Биыл қардың көп болуына және жер бетінің қатып қалуына байланысты су тасу қаупі жоғары, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды, алайда бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ.
«Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдайдың қалыптасуына су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған. Салдарынан Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпеді. Одан бөлек Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды.
«Арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын», — деді Премьер-Министр.
«Қазгидрометтің» болжамында айтылғандай, наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде, бұған дайын болу керек.
Үкімет басшысы «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.
«Қосымша күштер мен құралдар орналасатын жерлерді, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін және ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру үшін қауіпсіз учаскелерді анықтау қажет», - деді Премьер-Министр.