастау алады. Ертіс пен Іле Қытайдан ағып шығады. Жайық пен Тобыл көршілес Ресейден келеді. Сырдария мен Шу Қырғызстандағы биік шыңдардан басталады. Тек Есіл ғана Қазақстанның меншігінде.

Қытай тарапы Трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға қосылмағандықтан, өзендер мәселесі өзара келісім арқылы реттеледі. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай шекарасын кесіп өтетін ірілі-ұсақты 25 өзен бар екен. Соның ішіндегі ең ірісі Ертіс пен Іленің тағдыры алаңдатады. Өйткені Қытай жағы екі өзеннің бойына қаптатып су қоймаларын салып жатыр. Мысалы, бір Іленің бойында 13 су қоймасы, 59 гидроэнергетикалық қондырғы бар. Салдарынан біздің елге келетін су көлемі есептеулі.

Кей сарапшылар шығыстағы көршіміз Ертіс пен Іле суының 40 пайызын пайдаланатынын есептеп шығыпты. Қытай жағы кейінгі жылдары Шыңжаң-Ұйғыр ауданын дамытуға ден қойып отыр. Жоспар бойынша, 2050 жылы ондағы суармалы жер көлемі 600 мың гектарға жетеді. Егер шығыстағы көршіміз суды осылай беталды өз қажетіне жұмсай берсе, осы ғасырдың ортасында Іленің су қоры 40 пайызға дейін төмендеуі ықтимал.

«Тіршілік нәрі» тапшылыққа айналуы мүмкін

Былтыр Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарының жетіспеушілігі алаңдатарлық жағдай екенін атап өтті. Бұл тұрғыдан алғанда Орталық Азияда су мәселесі күннен күнге күрделеніп бара жатқанына назар аударды.

Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқ­ты­рады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түсе­ді. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қол­дауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз, - деген еді президент.

Бейресми деректерге сүйенсек, әлемде 2040 жылға қарай суға сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстанда да суға тапшылық артпаса, кемімейтіні анық. Дәл қазір елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады екен. Өкінішке қарай, соның жартысынан астамы құмға сіңіп жоқ болады. Кей болжам бойынша, Қазақстан 2050 жылы «суға өте мұқтаж» мемлекеттер қатарына кіруі ықтимал. Демек, ертерек қамданбасақ, бұл қауіп шындыққа айналуы бек мүмкін.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: