Су тасқынынан зардап шеккендер көмек алуға өтінішті смартфон арқылы бере алады

16 Сәуір, 11:11 3021

Ақмола облысында су тасқынынан зардап шеккендерге eGov Mobile қосымшасы арқылы көмек алуға өтінім беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, өтінім беру үшін мобильді қосымшаға кіріп, басты бетте «Су тасқынынан зардап шеккендер бойынша жаңа сауалнама» қызметін табу қажет. Ашылған терезеде зардап шеккендер туралы барлық қажетті деректер мен ақпаратты, соның ішінде банктік шотты, байланыс телефонын, оқиғаның мекенжайын, уақытша тұрғын үй мен зардап шеккен мүліктің болуын немесе болмауын, келтірілген залалдың сипаттамасын көрсету қажет. Барлық деректерді толтырғаннан кейін сауалнамаға ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.

«Әлеуметтік көмек» автоматты ақпараттық жүйесі арқылы өтінім оқиға орын алған ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдарға  түседі. Өңделген өтінімдер бойынша зардап шеккен мүлікке көшпелі бағалау жүргізіледі және қажетті қолдау көрсетіледі.

Бағалауды жүргізуді бақылау фото және бейнетүсірілім, сондай-ақ FSM social арнайы мобильді қосымшасы арқылы геофиксациялау арқылы тіркелетін болады, - делінген мәліметте.

Енгізілген тетік барлық мәліметті цифрландыра отырып, төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету процесін толық мониторингілеуге және бақылауға мүмкіндік береді.

Ведомстводағылар сіздің деректеріңізді өзгелер алып қоймас үшін тек eGOV Mobile ресми қосымшасын пайдалануға кеңес береді. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: