Су тасқынының салдарын жоюға қандай компаниялар демеушілік көрсетіп жатыр

14 Мамыр, 15:47 989

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев су тасқынының қазіргі жағдайы туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Вице-премьердің сөзінше, еліміздің сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып тұр. Ақтөбе облысындағы көлік қатынасынсыз отырған екі елді мекеннің тұрғындары азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Осы аптада Атырау облысында су тасқынының шарықтау шегі болады деп болжанған. Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет су бекеттерінде қауіпті белгілерден асып түсті. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 7 мыңнан астам адам және 1900 бірлік техника, оның ішінде 6 әуе кемесі жұмылдырылды. Оған ТЖМ, полиция, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары тартылып, жеке ұйымдар мен еріктілер қатысуда, — деді Қанат Бозымбаев.

Отырыс барысында вице-премьер су тасқынының салдарын жоюға қатысып жатқан Ақмола облысында Integra Construction және RG Gold пен «Болат Өтемұратов қоры», «BI Group» АҚ және ERG компаниялар тобын ерекше атап өтті.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Astana Motors компаниялар тобы, BI Group АҚ, Jusan банк, «Банк Центр кредит» АҚ, «ҚазАзот» ЖШС және басқалары демеу көрсететін болады. Қостанай облысы бойынша – ADD Capital, ERG, «Аллюр» және «АгромашХолдинг», «Базис-А», сондай-ақ RG Brands компаниялары. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – «Қазақмыс» корпорациясы, Kaspi.kz АҚ, KAZ Minerals тобы өңір үшін демеушілік көмек көрсетуде. Атырау облысындағы су тасқынының салдарын Т. Құлыбаев пен Қ. Рақышев компаниялары есебінен жою жоспарланып отыр, - деді вице-премьер.

Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362 млн теңге сомасында өтемақы алды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: